Қауіптің құрсауынан шығу мақсатында

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен  коронавирустың таралуының алдын алу жолында республикада төтенше жағдай енгізілгені жұртшылыққа мәлім. Осыған орай Сарқан аудандық мәслихатының депутаттары  аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау басқармасының, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің, аудандық полиция бөлімінің өкілдерімен бірге бірнеше топқа бөлініп, 53 сауда орталықтарына үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.

Жасыратыны жоқ,  сауда орындарының басым бөлігінде маскалық режим сақталмайды. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар тауарларға қойылатын  бағаның  өсімі  20 пайыздан жоғары.  Мұндай бағадағы тұрақсыздықты «Нұр», «Самиға», «Сұңқар» және басқа да дүкендерден  аңғаруға болады. Бұған керісінше “Тұлпар” дүкеніндегі азық-түлік тауарлары бағасын қалыпты  деңгейде ұстап отырған сауда нүктесінің иелеріне тұтынушылар алғысы шексіз.

Сондай-ақ қоғамдық тамақтану орындары санитарлық – гигиеналық құралдармен жабдықталмаған, маскалық режим сақталмайды. Ас мәзіріндегі тағамдар ашық күйінде сақталады. Осындай олқылықтар  «Минутка» кафесі (ЖК Суранчиева), пицерия (ЖК Мухамадиева), «Жетысу» (ЖК «Мухамадиева»)  асханасында  анықталды. Сарқан қаласының шыға берісіндегі «Дияс» асханасында санитарлық – гигиеналық нормалар мүлдем сақталмаған.

Сарқан ауданының автобекетін де халық көп шоғарланғандығына байланысты өте қауіпті нысанға жатқызамыз.  Бақылау жүргізу барысында транзиттық көлік жүргізушілері, әсіресе жеке тұлғаларды тасымалдайтын автокөлік иелері (такси) санитарлық – гигиеналық құралдармен жабдықталмай, маскалық режим сақталмағандығы  анықталды. Осындай олқылықтарға орай  рейдке қатысқандар тарапынан аудандық штабқа  төмендегідей ұсыныстар берілді:

1. Аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы (Оспанова Г.Ж.) анықталған фактілер бойынша санитарлық – эпидемиологиялық бақылау жүргізіп, заң бұзушылық анықталған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тарту жұмыстары күшейтілсін;

2. Сарқан аудандық полиция бөлімі тарапынан (М.Қалиасқаров)  қалааралық жолаушылар тасымалдау көліктерінің, қала ішіндегі маршруттық  жолаушылар тасымалдау көліктерінің және жеке тұлғаларды тасымалдайтын автокөлік иелерінің  (такси) жұмыстары қатаң бақылауға алынсын;

3.Сарқан қаласына келетін  автокөліктерді  бақылау мақсатында санитарлық бақылау бекетін  орналастыру  қарастырылсын.

Міне, осындай ұсыныс төтенше жағдай кезінде жерлестеріміздің  қауіпті құрсаудан аман-есен шығуына игі ықпалын тигізері сөзсіз.

Сания Елюбаева,

аудандық мәслихаттың

депутаты.

Мәліметпен бөлісу: