Ата Заң – адам құқығының арқауы

1995 жылдың 30 тамызы ҚР-ның Конституциясы қабылданып, ел тарихында алтын әріппен жазылған уақыт. Бұл Республикамыздың тәуелсіздікке қол жеткеннен бергі екінші Конституциясы.

Тарих үшін 25 жыл қас-қағым сәт. Алайда бұл мемлекет өміріндегі сындарлы жылдар болды. Осы қысқа да болса мазмұнды мерзімде халқымыздың бүгінгісі мен болашағына байланысты қыруар саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени мәселелер оң шешімін тапты.

Ал 1993 жылдың 28-ші қаңтардағы қабылданған тұңғыш Конституция екі жылдай қолданылып, өз әлеуетін тауысқан болатын. Ол одан әрі елімізде болып жатқан экономикалық, саяси және әлеуметтік түбегейлі өзгерістерге бағыт-бағдар бере алмайтындығын көрсетті. Мемлекеттіліктің қалыптасуының алғашқы кезеңінде заңдық тұрғыдан реттеушіліктің рөлін атқара отырып, бұл саяси құқықтық актінің қалай дегенмен де өтпелі сипатта болатынын өмірдің өзі растады.

1993 жылы қабылдаған Конституция – тарихи маңызға ие болғанымен, жаңа мемлектеттік қажеттіліктеріне жауап беретін құқықтық нормалар мен идеяларды тұжырымдаған жоқ. Сондықтан да жаңа конституцияны қабылдау ең өзекті мәселе болып, 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қазіргі қолданыстағы Ата заңымыз – Конституцияны қабылдадық.

Бұл конституция тәуелсіз, демократиялық, зайырлы мемлекет құруға негіз салды, Қазақстан мемлекетін жекелеген бір ұлт емес, бүкіл халықтың саяси ұйымы деп жариялады. Тұңғыш рет адам құқықтары мен бостандықтары және міндеттері нақты түрде жарияланды. Мемлекеттік биліктің бірден бір бастауы – халық болып бекітілді. Республикадағы мемлекеттік билік — заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтары өзара іс-қимыл жасау қағидасына сай жүзеге асырылатын болды. Қазақстан Республикасының Президенті халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін ең жоғарғы лауазымды тұлға болды. Конституцияда Президенттің рөлін биіктеткен, шығыстың және батыстың тәжірибесін ұштастырған президенттік басқару көрсетілді. Сөйтіп, Қазақстан Республикасында басқарудың мықты президенттік жүйесі бекітілді. Жоғары соттың шеңберінде біртұтас жүйе орнықты. Конституциялық Сот сот органы болып табылмайтын Конституциялық Кеңеспен алмастырылды және басқа да мемлекетімізге тиімді оңды өзгерістер орын алды.

Конституциялық реформалардың негізінде мемлекет пен азаматтардың қарым-қатынасында түбегейлі өзгерістер орын алды, еліміздің аяғынан тік тұрып, мемлекетіміздің жүйеленуінде, азаматтардың өмірінде жаңа нарықтық экономикаға бет бұрған сана-сезімнің қалыптасуында маңызды рөл атқаруда. Бұл Конституция қоғамымызда өміршең құжат болып, соның арқасында қоғамдық тұрақтылық нығайды, әлеуметтік экономикалық тұрғыдан алға ұмтылуымыздың құқықтық алғы шарты жасалды.

Дүние жүзіндегі қазіргі озық ойлы қағида жарғыларымен теңдесетін Конституциямыздың қадір – қасиеті әрқайсымыздың азат елімізді сүйіп, кең-байтақ еліміздің өсіп-өркендеуіне жеке үлес қосуымызбен асқақтайтынын шынайы сезінуге қызмет етеді, ал біз елге қызмет етуге тиіспіз.

С.Исабаева,

Сарқан аудандық қазынашылық басқармасының бас маман – бас қазынашысы.

Мәліметпен бөлісу: