Қайырымдылық –жылы жүректен

Қайырымдылық – халқымыздың ең ізгі асыл қасиеттерінің бірі. Халқымыз көмекке мұқтаж адамға көмек көрсетіп, қайырымдылық жасауды, кіріптарға қайыр беріп, мүгедектерді қолдап-қорғауды  әрбір  қайырымды адамның адамгершілік борышы деп есептейді. Өкінішке орай, мейірімділік  пен қайырымдылық сынды қасиеттер барлық адамға тән емес. Мейірімді, бауырмал, көмекке дайын тұратын абзал адамдар – кез келген қоғамның  негізгі тірегі.  Мейірімділік пен қайырымдылық адамға адам болып қалуына көмектеседі. Қалаған жағдайда мұндай лайықты қасиетке кез келген адам ие бола алады.

«Сарқан ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесінде мүгедектер күніне «Қайырымдылық –жылы жүректен» атты акция өткізілді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», демекші Сарқан қаласы бойынша қызмет алатын 24 балаға «Дидар» сауда орталығы жеке кәсіпкер Есенқұл Ғали Бақытжанұлы демеушілік көмек көрсетті.

Қазіргі  уақытта қамқорлық пен қолдауға мұқтаж болған, көңілдерін шер, қабақтарын мұң басқандар әр адамнан  қайырымдылық, алақандарынан жылулық сезімін күтеді.    Қайырымдылық жасап отырған  жеке кәсіпкер Ғали Бақытжанұлы жылдар бойы қол ұшын беріп, демеушілік жасағанына  айтар алғысымыз шексіз. Жүрегіңіздегі мейірім оты жалындай берсін, жақсылық пен қайырымдылық әр баланың жүрегіне қуаныш сыйласын. Балалардың алғысы сіздің отбасыңызға  ақ нұр болып жауылсын, қайырымды жан! – деп мүмкіндігі шектеулі балаларға үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінің әлеуметтік қызметкерлері алғыстарын білдіреді.

Жақсылық жасау – имандылықтың, тәрбиеліктің, парасаттылықтың айқын көрінісі. Ертеңге ұмтылыс –азаматқа тән құбылыс. Ендеше, көп болып, асыл арманына қол созғандарға сүйеніш болып, қолымыздан көмегімізді аямайық!

Әлеуметтік қызметкерлер К.Жанасылова,

Б.Рахымберлина, Т.Диханбаева,  Д.Белесбаева.

Мәліметпен бөлісу: