Қарабөгеттік майдангерлер

Әлемнің астан-кестеңін шығарып дүрліктірген екінші дүниежүзілік соғыстың біткеніне, міне, 75 жыл толды. Жер бетін мекендеген белді мемлекеттердің 61-і осы жойқын соғыстың ықпалында болыпты.Майдан даласындағы қанды шайқастарға қолына қару ұстауға жарайтын 110 милионнан асқан адам қатысыпты.Тек қана майдан даласында жаумен бетпе-бет болған арпалыстарда 50 миллион адамның өмірі қиылған екен.

Біздің Қарабөгет ауылынан соғысқа 325 адам аттанған. Атап айтқанда Буденный колхозынан 70, Елтай колхозынын 70, Жасұланнан 60, Бастаушы колхозынан 40, Еңбекші колхозынан 30, Жданов колхозынан 25 адам соғыста от кешіпті. Қарабөгет ауылдық Кеңесіне қарасты осы 7 колхоздан аттанғандардың жартысы ауылға аман оралған көрінеді. Ал Жеңістің 60 жылдығына 1 ардагер ғана аман жетті.

Мәмбетбаев Сейсембек Ұлы Жеңістің 60 жылдығына 2 ай жарым қалған уақытта дүниеден 81 жасында өтті. Сейсембек ақсақал 1924 жылы наурызда шаруа отбасында туған. Бақалыдан, Ленин атындағы мектептен 8 сынып бітірген. 1942 жылы желтоқсан айында 1430 артиллерия полкына байланысшы болып қабылданды. Майданға Волоховстрой қаласында кірген ол үш жыл от кешіп, Жеңіс күнін Чехословакияның астанасы Прагада қарсы алды. 1945-1946 ж.ж Карпат тауларында тәртіп,бейбіт өмір орнатуға қатысты.1946 жылдың аяғында Махачкала қаласында қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуге өз үлесін қосты. 3 ұл,7 қыздың әкесі,20 немере,4 шөбере сүйген ақсақал.

Келесі сөз ауылымыздың қадірменді ақсақалы, ардагер-ұстаз    Ғабдуллин Тоқтар Ғабдолдаұлы туралы.Тоқтар аға 1924 жылы Шатырбай ауылында туды.1940 жылы Сарқан қаласында комсомолға өтті.1942 жылы 12 ақпанда әскер қатарына шақырылды. Хабаровск қаласында 499 атқыштар полкіне қатардағы жауынгер болып қабылданданды.Отан соғысының отты күндерін Қиыр шығыста өткеріп,жапон басқыншыларына қарсы операцияларға қатысты… Фуньцянь, Сзямус, Харвин, Чань-Чунь, Мугден қалаларын жапондықтардан азат етуге үлес қосты.

Сзямус қаласы үшін үлкен шайқас болып,теміржол көпірін аман сақтап қалу операциясында жеңіл жарақат алды.Қытайда 1945 жылы қыркүйек айында «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталды.1945 жылы 9 тамызда Қытайдың қаласы Тяньзяньда штабта хатшы қызметін атқарып, аға сержант әскери атағын алды.Соғыстан 1947 жылы мамыр айында оралды да 1947 жылы Лепсі педагогикалық училищесін жедел бітіріп,1947 жылы 16 тамызынан Садовый ауылында ұстаздық қызметін бастады.1948 жылдан 1954 жылға дейін Шатырбай 7 жылдық мектебінің директоры,1954-1957 жылдары сол мектепте мұғалім болды. Шатырбай ауылында мектеп директорлығынан «халық жауының баласы» деген желеумен босаған екен.

Әкесі Ғабдолда Қаржауов Лепсі ауданында (1935 ж.Сарқан, Андреев ауданынан бөлінді) партия қызметін атқарған. «Бастаушы», «Ешкіөлмес», «Ағарту», «Белсенді» колхоздарын ұйымдастыруға қатысып, 1932 жылы партия мектебін бітірген, № 2 ауылда партия ұйымының хатшысы қызметін атқарған.                                                                                                                   Тоқтар Ғабдолдаұлы 1980 жылы «Халық ағарту ісінің үздігі» атағын алды. Аудандық оқу бөлімінде инспектор, 1962-1967 жылдары Антон орта мектебінің, 1967 жылы Қарабөгет орта мектебінің директоры, 1968-1970 жылдары «Қарабөгет» совхозының партия комитетінің хатшысы қызметтерін зор абыроймен атқарды.1990 жылдан бері ауылымыздың соғыс,еңбек ардагерлерінің төрағасы,аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі болды.Тоқтар ақсақал 4 ұл, 2 қыздың әкесі,12 немеренің атасы. Ардагер-ұстаз Ұлы Жеңістің 70 жылдығын көріп кетті.

Жақсыбаев Төлеу Жақсыбайұлы ақсақалмен талай жылдар көрші болдық. Менің анам Мәукенбаева Бикен Ахметбекқызын үлкен қызымыз деп сыйлайтын. Есімде қалғаны өте қарапайым, еңбекқор, шежіре, тарихты, батырлар туралы жыр-дастандарды айтудың шебері еді… Жас кезінде автомобиль жүргізушісі оқуын орыс жігіттерімен иық түйістіріп, Балқаш қаласында бітірген. Ұлы Отан соғысында қоршауда қалған Ленинград қаласына колоннамен жүк тасыған. Сол соғыс жылдары немістерден қолға түскен «Мерседес» жүк көлігін жүргізген.

Осы мәліметтерде ардагерлер-дің бүкіл жүріп өткен саналы өмірі, ерлігі көрініп   түр. Герман және жапон соғысының ардагері Қалиев Аушарип, екі мәрте «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері, ардагер-ұстаз Аязбеков Қабдолда, “Қызыл жұлдыз” орденді Нысанқұлов Тұлымжан, белгілі жазушы Әзілхан Нұршайықовтың майдандасы, ардагер-ұстаз Тілеубаев Рүстембек сынды ақсақалдар көзден кетсе де ұмыт қалмайды.                 

Тлеубаев Рүстембек Ленинград майданында 1941-45 жж. соғысты. 1947-1984 жж. аралығында Жасұлан бастауыш мектебінде, Жданов бастауыш мектебінде және Қарабөгет орта мектебінде мұғалім болып қызмет атқарды. Р. Тлеубаев кезінде партия билетін Мәскеу қаласына, КОКП ОК барып, сол кездегі партиялық бақылау комитетінің төрағасы А.Я.Пельшенің қолынан қайтарып алған. Бұл шаруа сол кездегі екінің бірінің қолынан келмейтін. Қан майданда қаза тапқан батырларымызды, арамызда жүрген ардагерлерімізді ұлық тұту-бүгінгі ұрпақтың борышы.

Аталған ардагерлерден басқа ардагер-ұстаздар Садықов Байғали Садықұлы, Идрисов Валихан Идрисұлы, Тлесов Есім Байтоғайұлы Ұлы Отан соғысына қатысып, абыроймен елге оралып мұғалімдік қызмет атқарды.                                                                                                  Аталған ардагер-ұстаз. Тоқтар Ғабдуллин  менің ұстазым, география пәнінен сабақ берді орыс кластарға. Ардагер-ұстаз,тарих пәнінің мұғалімі Р.Тлеубаев, Т.Ғабдуллинмен   бірге кезінде мен Қарабөгет совхозының А.С.Пушкин атындағы орта мектебінде мұғалімдік қызмет атқардым. Ол да бір өмір мектебі еді.

Мен осы мақаламда Қойлық ауылының тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Ысқақов Берлібек нағашы атам туралы айтып өтсем. Атамыз 1942 жылы әскерге алынды. Ташкент қаласындағы пулеметшілер училищесінде 6 ай оқып, 1943 жылдың аяғында Қара теңіз соғыс флотына түседі.Ол кезде Қырым түбегін немістер жаулап алған. Кейін Қызыл Тулы Тынық мұхит әскери флотына ауыстырылып, Порт Артурды азат етуге қатысады.Осы майданда ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденін өңіріне таққан еді. 1948 жылы елге аман-есен оралып, туған ауылында 40 жыл үздіксіз темірден түйін түйіп ұсталық етті. Ел-жұртының, бала-шағасының, немере-шөберелерінің амандығын тілеп, батасын беріп отырады.                                                                                                              

Өзімнің марқұм анам Мәукенбаева Бижамал тыл ардагері, республикалық «Ақ босаға», облыстық «Жерұйық», аудандық «Сарқан» газеттеріне ҰОС туралы «Ерлігі естен кетпес аналар бар», «Әрқашан күн сөнбесін», «Қарттарым, аман-сау жүрші!», «Ана жесір, бала жетім қалмасын», «Нести сквозь годы» деген тақырыптарда мақала жазып еді әр жылдары.

“-1941-45 жж. кімнің есінен кетер дейсің. Біздің ауыл Энергия колхозынан 10 шақты шақырымдай жерде Заимка деп аталатын. Әр ауылда 20-30 жанұя тұратын. Біз ол кезде 4-5 жастамыз. Аналарымыздың сол кездегі ерліктері сәби біздердің есімізде мәңгі қалыпты.Таңның атысынан күннің батысына дейін жаз болса, қой қырқып, бақша сеуіп, егін суғарып, шөп шабатын, арық тазалайтын. Қыс болса баздың қиын ойып, мал төлдетіп, шөпті ат не өгіз шанамен баздарға таситын.Түнде жіп иіріп, тоқыма, шұлық тоқып беретін. Соғыстағы азаматтарға мойын орағыш тоқып, қолдарына теріден қолғап тігетін. Жаз айында әрбір үйге берілген 25 сотық жерге картоп, көкірез сеуіп алатынбыз. Біздер балалар бақшамызды 2 рет шөптеп, үшінші рет картопты түптейтінбіз. Шешеміз келгенше қап-қап тезек теріп, арқа-арқа құрай, жусан таситынбыз. Қозы-лақтарды көгендеп, қой-ешкіні біздер сауып аламыз. Күндіз қолдары босамайтын аналарымыз, түнде кезек-кезек бақшаларын суғарып, күректеріне сүйеніп тұрып көз шырымын алушы еді. Нанды сирек көрдік. Картоп, жүгері мол болды. Жүгеріден ұн, талқан, талқаннан көже жасайды. Сондағы батыр аналар-Қалиасқарова Зылиқа, Мәукенбаева Қайша, Сарбасова Жаңылған, Саратай, Жәміш Буашева, Несібелді, Қами Буашева, Қарабасова Биғайшалардың еңбектегі ерлік-теріне риза боласың. Біздер балалар,батыр аналарымыздың арқасында аш болғамыз жоқ. Сондағы ел бірлігі, татулығы, адамгершілігі бала біздерге жақсы әсерін қалдырыпты. Өз анам Мәукенбаева Қайша жетеуімізді өсірді де, қызығымызды көре алмай, соғыс кезінде көрген ауыр жұмыс азабынан 53 жаста өмірден өтті. Сол сияқты Қалиасқарова Зылиқа, Несібелді, Рабиға аналарымызда дүниеден ерте кетті. Осы аналар көрген бейнетті қазіргі аналар қөрмесе екен. Аспанымызды бұлт торламасын,өмірде соғыс болмасын.                        Ана жесір, бала жетім қалмасын!”                                                                               Осы мақаланы анам аудандық газетке осыдан 30 жыл бұрын жазған еді.

Қан майданда қаза тапқан батырларымызды,арамызда жүрген ардагерлерімізді ұлық тұту-бүгінгі ұрпақтың борышы.

Байжан Сейітқұл.

Қарабөгет ауылы

Мәліметпен бөлісу: