Ардагерлерді ардақтау – абыройлы іс

Екіаша ауылына ат басын бұрған жанның назарын жолайрықтағы ауқымды билборд аударады. Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына орай ілінген билбордта осынау он жылға созылған соғыс куәгерлерінің кескіндері. Жастық шақтарын от пен оққа ораған жергілікті ерлердің есімі арқылы өскелең ұрпақты отансүйгіштікке баулу, ауғандықтарды ардақтау ниетінен туындаған ауыл әкімшілігінің ісі құптарлық шаруа.

Жақында аудандық Ауған локальдық соғыс ардагерлері және мүгедектері ұйымының төрағасы Ерболсын Тоқжігітов бастаған топ аталмыш ауылда болып, ауылдық округ әкімі Мұратбек Естеуовқа  мерейтойлық медалді табыс етті.

– Патриотизм қашанда тәрбие өзегі,-дейді ауыл басшысы Мұратбек Қасымбекұлы – Шекара шебіндегі аймақ болғандықтан шекарашылармен үнемі байланыстамыз. Жастарымыз арнайы шаралар аясында шекара бекеттеріне тұрақты түрде саяхаттап, солдат өмірімен жақын танысады. Өз кезегінде 2484 әскери бөлім қызметкерлері ауылдық мәдениет үйінде тұрғындарға концерттік бағдарлама ұсынып,  байланысты бекемдей түседі. Осындай мүмкіндіктер бұл бағыттағы жұмыстардың жемісті болуына өзіндік оң әсерін тигізуде.

Кешегі ерлерді бүгінгі жасқа үлгі етіп, келешек буынға аманаттау ұрпақтар сабақтастығындағы алтын арқау іспеттес. Ауылдық округтегі ілкімді істер осындай ой түйгізеді.

Өз тілшіміз.

Мәліметпен бөлісу: