Ардагерлердің ақ батасы – жастар жылына

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «еліміздің көне салт-дәстүрін жаңғырту арқылы жас ұрпақтың өз тарихын біліп өсуіне, рухы биік тарихына сыйластықпен қарайтын сапалы білімді ұрпақ тәрбиелеу» керектігін тілге тиек еткен болатын.

Міне, Елбасының осы айтқан қағидасын еске ала отырып және биылғы 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауын ескеріп біздер аудандық «Ардагерлер ұйымы» аудандағы барлық мектептерде «Ардагерлердің ақ батасы жастар жылына» деген тақырыпта жоғарғы сынып оқушыларымен, мектептегі жас мамандармен кездесу өткізуді ұйғардық.

Сол кездесудің алғашқысы қаладағы Ы. Алтынсарин атындағы орта мектепте 18 қаңтар күні өтті. Оған аудандық «Ардагерлер ұйымының» төрағасы Жанасбеков Қадыл Тұрысбекұлы, Ы. Алтынсарин атындағы орта мектептің бастауыш «Ардагерлер ұйымының» төрайымы Колубекова Кәукер Салқынбайқызы, «Халық банк» бастауыш «Ардагерлер ұйымының» төрайымы Абдильдаева Разия, мектеп директоры Мусина Айшакүл Жанысбайқызы, мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Қомашбаев Ермек Мұратұлы, жас маман ұстаздар, 8-11 сынып оқушылары, жас маман, психолог Долданова Мадина қатысты. Кездесудің мақсаты жастардың бойына халқымыздың асыл қадыр-қасиеттерін сіңіру, үлкенді сыйлау білуге, өз ата-анасын ұмытпай есте сақтау үшін және салт-дәстүрден нәр алып өсуіне, инабаттылыққа, мейірімділікке, жаман мен жақсыны ажырата білуге, аталы сөзден ғибрат алуға, үлкендерден үлгі алып отыруға тәрбиелеу болды.

Кездесуді мектептің екі оқушысы жүргізді. Олар өз ойларын өлеңмен жеткізгені қуантарлық жайт болды. Мектептің жас маманы Мадина Долданова өз сөзінде «біз үшін «Жастар жылы» ерекше болу керек, бұл жылды біз өзіміздің тәрбиелі, инабатты екенімізді көрсете отырып сабағымызды барынша жақсы оқуға тырысуымыз керек» десе, сөз алған 10 сынып оқушысы Ахмет Ақтілек Елбасымыз бізге зор сенім артып отыр, ендеше Елбасының сенімін ақтауға бар күшімізді аямайық деп тебірене сөйледі. Басқосу арасында өнерлі оқушылар өздерінің таланттарымен отырғандарды таң қалдырды. 9 сынып оқушылары Абиева Айым мен Ақатай Нұрай өздерінің «Ата-әже» әндерімен тебірентсе, 5 сынып оқушысы Берікқызы Толғанай «Анашым қартаймашы» әнін шырқады, 3 сынып оқушысы Сейілхан Алихан «Қазағым-ай» өлеңімен қуандырса, 4 сынып оқушысы Алпысбай Мерей мен 3 сынып оқушысы Сейілхан Алихан қос дауыспен “Батырлар ұраны” әнін шырқады. Облыстық байқаудан І орынға ие болған 10 сынып оқушысы Құрманәлі Жадыра өзінің ұстазы Сәрсенов Әсетпен домбырада «Ерке сылқым» күйін шеберлікпен орындады. Соңында аудандық «Ардагерлер ұйымынан» келген ата-әжелер ақ баталарын берді.

Қ. ЖАНАСБЕКОВ,

аудандық «Ардагерлер ұйымының» төрағасы,

ауданның Құрметті азаматы. 

Мәліметпен бөлісу: