Ғалым есімі жаңғыртылды

Қоғам және мемлекет қайраткері, саналы ғұмырында рухани ізгі істердің көшбасынан тұлғалық қасиетімен көрінген Мұхтар Арынды туған жері мақтан тұтады.

Жуырда Сарқан ауданындағы Бақалы ауылында күрделі жөндеуден өткен Мәдениет үйінің алдындағы алаңда ғалым-қайраткердің  кеуде мүсіні тұғырға қонды. Туған халқын шынайы жүрегімен, ықылас-ниетімен жақсы көріп, соңында хаты қалған ғалымның есімі қайта жаңғырған күні туған жердің адал перзентінің шапағаты мен шарапаты, тәрбиесі мен тәлімі туралы жүрекжарды лебіздер ақтарылды.

Мұхтар Ғалиұлы Арын 1936 жылы 20-мамырда Бақалы ауылында дүниеге келген. 1995 жылдың 10-қыркүйегінде Ақтөбе педагогикалық институтының ректоры қызметінде жүріп, жүрегі тоқтаған ғалымның денесі туған жерінің топырағына тапсырылған еді. Мұхаңның әкесі Арын Ақсу, Қапал, Бөрлітөбе аудандарындағы оқу-ағарту салаларына басшылық еткен,  37-нің нәубетіне ілігіп, “Халық жауы” деген жаланың құрбаны болған. Анасы Қанипадан   10 жасында айырылған ол әкесінің ағасы Ғалидың бауырында өседі. Мектептен соң Алматы мемлекеттік педагогикалық шет тілдер институтын үздік бітірген жас оқытушылық қызметте қалып, іргелі оқу орнының ректорына дейін көтеріледі. Қоғам жұмысына белсене, білек сыбана араласа жүріп егемен еліміздің тұңғыш Парламентінің депутаты болып сайланады.

Мұхтар Арын ең алдымен ғалым еді. Өзінің негізгі мамандығы филология (оның ішінде германистика) болса да өз бетімен ізденіп, басқа салаларды да оқып-түйіп, тіл мен тарих, философия мен дін, өнер мен әдебиет мәселелеріне қатысты тың пікірлер айтып, батыл болжамдар жасап, соңына мол мұра қалдырды.

Сол күні Бақалы ауылы еліміздің түкпір-түкпірінен келген ғалымдарды, қадірменді меймандарды, Мұхаңның туған-туыстарын, жекжат-жұрағат-тарын қарсы алды. Алдымен меймандар ауылға кіре берістегі жотада мәңгі тыныстап жатқан Мұхтар ағаның кесенесіне ат басын бұрып, құран оқытты. Уақыт санап ауылдық Мәдениет үйінің алаңы жағымды жаңалыққа куә болуға асыққан адамдармен ажарланып сала берді.

Алғашқы құттықтау сөзді алған Сарқан ауданының әкімі Ерғазы Қошанбеков ғалым-қайраткер ескерткішін сомдау Елбасының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласындағы “Туған жер” жобасына сәйкес жүзеге асып отырғандығына тоқталып, аудан әкімшілігі мен аудандық мәслихат шешіміне іс жүзінде қолдау көрсеткен ірі тұлғаның Нұрлан, Ерлан бастаған ұрпақтарына алғыс айтып, Мұхтар Арынның “Бес анығынан” айшықты мысалдар келтірді. Салтанатты шараға Ақтөбе облысынан арнайы келген мемлекет және қоғам қайраткері, академик, профессор, философия ғылымдарының докторы Амангелді Айталының сөзі үзеңгілес ағасына деген қимастық сезімге толы болды. Ол Мұхаңның Ақтөбеде өткізген 12 жыл ішінде өзі басқарған институт, облыс мектептері, “Қазақ тілі” қоғамы аясында атқарған қыруар істерін, қажыр-қайратын тұжырымдап, саралап берді. Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің 12-шақырылымында Мұхтар ағамен бірге депутат болған Мейрамғали Қалиасқаров ғалымның қайраткерлік қырына тоқталса, Мұхаңның өмірлік жары Райхан Бердіқожақызының тебіреністі лебізі жиналғандарды толқытпай қойған жоқ.

Көп ұзамай ескерткіштің ақ жамылғысы серпілді де, Мұхаңның ойлы кескіні көз алдымызда жарқырап көрінді. Жиналғандар әп-сәтте гүлге оранған осы тас мүсіннің авторы, Қазақстан Республикасы Сәулетшілер ода-ғының мүшесі Қадыржан Кәкімовке ризашылықтарын білдірді.

Салтанатты жиын Мәдениет үйінде өткен “Мұхтар Арын: ұстаз, ағартушы, қайраткер” атты ғылыми-практикалық конференцияға ұласты. Профессор, философия ғылымдарының кандидаты Тілеуғажы Есімхановтың модераторлығымен жүргізілген конференцияны Сарқан ауданының әкімі Ерғазы Қошанбеков ашып, Қазақстан Республикасы Президенті кеңсесінің бастығы М.Қасымбековтың, Білім және ғылым Министрі Е.Сағадиевтің, Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлының құттықтау лебіздерін көпшілікке жеткізді. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры Қылышбай Бисенов, “Нұр Отан” партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ержан Байтілес, Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау мемлекеттік университетінің бірінші проректоры Саламат Идирисов, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің бірінші проректоры Арман Акишев облыс әкімдерінің құттықтауларын, жоғарғы оқу орындары ұжымдарының ақ ниетін ортаға салды.

Конференцияда  Мұхтар Ғали-ұлының өмірі мен шығармашылығы, ағартушылығы, қоғамдық қызметі Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры Абылай Мұхамбетжановтың, “Қазақ тілі” Халықаралық қоғамының Вице-президенті Ғарифолла Әнес-тің, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры Мерей Ескендіровтың баяндамаларында жан-жақты көрініс тапты.

Конференцияға жиналғандар бұдан соң Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның өнер шеберлерінің концертін тамашалады. Мұхтар Арынның немерелері Бақалы ауылдық Мәдениет үйіне домбыралар мен ғалым шығармаларын тарту етті.

Түскі астан кейін Алматы облысы командалары арасында көкпардан спорттық жарыс өткізіліп, көрермендер қазақтың ұлттық ойынында шеберліктерімен көзге түскен білекті жігіттерге жанкүйер болды.

 

Өз тілшіміз.

Мәліметпен бөлісу: