«Астана ЭКСПО-2017» көрмесінің миллионыншы келушісі тіркелді


Жуырда ЭКСПО-дағы өткізу пунктерінде орнатылған бейнебақылау камералары мен адам санын есептеуіш құралдар «Астана ЭКСПО-2017» көрмесінің миллионыншы келушісін тіркеді. Ол – Астана қаласының 27 жастағы тұрғыны Гүлжихан Жанабергенова болып шықты. Гүлжиһан Көрмеге жалғыз келмей, жолдасы мен үш жасар қызын ертіп келген екен.
Сондай-ақ, көрменің медиа-орталығына «Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ» АҚ Басқарма Төрағасы Ахметжан Есімов те келді. Ұлттық компанияның басшысы миллионыншы келушімен жүздесіп, оған естелік сыйлықтар мен Көрмеге және Цирк дю Солей қойылымына арналған билеттерді тарту етті. Ахметжан Есімов өз құттықтау сөзінде халықтың Көрмеге деген қызығушылығы күн санап артып келе жатқанын тағы бір мәрте атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, Көрменің тіркеу құжаттамасында ЭКСПО-2017-ге 2 миллион адам келеді және көрме нысандарында жалпы саны 5 миллионға жуық келуші тіркеледі деп жоспарланған еді. Ал, халықаралық павильондарды аралаған келушілердің санын қоссақ, 10 шілдедегі көрсеткішке сәйкес, 5 960 212 адам тіркелген. Көрме кешеніндегі негізгі нысандарға жұртшылық 834 579 рет келген. Бұл ретте 303 007 адам тамашалаған «Нұр Әлем» павильоны көш бастап тұр. Есептеп көрсек, барлық келушілердің шамамен130 мыңы немесе 14 пайызы шетелдік қонақтар.

Мәліметпен бөлісу: