Алаш аманаты – ұлттық ұранымыз

Алаш партиясы құрылу арқылы нақты мемлекеттік иденың негізін қалаған біртұтас «Алаш идеясы» – қазақтың мемлекеттік, елдің ұлттық идеясы.

Алаш – халқымызды бесігінде тербетіп, есейіп ат жалын тартып мінгенде бойына күш-қуат және сенім берген ұлттық идея. Осы идеяны кейінгі ұрпаққа насихаттау,зиялыларды ардақтау біздің басты мақсат болып саналады.Сол мақсаттың жүзеге асуы үшін көптеген іс-шаралар жүргізілуде.Ал университет қабырғасында бұл дүниенің пән ретінде оқытылуы өз алдына бөлек әңгіме. Жаңа оқу жылы басталысымен,оқылатын дәрістердің ішінде филология ғылымдарының докторы,профессор Өмірхан Әбдиманұлы мен филология ғылымдарының кандитаты,аға оқытушы Имаханбет Райхан апайдың жетекшілігімен , “А.Байтұрсынұлы және Алаш әдебиеті” атты пән көзіме оттай басылды.Алғашқы дәрістен-ақ бұл пәнге деген қызығушылығым арта түсті.Ұстаздарымыздың біліктілігі мен Алаш әдебиетіне махаббаты бірден сезілді.Қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында өтілген дәрістерден тың мәліметтерге қанық болдық десем артық айтқандық емес.Ұлтымыздың тарихы мен әдебиетінде өшпес із қалдырған Алаш әдебиеті туралы айтар болсақ,бір мақала жетпейді әрине.Дегенмен,осы пән арқылы өзіме ерекше көрінген дүниелермен бөлісуді жөн көрдім.

ХХ ғасырда қазақтың азаматтық тарихында ең ұлы идея қайсы десек, ол – Алаш идеясы деп жауап беруге болады. Бүгінгі тәуелсіздігіміздің негізі де осы идеяда жатыр.Алаштың серкелері – Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқай, Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы, Міржақып Дулатұлы, Халел Ғаббасұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы. Алаш зиялыларының алдыңғы толқыны болып есептелетін осынау тұлғалардың әрбірі мемлекет басқаруға қабілетті еді. Қазақ тарихында Алаш арыстарының орны ерекше. Олар Қазақ елінің сан ғасырлық даму тәжірибесін, салт-дәстүрін төңкерістік әдіспен күрт өзгертуді емес, қайта оларды өркениетті елдердің өмір тәжірибесін ескере отырып, одан әрі дамытуды, білім алып, көппен терезе теңестіруін көздеді. Ең алдымен, қазақтың өз атамекеніне ие болуын мақсат етті. Сол жолда күресті. Сонымен қатар елге демократия, білім-білік алып келу үдерісінің бастауында тұрғандар да – солар болды. Алаш зиялылары – елшілдік пен Отанға адал қызмет етудің рәмізі. Олар – барды көбейтуші, үзілгенді жалғастырушы, жоқты жасаушы. Алаш қозғалысының тарихи негізі Ресей отаршылдығының қазақ жеріндегі аса асқынған кезеңінен басталды десек те, Алаш идеясы одан әлдеқайда бұрын өмірге келіп, күні бүгінге дейін елім, жерім деп ұлт болашағын ойлаған әрбір қазақ жүрегінің терең түкпірінен орын тепкен. Өйткені Алаш қозғалысы қазақ қауымындағы отаршылдыққа қарсы бағытталған, прогреске ұмтылған жалпыхалықтық демократиялық қозғалыс еді. Қазақ халқының үздік білім алған, кең ойлы патриот саңлақтарының пайда болуымен тұңғыш ұлттық Алаш үкіметі құрылып, қазақтың саяси идеясының негізі қаланды. Алаш қозғалысының лидерлері халықтың өзіндік санасын жоғары көтеріп, ұлттық бостандық идеясын ұсынды, қазақ халқының ұлттық мүддесін қорғау бойынша бірізді бағыт ұстанды. Алаш жетекшілерінің ұлт-азаттық ұрандары сол дәуірдің оқыған талапты, талантты жастарын баурап алды. Туған халқының халін сезіп, біліп өскен өрелі жас буын өкілдері ұлт-азаттық қозғалысы қайраткерлерінің идеяларын қолдап, солармен бірге қимыл жасады.

 ХХ ғасырдың басында Президенттік басқарудағы мемлекеттердің әлемде санаулы болғандығын ескерсек, Алаш зиялыларының мемлекет басқару ісінде қаншама озық ойлы, тұрпатты, құқықтық мемлекет құрудың алғышарттарын жасағандықтарына көзіміз жетеді. Қазақстан Республикасында мемлекеттік тетіктер өркениетті елдердің озық тәжірибелерін пайдалана отырып, өтпелі кезеңнің ерекшеліктері мен саяси, ұлттық жағдайларға байланысты қалыптасып құрылды. Алаш зиялыларының қазақ даласында ұлттық идеяны негіздегені жөнінде Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» кітабының «Алаш мұрасы және осы заман» атты тарауында: «XX ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани-зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алды. Олар қоғамның түрлі тарабынан шыққандар әрі ең алдымен дәстүрлі дала ақсүйектерінің өкілдері еді. XX ғасырдың басындағы қазақ қоғамында зиялы қауым қалыптасуының ұрпақтар эстафетасы сияқты сипаты болғанын атап айтқан абзал» дейді. Қазақтың елдігі мен тұтастығын аңсаған Алаш қайраткерлерінің идеясы бүгінде іске асты. ХХ ғасырдың 90-ыншы жылдарының басында тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасы қаланды. Олардың еліміздің тәуелсіздігін ту етіп, ХХ ғасырда Қазақ елін өз алдына дербес те егемен мемлекет ретінде көргісі келген ізгі де жасампаз ниеттері тек ХХ ғасырдың соңында ғана жүзеге асты. Бүгінде  халқымыздың қажырлы еңбегінің арқасында әлеуметтік әл-ауқатымыз артып, инновациялық даму жолына түстік. Ұлт болып ұйысып алдымызға қойған мақсаттарға жетуде қастерлі тәуелсіздіктің құны жолындағы құрбандарын ұмытпай, оларды үлгі ету арқылы күш-қайратқа және рухани бірлікке ие бола аламыз. Алаш ардақтыларының аманатын ұлықтау мақсатында жұдырықтай жұмылып, түрлі маңызды іс-шараларды ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Әрбір ұрпақ қай заманда да өмірді жаңадан бастап кете алмайды, ол өзінен бұрынғыдан қалған мұраның иесі, өзінің тәрбиесімен, қалыптасқан мәдениет, дәстүр, ойлау деңгейімен оған тәуелді. Заманында бар қазақтың қамқорына, сүйенішіне айналған «Алаш» партиясының саяси тұжырымдамасына, алашордашылардың саяси өмір жолы мен қызметіне қарап отырып, сол дәуірдегі саяси, экономикалық, әлеуметтік мәселелердің бүгінгі таңда да өзектілігін жоймағанын байқайсыз. Қазақ халқының азат ел ретіндегі тағдыры, тарихы, мемлекеттік дербестігі, жері мен шекарасы, тілі мен діні туралы мәселелер арада ғасырға жуық уақыт өтсе де, күн тәртібінен түскен жоқ. Алаш арыстарының өмір жолы, өмірбаянын, күрес жолын көрсетудегі басты мақсатымыз – 20 жылда мемлекеттіліктің негізін қаладық. Ендігі мақсат – мемлекетшілдікті, азаматтық сана сезімді орнату. Осы Алаш арыстарының қызметі соған үлгі, соған негіз болады деп ойлаймыз. Қорыта айтқанда, Алаш идеясы – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның да басты идеяларының бірі болуы тиіс. Ал бүкіл қазақ даласын осыдан бір ғасырдай уақыт бұрын Алаш рухына бөлеген ұлы қазақтар аманатының жөні бөлек. Біздің ата рухы алдындағы адалдығымыз бен перзенттік парызымыз Алаштың аманатын санамызға сіңіру, соған лайық еңбек ету, өткенге құрмет көрсету. Ал құрметтің негізгісі – Алаш идеясын ұрпақ бойына сіңіру. Алаштың жолы, Алаш кайраткерлері қалыптастырған ұлттық санамызды жаңғырту сапары – бүгінгі тәуелсіздігімізді тұғырлы етер берік ұстындардың бірегейі болатынын естен шығармағанымыз абзал. Міне, Алаш аманаты ұстанымының бір тарамы осындай. Бұл аманат мәңгілік және қазақ ұлты өмір сүріп тұрған жағдайда күн тәртібінен түспейтін идея болып қалары сөзсіз.

Сымбат Ауханова,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология ж/е әлем тілдері факультеті Қазақ әдебиеті ж/е әдебиет теориясы кафедрасы 3 курс студенті.

Р.Имаханбет,

жетекшісі  Ф.ғ.к., аға оқытушы   

 www.kaznu.kz.

Мәліметпен бөлісу: