“Алтын бесік” – балдырғандар мекені

Қойлық ауылында мемлекеттік балабақша бар. Соған қарамастан іргелі елді мекенде мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылуды күтіп жүрген балдырғандар аз емес. Осыны ескере отырып ауылда өткен жолы жекеменшік – мемлекеттік серіктестік негізінде балабақша ашылыпты. Алайда жұмысы жүйелі жүре қоймаған балабақшаның жуырда құрылтайшылары да ауысты, атауы да өзгерді.

Кәсіпкер Мейрам Макетовтың қолға алуымен қайта жанданған “Алтын бесік” балабақшасының жұмысын енді Бағдат Болатқызы жүргізетін болады. 50 балаға тағылымды тәрбие беруді мақсат тұтқан балалар мекемесінде бүлдіршіндерге қолайлы жағдай жасалған.

Тәуелсіздік күні қарсаңында қайта жаңғырған “Алтын бесік” салтанатты түрде ашылды. Жиында “Сарқан” газетінің бас редакторы Жомарт Игіман, аудандық білім бөлімінің басшысы Панар Иманғазиева, Алматы облыстық мәслихатының депутаты Жамал Құлахметова сөз алып, ізгі тілектерін ортаға салса, бақшаның лентасын Сарқан ауданының Құрметті азаматы Мейрамғали Қалиасқаров пен Қойлық ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Ермұханбет Жақыпбеков қиды. Жиналғандардың мерекелік көңіл-күйін балдырғандар орындаған әсем әуен мен мың бұралған би көтеріп, ата-аналар балаларына мейлінше қамқорлық танытып отырған жеке меншік балабақша иелеріне – Алтынбала апа бастаған Макетовтар әулетіне ризашылығын ақтарды.

Өз тілшіміз.

Мәліметпен бөлісу: