Ауыл шаруашылығы Ынтымақтастық ырысты арттырады

 Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» – Қазақстан Республикасының дамыған мемлекеттердің отыздығына кіру жөніндегі ұлт жоспарының 60-61 қадамдарында сүт және ет өнімдерін өндіру, қайта өңдеуді және экспортқа шығару үшін инвесторларды тарту басты назарға алынған болатын. Елбасының Алматы облысына жасаған сапарында да ауылшаруашылығын дамытуға нақты тапсырмалар берілді.

– Осы тапсырмаларды орындау мақсатында ауданымызда 5 асыл тұқымды ауыл шаруашылық құрылымдары жұмыс жасауда, – аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Нұртілеу Мұқашев. – Атап айтсақ Сарқан қаласындағы «Қазақи ақбас» асыл тұқымды ірі қара малын өсіретін «Арлан» шаруа қожалығында (басшысы Бершімбеков Қайратбек) 512 бас асыл тұқымды ірі қара, оның ішінде 320 бас сиыр бар. Қойлық ауылында орналасқан «Сарқан Агро» ЖШС-нің (басшысы Елдібаев Төрехан)қарамағында 400 бас «Қазақи ақ бас» және 212 бас «Әулиекөл» асыл тұқымды сиырларөз төлдері есебінен көбеюде. Алмалы ауылдық округіндегі «Жабе» асыл тұқымды жылқыларымен айналысатын «Жұмағали» шаруа қожалығында (басшысы Жұмағали Егемен) 370 бас жылқы, оның ішінде 120 бас бие бар. Амангелді ауылдық округіндегі «Еділбай» асыл тұқымды қой өсірумен шұғылданатын «Айдар» шаруа қожалығының (басшысы Барлыбаев Айдар) қарамағында 1227 бас қой бар, оның ішінде 940 басы саулық қой.

Ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Лепсі ауылдық округіндегі «Гемпшир» асыл тұқымды қой өсірумен айналысатын «Көктем» шаруа қожалығының тыныс-тіршілігіне кеңінен тоқталды. Шаруа қожалығының қарамағында 2000 бас қой бағылса, оның ішінде 1141 басы саулық. Қазіргі таңда шаруа қожалығының басшысы Раушан Садырбаева «Гемпшир» және «Суффольк» ет бағытындағы асыл тұқымды қойларды өсіру және көбейту жолдарымен шұғылдануда. Осы «Көктем» шаруа қожалығының базасында «Гемпшир» асыл тұқымды қойларды бағу мақсатында 66 шаруа қожалықтары бірігіп, «Қойлық» коперативті құрылып, заңдастырылды.Аудан бойынша ағымдағы жылдың 1 маусымына 55,2 мың бас ірі қара, 148,5 мың бас қой мен ешкі, 16,6 мың бас жылқы, 329 бас түйе бар.

Бүгінгі таңда аудан бойынша 19 кооператив әділет басқармасынан тіркеуден өткен. Оның ішінде жетеуіегін шаруашылығымен, сегізі мал шаруашылығымен, үшеуі аралас ауыл шаруашылығы (егін және мал) салаларымен және біреуіауыл шаруашылық қызметтерін көрсетумен айналысады. 2017 жылы округ әкімдеріне сүт дайындау жоспары беріліп, бүгінгі күнге 201,4 тонна сүт «АқБулақПродукт» ЖШС-не және «JLC сүт» ЖШС-не өткізілді.

Сарқан ауданы бойынша бүгінгі күнге ауыл шаруашылығы саласында 1500-ден астам агроқұрылым жұмыс істеуде. Аграрлық аудан болғандықтан барлық  өндірілетін өнімнің 85 пайызын ауыл шаруашылық саласы беріп келеді. Сөзіміз жалаң болмас үшін цифрларға жүгінейік.2017 жылы аудан бойынша барлық егістік көлемі 95,5 мың гектар алқапты құрады.Атап айтқанда дәнді дақылдар 49,1 мың гектарды, майлы дақылдар 35,8 мың гектарды, қант қызылшасы 1600 гектарды, картоп 912 гектарды, көкөніс 641 гектарды, бау-бақша 118 гектарды алып жатыр. Сонымен қатар 6,7 мың гектарға көпжылдық шөп, 591 гектарға дәрілік шөп себіліп, орта мерзімді бағдарлама жоспарлары жүйелі орындалу үстінде.

2017 жылы тамшылатып суару 320 гектар жерге, ылғал сақтау технологиясы 8900 га жерге, интенсивті технология 6700 гектар жерге қолданылды. Өндірілген өнімнің сапасын арттыру мақсатында қазіргі кезде ауданымызда ғылыми зерттеу институттарымен ынтымақтаса жұмыс істелуде. Ұзақ жылғы ізденістердің нәтижесі де бар. Ауданда  «Тұқым шаруашылығы статусын» алған 3 шаруа қожалығы ел игілігіне жұмыс атқаруда.Нақтылап айтсақ «Абдрахимова» шаруа қожалығы (І, ІІ, ІІІ репродукция) майлы және дәнді дақылдардың тұқымын өсірумен,  «Самал» шаруа қожалығы (І, ІІ, ІІІ репродукция) арпаның тұқымын өсірумен, «Душкин С.Н.» шаруа қожалығы (І, ІІ, ІІІ репродукция) арпаның тұқымын өсірумен айналысады.

Ауданның ауыл шаруашылық бөлімінің мамандары дақылдар өнімділігін жоғарылату мақсатында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына 3,2 мың тонна минералды тыңайтқыштарға сұраныс беріліп, бүгінгі күнге оның 1487,8 тоннасы сатылып алынғандығын әңгімеге арқау етеді. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін Сарқан ауданына 2453 тонна арзандатылған жанар-жағар май бөлінген. Жеткізуші операторы ретінде «Қарамай Продактс» ЖШС-гі белгіленді. Алматы облысы ауыл шаруашылығы басқармасы, «Қарамай Продактс» ЖШС-гі және Сарқан ауданы әкімінің араларында үшжақты меморандумға қол қойылып, дала жұмыстарының іркіліссіз жүруіне жол ашылды.

Елбасының облысқа жасаған сапарындағы тапсырмасына сәйкес қант қызылшасын өндіру көлемін еселеген сарқандықтар мемлекеттік қолдау шараларын айқын сезініп келеді. Аудан бойынша қант қызылшасын өндірумен айналысатын 4 сервистік дайындау орталықтары құрылып, жұмыс жасауда. Ағымдағы жылыосы сервистік дайындау орталықтарына жетіспейтін техникаларға сұраныс жіберілді. Тәтті түбірді өндірушілер үшін минералды тыңайтқыш шығыны 50 пайызға дейін, гербицид 40 пайызға, тұқым шығыны 70 пайызға дейін, суармалы су жеткізуге байланысты шығынның 50 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады. Осындай мүмкіндіктерден кейін ежелден қант қызылшасына маманданған шаруалар атакәсібіне қайта оралуға мүдделі.

Ауданның ауыл шаруашылық техникалары паркін жаңарту мақсатында жыл басынан 14 дана ауыл шаруашылық техникалар сатып алынды, – дейді Нұртілеу Төлеуұлы. – Оның ішінде 12 дана «КазАгроҚаржы» АҚ-ы арқылы, 2 дана шаруашылық құрылымдарының өздерінің қаражаттарына алынды.

Иә, ауданның ауылшаруашылық құрылымдарының тамырына қан жүгіріп, мал басының да, егістік көлемінің де жыл сайын артып келе жатқандығы келер күнге деген сенімімізді нығайта түседі. Шаруаларда істі ілгері бастыруға деген ынта бар, үкіметте аграрлық саланы өркендетуге деген ықылас бар, ауыл тұрғындарында бірігіп еңбек етуге деген құлшыныс пен ынтымақ басым. Ендеше істің көзін тауып, қара жердің қайтарымын еселеуге ниет танытатындардың сапы нығая береріне сеніміміз кәміл.

 

Жомарт ИГІМАН.

 

Мәліметпен бөлісу: