Айзере алар асу алда

Бүгінгі кейіпкерімізді сөз еткенде мына бір жайт еріксіз еске түседі. Бұдан тура бір жыл бұрын, яғни 2017 жылдың 1 наурызы – Алғыс айту күні «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалында салтанатты шара өткен болатын. Атаулы күнге орай бірқатар түрлі салада белсенділер марапат көріп марқайған еді.

Кезекті бір Алғыс хаттың мәтіні оқылып, спорт саласының (ауыр атлетика) өкілі ортаға шақырылғанда дене бітімі өзгедей ерекшеленбейтін 8-9 жас шамасындағы сары үрпек жасөспірім шыққанда отырғандардың біразының марапаттың шын иесі келмеген болар деп топшылағаны сөзсіз. Марапатты табыстаушы аудандық мәслихаттың депутаты Сәния Елюбаеваның да бір сәт кідіріп барып: – Сен сірә, Ерденқызы Айзеренің жақыны боларсың?! – деген сұрағына – Жоқ, мен Ерденқызы Айзеремін,- деген байсалды жауаптың болғаны әлі есімде. Бір сәттік сенімсіздікті сәлден соң қаршадай қыздың жарқын жетістіктеріне деген шынайы сүйсініс сейілткен болатын.

Сол Айзеремізді жаттығу үстінде көрмегендер оның ауыр атлетикадан өз салмақ дәрежесінде 9 мәрте облыс чемпионы дегенге сірә да сене қоймас. Жақында Үштөбе қаласында жасөспірімдер арасында ауыр атлетикадан өткен облыстық чемпионатынан кейіпкеріміз тағы да І орын иегері атанып қайтты. Жалпы ауыр атлетикада штанга екі тәсілмен жұлқа және серпе көтеріледі. Кейіпкеріміз жұлқа көтеруде 28 келілік зілтемірді өз дегеніне көндірсе, серпу тәсілінде 37 келіні бағындырып қарсыластарын қапы қалдырған болатын. Ақын Сара атындағы 5-ші сыныптың оқушысы Айзере бұл күндері спорт шеберіне үміткер. Жаттықтырушысы Нұрболат Жаманқыздың тәліміндегі жас зілтемірші болашағынан зор үміт күттіреді. Жарқын жетістіктерін табандылықпен ұштай білсе Айзере шығар асу бұдан да биік боларына сеніміміз зор.

П.ЖЕҢІСХАН.

Мәліметпен бөлісу: