Алмақтың да салмағы бар

Атақты француз философы Шарль Луи Монтескье: «Қолында билігі бар адам қылмыс жасауға бейім тұрады және ол тиісті шекке жетпейінше, әрекет жасай береді», – деген екен. XVII-XVIII ғасырда жазылған бұл тұжырымның бүгінгі күнге дейінгі өмір шеңдігіне қоғамда болып жатқан оқиғалар дәлел бола алады. Тіпті жемқорлық фактілері б.з.д 2, 3 мыңжылдықтарда да кездескен.  

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимылды ұйымдастыру ел үшін тағдыршешті мəселе болып табылады. Сол себепті де ең алдымен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жұмысты күшейту керек. Осы орайда өзін елінің патриотымын деп санайтын əрбір азамат өзіне «сыбайлас жемқорлық» туралы көп айтылатынын ескере отырып, осыған менің қатысым жоқ па? – деген сауалды қойып жауабын іздесе, қателігін тауып, оны жойса біраз мəселе өзгерер еді.

Өкінішке орай, біздің елді де бұл мәселе айналып өткен жоқ. Осы орайда адамдардың сыбайлас жемқорлыққа көзқарасын түбегейлі өзгерту маңызды, қоғам үшін күрделі жəне қауіпті проблеманы шешуден ешкім тыс қалмауы қажет. Өйткені оған елдің болашағы ғана емес, əрқайсымыздың тағдырымыз да байланысты.  Мемлекеттік қызмет саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» 2015 жылы 18 қарашада қабылданып жəне 2016 жылдың 1 қаңтарынан қолданысқа енгізілген жаңа заңда қаралған. Бұл заң сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді жəне Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын жүзеге асыруға бағытталған. Осы заңмен мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің қызметін үйлестіретін тиісті уəкілетті орган анықталды. Бұл – мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері, қоғамдық бірлестіктер жəне басқа да жеке жəне заңды тұлғалар болып табылады. Осылайша сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг, сыбайлас жемқорлық тəуекелдерін талдау жəне сыбайлас жемқорлыққа қарсы мəдениетті қалыптастыру сияқты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жаңа институттары енгізілді. Аталған бұл тетіктер сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын тиімді іске асыруға мүмкіндік береді. Енді, осы заңға сəйкес жыл сайын Мемлекет басшысының қарауына сыбайлас жемқорлықтың халықаралық жəне ұлттық деңгейде нақты жай-күйі мен үрдістерін талдау мен бағалау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыру, іске асыру жəне жетілдіру жөніндегі ұсыныстар барысы айтылатын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндама енгізіледі. Сонымен қатар, осы заңға сай қызметкерлердің этикалық нормаларды сақтау талаптары, өз қызметінде жеке мүдделер қақтығысына жол бермеу жағы да қаралды. Мемлекеттік қызметшілердің адамгершілік қасиеттерін арттыру мақсатында Президенттің Жарлығымен Мемлекеттік қызметшілерінің əдеп кодексі жəне Əдеп жөнiндегi уəкiл туралы ереже бекітілді.

Жоғарыда айтылғанның бәрі есеп, ресми ақпараттар және заңдық тұжырымдамалар Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында адами капиталдың сапасын жақсарту жөнінде айтылған. Адами капитал – ол адами құндылық, еңбек адалдығы, басқа да жақсы қасиеттердің жиынтығы. Ал рухани құндылығы басым адамның ешқашан жаман әрекеттерге бармайтыны айтпаса да түсінікті.

Алмақтың да салмағы бар. Жемқорлықтың жемі ас болмай, түбі қорлықта қалатындығын замандастарым білсе деймін. Қорыта айтқанда, алдымен адам боп қалайық, ал заман өздігінен түзеледі.

К.Жакасова,

аудандық соттың кеңсе меңгерушісі.

Мәліметпен бөлісу: