Ауыл – ел бесігі

Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен ауыл жастарымен өзара байланыс орнату мақсатында Сарқан ауданы Лепсі ауылдық мәжіліс залында «Ауыл – Ел бесігі» атты жиын өткізілді.

Отбасы ошағын өшірмеген, мемлекеттің Тәуелсіздігі, ұрпағымызды тәрбиелеу, отбасы институтын, әр үйде бейбітшілік пен келісімді нығайту мақсатында өткізілген жиынға Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбайұлы, жас отбасылар арасындағы ажырасу мәселелері, оның алдын алу жолдары туралы облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Несіпжамал Баймадиева, «Ана – медиатор» жобасының іске асырылуы туралы Сарқан аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Күлшарбан Қалиева және Достық үйінен, Ескелді, Кербұлақ аудандарынан, Талдықорған қаласы Аналар үйінің төрайымдары қатысты. Сонымен қатар «Айналайын» балалар үйінің қызметкерлері дайындаған «Өнегелі келін» атты сахналық көріністерін көрермендерге тарту етті.

«Ел болу үшін, бесігіңді түзе» – деген кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтың сөзіне ой жүгіртсек, ұлт болашағы сонау бесік тәрбиесімен байланысты екенін жастарға үлгі етті.  Өз кезегінде ана – өз ұрпағын бесіктен бастап тәрбиелейтінін, өмірдің іргетасы солардың қалауымен қаланатынын, құлағына бесік жыры сіңген бала ешқашан ұлтын, тілін, ділін сатпайтынын сөзге тиек етті.

Жиын соңында ауыл әкімі Гүлнар Серікбаева күннің ыстығына, жолдың нашарлығына қарамастан, ауылымызға келіп, өз тәжірибелерімен бөлісіп, жастарға үлгі-өнеге көрсеткендері үшін меймандарға алғысын білдірді. Жиналған ауыл тұрғындары қонақтарға ризашылықтарын білдіріп, қуанышпен тарқасты.

М. Айтова.

Лепсі ауылы.

Мәліметпен бөлісу: