Астанама – 20 жыл

Елбасымыздың ерен еңбегінің жемісі, ерке Есілдің бойында еңсе көтерген Елордамызға азды-көпті 20 жыл толып отыр. Айтулы мерекені тойлау, Астананың мәртебесін асқақтата ұлықтау Қазақияның түкпір-түкпірінде жыл басынан басталып кеткені қашан…

Аталған мерекеге Амангелді ауылдық округінің, оның ішінде Көкөзек ауылының жастары да, волейбол жарысын ұйымдастырып, өздерінің үлкен үйге кішкентай кірпіш боп қаланатындықтарын істерімен дәлелдей түсті. Аудандық ашық турнирге аудан көлемінде барлық ауылдарға хабарландыру берілсе де,  бас-аяғы 6 команда қатысты. Қатысушы командалардың саны аз болғанымен, ойынның сапасы көз қызығарлықтай жоғары деңгейде өтті. Ашылу салтанатында Амангелді ауылдық округі әкімдігінің спорт үйлестірушісі Жарданбек Д, Көкөзек орта мектебінің директоры Етекбаев М, аудандық мәслихаттың депутаты, «Амангелді» БПҰ-ның төрағасы Омаров А, спорт ардагері Досымов С. сөз сөйледі. Спортшыларды Астананың 20 жылдығымен құттықтап, жарыстың өту тәртібін түсіндірді. Тартысты өткен  доп додасында ІІІ орын мен 7000 теңге ақшалай сыйлықты Қарғалы ауылының жастары иеленсе, ІІ орынды және 10 000 теңге сыйлықты Көкөзек-1 командасы алды. Ал турнир жеңімпазы, сондай-ақ 15 000 теңгені Шатырбай ауылының құрамасы жеңіп алды. Жүлдеге ие болған командалардан үш  ойыншыға  ақшалай қосымша сыйлықтар берілді. Аталмыш турнирдің өтуі мен ұйымдастырылуына қаржылай демеушілік білдірген барлық Көкөзек ауылының жастарына алғысымыз шексіз! Осы ниетті жарысқа қатысушы қонақтар мен ауыл тұрғындары да айтты. Қазіргі заманда елім маған не береді? дегеннен гөрі мен еліме не бере аламын? деген сұрақты әрбір қазақстандық өзіне қойса, еліміз «озық отыздыққа» енетін күн алыс емес.

Амангелді Омаров,

 аудандық мәслихат депутаты,

«Амангелді» БПҰ төрағасы.

Мәліметпен бөлісу: