Алғыс арқалаған азаматтар

 Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясын­да Қарабөгет ауылына мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар Арынның есімі елге белгілі перзенттері Нұрлан мен Ерлан Арын келіп, жерлестерімен кездесті.

Медицина ғылымының докторы, профессор, хи­рург Нұрлан Мұхтарұлы Қарабөгет ауылдық амбу­латория дәрігерлерімен сұхбаттасып, он сегіз бала­ны тегін сүндетке отырғызды. Ауыл ақсақалы Бекет Әділбеков атамыз жас бүлдіршіндерге батасын берді, жерлестеріне қамқорлық қолын созған ғалым дәрігерге ауыл тұрғындары алғыс жаудырды.

Келесі күні әл-Фараби атындағы орта мектептің мәжіліс залында «Рухани жаңғыру» институтының директоры, профессор Ерлан Арын Елбасының ру­хани жаңғыру бағдарламасы аясында дәріс оқыды. Туған өлкесінің өркендеуіне үлес қосуды басты мақсат тұтатындығын сөзіне арқау еткен Ерлан Мұхтарұлы мектеп кітапханасына құнды кітаптарды сыйға тарт­ты. Сонымен қатар ол жазғы демалыс мезгілінде 15 белсенді оқушы балаларға “Баянауыл” демалыс ор­нына демалуға демеушілік көрсететіндігін жеткізді.

Басқосуды ауыл әкімі Жабайхан Рабиғұлов жүргізіп, туған жеріне ат ізін салған айтулы перзенттерінің білімі мен біліктілігі ел мүддесіне жұмсалатындығын мақтан тұтып, тұрғындар атынан алғыс білдірді.

Ельдар ҚЫДЫРЖАНҰЛЫ,

Қарабөгет БПҰ-ның мүшесі, жастар ісі жөніндегі әдіскер нұсқаушы.

Мәліметпен бөлісу: