«Аққұдық» шаттық сыйлады

Жаңа жылдан әркім жақ-сылық күтіп, үлкен үміт жетегінде жүретіндігі айдан анық. Ал сәби көңілдер үшін аталмыш мерекенің жөні тіптен басқа. Жуырда Алмалы ауылындағы «Аққұдық» кафесінде бүлдіршіндер үшін ұйымдастырылған көңілді кешке қатысқан біз осыны сезіндік.

– Былтыр да балалар құрметіне жасыл шырша жанында арнайы кеш ұйымдастырғанбыз,-дейді Алмалы ауылының тумасы, шараның басты демеушісі Майра Тұрыскелдина. – Сан түрлі ойыншықтар, тәттілер таратылып, кішкентайлардың есін-де айрықша қалған сияқты. Биыл ата-аналар, балалар тарапынан тағы да жаңа жылдық мереке ұйымдастырылса деген өтініштер түскенде періштелердің тілектерін жерге тастай алмадық. Баланың бал-бұл жанған жүзінен, көркем кейіптерінен асқан қуаныш бар ма!

Еліміздің мәдени астанасы – Алматы қаласындағы іргелі жоғары оқу орындарында жарты ғасырға жуық ұстаздық еткен педагогика ғылымдарының докторы, профессор Майра Темірханқызының осынау бастамасы осылайша жақсы дәстүрге ұласқан. Туған жеріне заманауи әлеуметтік нысан салып, тұрғындар игілігіне ұсынған Майра апайларының қолынан 60 мүмкіндігі шектеулі және көп балалы отбасынан шыққан балдырғандар тәттіге толы сыйлықтар алды. Жаңа жылдық кешке сай жиналғандар шырша айнала би билеп, Аяз ата (Ержан Шаймерден) мен Ақшақарға (Ұлзира Тұрсынәлі) өз өнерлерін паш етуге ұмтылды. Әсіресе биші қыз Сезім Дастанқызының әсем қимылдары көпшілік қошаметіне ие болды. Кеш барысында жасөспірімдердің көңіл-күйін музыкант Сәрсенбек Стамбеков әсем әуендермен әрлесе, ұйымдастырушы Гауһар Мейрембаеваның да ерен еңбегін атап өткен жөн.

П.Жеңісхан.

Мәліметпен бөлісу: