Ауғандағы соғыстың куәгерлері

Ақпан айының 15-ші жұлдызы Кеңес әскері Ауғанстан жерінен шығарылған күн ретінде атап өтіледі. Биыл бұл мерзімге 31 жыл. Осынау күні он жылға созылған ауқымды әскери іс-қимылдар кезінде қаза тапқандар еске алынып, тірі куәгерлеріне құрмет көрсетіледі. Мұңды, сағынышқа толы әуендер саналарды тағы бір мәрте сілкіп, жадыдағы сол жылдарды жаңғыртады.

Атаулы күнге орай жақында аудандық орталық кітапханада «Ауғанның отты жалыны» атты дивертисмент кеші өтті. Шараға Ауған соғыс ардагерлері, Nur Otan партиясы аудандық филиалының, аудандық Жастар ресурстық орталығының өкілдері қа-тысты. Келген қонақтар атынан аудандық Ауған локальдық соғыс ардагерлері және мүгедектері ұйымының төрағасы Е.Тоқжігітов сөз сөйлеп, аталмыш күннің маңызына мән берді. Сондай-ақ Ерболсын Тоқтасынұлы құрылғанына 6 жыл толған ұйымның қызметі турасында аз-кем айта келе, жыл санап қатары сиреген ерлерге деген құрметтері үшін ұйымдастырушыларға шексіз ризашылығын білдірді. Шара барысында жиналғандар ұйымдастырушылар тарапынан арнайы әзірленген видеороликті тамашалап, кітапханашылар А.Омарова мен А.Сабитова ардагерлермен сұхбаттасу айдарын өткізді. Ауған асуын-дағы солдаттың туған елге, өскен жерге деген сағынышы аудандық мәдениет үйінің қызметкері А.Нұрмұхаметтің «Жауынгер хаты» атты арнауында айқын өрнек тапса, аудандық мәдениет үйінің тағы бір қызметкері Н.Нұрланұлы «Алға Қазақстан» атты  әнімен кештің көркін аша түсті. Соңында аудандық кітапхананың библиографы Л.Құлымбетова келген қонақтарға алғысын айтып, ізгі тілегін жеткізді.

Өз тілшіміз.

Мәліметпен бөлісу: