Ғасыр жасаған қариялар

Өткен аптаның соңында аудандық Ардагерлер үйінің мәжіліс залында аудандық ардагерлер ұйымының ІІІ пленумы өтті.

Пленумда ұйымның өткен жылғы және биылғы бірінші тоқсандағы атқарған іс-шаралары мен алда тұрған міндеттері туралы ардагерлер ұйымының  төрағасы Қадыл Жанасбеков баяндама жасап, баяндаманы талқылауға Екіаша ауылдық округіндегі әжелер алқасының төрайымы Нұрсара Исаева, Қойлық ауылдық округіндегі бастауыш ұйымның төрағасы Ермұхан Жақыпбеков, Н.Островский атындағы орта мектеп бастауыш ұйымының төрайымы Раиса Бояринова қатысып, өз пікірлерін ортаға салды. Сол күні пленум құрамына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына игі ықпалын тигізіп жүрген бір топ ардагерлер аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың, “Нұр Отан” партиясы аудандық филиалының Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталды.

Пленумға арнайы келген Алматы облыстық ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары Райхан Серғазинова,  облыстық ардагерлер ұйымының кеңес мүшелері Оралбек Жақиянов, Әбілғазы Райымбеков бұдан соң “Ғасыр жасаған қариялар” атты дастархан басындағы басқосуға қатысып,  аудан әкімі Ерғазы Қошанбековтың ұйымдастыруымен өткен қария-ларды құрметтеудің   кезекті іс-шарасына куә болды.

Сол күні дастархан  төріне жастары жүзден асқан Қапия Ахметова, Жаңылхан Каменова, ғасыр жасқа жақындаған Ұлы Отан соғысының ардагерлері Бердібек Ысқақов, Алексей Федорович Галкин  көрік беріп отырды. Алқалы жиында сөз алған облыстан келген меймандармен қатар Сарқан аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Садуақас Садықов, Сарқан қалалық әжелер алқасының төрайымы Күлшарбан Қалиева және басқалар  еліміздің ертеңі еңселі, келешегі келісті болуы үшін пікір қосып, ойларын ортаға салды.

Соңғы жылдары мемлекет тарапынан еліміздің әлеуметтік саласына көбірек көңіл бөлінуде. Ауыл еңсесі тіктеліп, әлеуметтік нысандар, балабақша, мәдениет үйі, спорт алаңдары салынып,  мектептер жөнделіп, халықтың жағдайы қалыпқа түсіп келеді. Сөз алғандар мемлекет енді маған не береді деп көкке алақан жаймай, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауыл азаматтарының тірлігі, бірлігі бүгін аса қажет екендігін өз сөздеріне арқау етті.

Басқосудың соңында Ерғазы Қошанбекұлы дария кеуде, тау мүсін қарттарымыздың қатары сиремесін, ауыл-анамыздың тамыры тартылмасын, қайнары сарқылмасын деген ізгі ниетпен жиынды қорытындылады.

 

Өз тілшіміз.

 

Мәліметпен бөлісу: