Азат елдің ар-намысы

23 жыл бұрын қабылданған еліміздің Ата Заңы жүздеген жылдар бойы қалыптасқан адамзат баласының жалпы құндылықтарын өз бойына сіңіре білді. 9 бөлім 98 баптан тұратын осынау құжат егемен ел екендігімізді әлемге әйгілейтін басты нышандарымыздың бірі. Ал осы басты белгілерімізге деген құрмет қашанда жоғары болуы тиіс.

Өткен аптада аудандық мәдениет үйінде осынау мерейлі мерекені өзіндік сән-салтанатымен атап өткен сарқандықтар осыны айқын сезінді. Айтулы мейрамның құрметіне жиылған жұртшылық алдымен арнайы дайындалған бейнебаянға көз тікті. Тәуелсіздік туын тіккелі атқарылған ауқымды істердің іргетасында мызғымас тұғыр болып Ата заңымыз тұрғанын баяндайтын көрініс көпшілік жадында ел шежіресін жаңғыртты. Шара шымылдығы аудан әкімі Ерғазы Қошанбековтың арнайы лебізімен түрілді.

-Құрметті аудан тұрғындары! Сіздерді Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Осыдан 23 жыл бұрын қабылданған Конституция бүкілхалықтың талқысынан өтіп, бүгінде елдің игілігіне айналып отыр. Мемлекетіміздің басты құжаты саналатын Ата Заң – тәуелсіздігіміздің кепілі ғана емес, ұлттық рухымыздың адастырмас темірқазығы іспеттес. Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атап көрсеткендей «Конституция қазақ елінің өркендеуі мен өрлеуінің негізі» болып табылады.

Қазақстан халқының қалауымен өмірге келген негізгі Заңымыз – әрбір азаматтың өзін тең сезінуіне және құқықтарын сақтауына берік негіз болып, жасампаз жаңа дәуірге кең жол ашты. Еліміздің жеткен жетістігі мен алған белесі осы тұғырлы Конституцияның арқасында екені баршамызға мәлім.Бүгінде, әлемдік қауымдастықта өзінің айшықты орнын алған, экономикалық, әлеуметтік күш–қуаты өркен жайған Отанымыздың тағдырына деген ортақ жауапкершілік, Ата Заңымызға деген ерекше құрмет біздің сеніміміз бен күшіміздің қайнар көзі болып отыр. Бірлігі жарасқан қазақ елі аз уақытта айбары асқан қуатты ұлтқа, дәулеті тасыған күшті мемлекетке айналғанына барлығымыз куә болып отырмыз.Ата Заңымыздың аясында тарихи табыстарға қол жеткізіп, Қазақстан даңқын әлемге паш етіп, бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосыла білдік. Осылай деп Ата заңның айбынын асырған Ерғазы Қошанбекұлы тоқсан жылдық тарихы бар шежірелі ауданымыздың да экономикалық – әлеуметтік жағынан қарыштап дамуы Конституциялық заңдарымыздың беріктігі мен мызғымастығы арқасында мүмкін болып отырғандығын орынды атап өтіп, негізгі Заңға құрметпен қарауға, оны қастерлеуге үндеген ыстық ықыласын білдірді.

Қалыптасқан дәстүрге сай мерейлі мереке құрметіне орай бірқатар жандарға аудан әкімі марапат ұсынып, сый-құрмет көрсетті. Құттықтаулар легін аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Қ.Жанасбеков, №1 мектеп-гимназия директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Т.Станкевич жалғап мерекелік лебіздерін білдірді. Ұлттың бар болмысын бойына жиған, мұңы мен зары, қуанышы мен күйініші, асыл арманы мен сары самал сағынышы тұнған халық әндері қандай әсем! Аудандық мәдениет үйінің өнерпаз ұжымының ұлттық әуендермен басталған мерекелік бағдарламасы өз көрерменінің көңіл пернесін шертіп, шара ажарын одан әрі айшықтай түсті.

 

П.Жеңісхан.

Мәліметпен бөлісу: