Қазына кеуде, тау мүсін

майдангер –қаламгер Тәңірберген Қалилаханов туралы ой-толғам

Тоқсаннан асып,  көз жанары кемісе де көңіл көзімен әлемді шолып, соңына соқталы туындылар қалдырған журналист – жазушы, өлкетанушы Тәңірберген ақсақалды көру бақыты біздің маңдайымызға жазылған. 1976 жылы Бөрлітөбе аудандық «Балқаш өңірі» газетіне келгенде Ақсу ауданындағы аты аңызға айналған редактор Тәңірберген Қалилаханов туралы ыстық ықыласқа толы достық рәуіштегі жағымды әңгімелерді естіп жүрдік. Облыс деңгейіндегі жиындарда жолығып, аға буын өкіліне інілік ізет көрсетіп, амандасуға асығатынбыз. 1996 жылы Талдықорған облысының идеология саласын басқарған Гүлша Тәңірбергенқызы бастаған  балалары әкелерінің 80 жылдығын Талдықорғанның төрінде атап өтті. Туған жерінен шақырылған делегация құрамында қарт қаламгерге деген жүректен туған жырымызды ұсынып едік. Сол кезде ширақ, сергек қалпында ұрпақтарына ұлағат айтқан абыз қартпен дидарласып, дәмдес болғанымыз естен кетпейді. Тәкеңнің қаламынан туған зерделі зерттеулерді, деректі мақалаларды одан бұрын да, кейін де қағыс қалдырып көрген жоқпыз.

2007 жылы Талдықорған қаласындағы «Алатау» газетінің бас редакторы болып тағайындалдым. Көп ұзамай Тәңірберген ақсақалдың қызы Қаншайым әпкеміз хабарласып «Атаң саған батасын бергісі келеді», – деді. Телефон тұтқасының ар жағынан ақсақалдың сабырлы, салмақты, айқын үнін естідім. Қоңыр дауысымен термелетіп бата берді. Халқына деген қалтқысыз пейілін ақтарды. Бір сөзін желге ұшырмай көшіріп алып, арнайы тілші жіберіп, фотосуретке түсіріп, көп ұзамай сол батаны оқырмандарға жеткіздім. 91 жасында ұрпақтарының алдында абыз ақсақал  әдемі қартайып, соңына мол мұра қалдырып, дүниеден озған болатын. Ал сол бата, сол кіршіксіз таза пейіл, алғаусыз ықылас шаршап-шалдыққанда есіме түссе бір демде сергітіп жібергендей болады.

Тәңірберген Қалилаханов 1916 жылы 16 сәуірде Сарқан ауданына қарасты Кесік құмындағы қыстауда дүниеге келген. Болашақ қаламгер, жазушы, драматург, журналист 1928-1929 жылдары бұрынғы Бөрлітөбе ауданында алғаш құрылған Бөрібай ауданының орталығы Көктеректе ашылған жетім балалардың бастауыш мектебінде оқиды. Олай болатын жөні бар, ол өмір есігін ашқанда әкесі Қалилахан Ресей патшасы солдаттарының соққысына жығылып, қайтыс болған көрінеді.

1930 жылы Бөрібай мен Ақсу аудандары қосылып, бір аудан болуына байланысты Көктеректегі жетім балалар мектебі Ақсуға көшірілгенде Ақсу ауданы оқу бөлімінің тұңғыш меңгерушісі Арын Құйқанов талапты жасқа Талғар ауданындағы ауылшаруашылық техникумына жолдама береді. Білімге, білуге құштар бозбаланың қабілет қарымын тани білген бұл кісіні Тәкең ғұмыр бойы құрмет тұтып өтеді.

Нәубет, зұлмат, ашаршылық қасіретін жас кезінен көріп, сол кезең қиындығын басынан өткерген адамның қаламгер болмауы мүмкін емес. 1932 жылдардағы ашаршылық Тәкеңнің оқуын қайта жалғастыруына мүмкіндік бермейді. 1934 жылы отырықшылдандыру үшін Тасарыққа көшірілген Садыр-Андалардың алғашқы ауылшаруашылық ұжымына – «Алғабас» артеліне еңбеккүн жазатын есепші болып істейді.

Көкейіне өмірдің өткені ұялаған, жаңа заман лебін терең түсінген Тәңірберген Қалилаханов 1935 жылы Ақсу аудандық «Ленин жолы» газетінде әдеби қызметкер, 1938-1939 жылдары тұңғыш құрылған Ақсу колхоз-совхоз театрының директоры болып тағайындалады.

-«Ленин жолында»  әдеби қызметкер болып жүріп  газет – жақсының жаршысы,  жаманның сыншысы болуы  тиіс екендігін жаныммен түсіндім,-дейді Тәңірберген аға естелігінде. -Осының ауырлау жағы, атап айтқанда «Жаманның сыншысы» болу міндеті маған жүктелді. Ол кезде Ойтоған ауылдық кеңесінің территориясында құрылған бес колхоздың ортасында «Белтоған» атты тұтыну қоғамы бар болатын. Сонда барсам сельпо басшыларының салақтығынан қорасы, оған жалғас тұрған кеңсесі қоса өртеніп, қорада тұрған екі аты бірдей отқа жанып кетіпті. Содан қалған бір кепені сельпо кеңсе жасап кіріпті. Осыны салақтықтың салдары, әрі мәдениетсіздіктің белгісі деп тұңғыш рет фельетон жаздым: 

Ойтоғанның ауылында,

Қалың құмның бауырында.

Ұйымдасқан колхозшылар,

Бір сельпоның қауымына,

Обороты күшті Сельпо,

Басқармасы пысық жігіт,

Еліне де еркелейді ол,

Ептеп көзін қысып жүріп.

Танысы мен тамырына ол,

Товар келсе желіп жүреді.

Сауданы да қоса істесіп,

Дүкен ішіне еніп жүреді.

Бармақ басып, көз қысқанға,

«Көңілдегін» беріп жүреді…

Бар кеңсесін өрт әкеткен,

Екі ат жанып бірге кеткен.

Содан қалған бір кепені,

Сельпо жауып кеңсе еткен.

Сырт көргенде монша дейсің,

Тәуір емес онша дейсің.

Кеңсе деуге ішің қимай,

Не қылыпты сонша дейсің…

Ішінде отыр ысталғандар,

Бұл кеңсе ме, кепе ме әлде?

Мәдениеттен тыс қалғандар,

Кепені кеңсе ете ме әлде?

Отызыншы жылдарда ауыл-селоларда бүгінгідей театр, кинотеатр, мәдениет үйлері жоқ еді. Алайда, біз Ақсу комсомолдары аудан орталығындағы қабырғасы шикі кірпіштен салынған еденсіз үлкен үйді клубқа айналдырып алып, кеш сайын сонда жиналып хор айтатынбыз, дыбыссыз кино көретінбіз. Бір күні сондай сауық жүріп жатқан сәтте кешігіп келген аудандық халық тергеушісі Әуелбеков деген жігітті қолында кіру билеті болмағандықтан клубқа кіргізбедік. Сол үшін Әуелбеков ертеңіне клуб меңгерушісі Айдабаев Мұқан деген жігітті повесткамен шақыртып алып, қылмысты деп протокол жазып, комсомолдық билетін тартып алыпты. Осы фактіге мен «Әуелбековтың әулекілігі» деген тақырыпта фельетон жаздым.

…Міне, осындай Әуелбеков,

Әулекілік істейді.

Ол туралы сигналдар да,

Әлі күнге піспейді.

Тергеуші ме Әуелбеков,

Тентек пе әлде сорақы?

«Әулекі» деп ел атайды,

Дұрыс па әлде сол аты?

Мұны ауданның прокуроры,

Есіне алса дейміз біз.

Әулекіні әлек қылмай,

Жөнге салып тезбе-тез, – деп аяқталған фельетон.

Осы фельетон газетке жарияланған күні менің жақын жолдастарым «Өлетін бала бейітке қашады» деген, сенің азулымен алысып нең бар еді. Совет заңына тіл тигізді деп айыптап соттап жібермей ме сені? – десіп реніш білдірді. Бірақ, ол тұста «Жаңа заман жасаушыларымыз» деп көкірегімізді өрге сүйреп жүрген бізге жеке бастың тыныштығынан гөрі жаңа заманның беделі биік, бірлігі  берік болғаны қымбат еді. Айдабаевтың дұрыс ісін бұрысқа аударып, заң қызметкер  атағын алға тартып өзінің «күшін» көрсеткен тергеушінің қылығы біздің ол кездегі демократиялық ұғымымызға жат қылық еді. Сондықтан да қорықпадым.  Біздің сол сынымызды аудандық партия комитеті қолдаса керек. Өйткені, сол күннен бастап Әуелбеков халық тергеушісі қызметінен босатылды».

Осылайша жаңа заманның жаршысы болып жүрген жас жігіт 1939 жылдың күзінде  әскери қызметке шақырылып, Одесса қаласында жауынгерлік міндетін өтейді. Азаматтық парызын атқарған соң жазу-сызуға алаңсыз берілуді көздеген оның ойын зұлмат соғыс бұзады. Ұлы Отан соғысына бірінші күннен бастап қатысқан ол Оңтүстік Батыс және үшінші Беларусь майдандарында өткеріп, соғысты 1945 жылдың көктемінде Кенигсберг қаласын алған Қызыл Армия жауынгерлерінің сапында аяқтайды. Ұрыстағы жауынгерлік ерліктері бағалаусыз қалған жоқ. «Германияны жеңгені үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Ерлігі үшін» медальдарымен, Бірінші және Екінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» және «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен марапатталған.

Соғыстан соң Алматыдағы Жоғарғы партия мектебін бітіріп, журналист мамандығына ие болған ол Ақсу-Қапал өңірінде аудандық партия ұйымында нұсқаушы, араға жылдар салып Қапал аудандық партия ұйымының хатшысы болып тағайындалады, Ақсу аудандық «Өмір нұры» газетін басқарады. Құрметті зейнет демалысына шыққан Тәңірберген Қалилаханов Талдықорған қаласында ұйымдастырылып жатқан мәдени мұра музейіне шақырылып, облыстық мұра-жайдың іргетасын қаласады. Шығармашылықты бірінші жолға қойған ол қазақтың дара перзенттері Бауыржан Момышұлы, Сәбит Мұқанов, Иса Байзақовпен жүздесіп, Мұхтар Әуезовтың дәрістерін тыңдап, Әлкей Марғұлан, Ғали Орманов, Ілияс Омаровтармен достасқан.

Соғыстан алған жарақат-тардың салдарынан Тәкең қос жанарынан айырылса да зерттеу жұмыстарынан қол үзбеген. Тәңірберген Қалилаханов ақ-сақал Жетісудың, бүкіл қазақ елінің мақтаны «Біржан-Сара» айтысын қайта тірілткен, ақын Сара шығармашылығын зерттеушілердің бірі, «Ақын Сара», «Тордағы тоты» кітаптарының авторы. Жазушы қаламынан туған «Абылай аманаты», «Алтын бесік» пьесалары облыстық қазақ драма театрының сахнасында қойылған. Тарихи тақырыпта жазылған «Қазақ қағанаты», «Қарашаш» пъесалары бар. Қалилаханов «Қыпшақ» ер-тегі драмасының, «Әсет – Мақпал» либреттосының, «Ақын Сара» киносценарийінің авторы. Тарихи-танымдық мақалалары мерзімді басылымдарда жарияланған жазушының «Түп төркін», «Хандар шыққан Қазақстан» тарихи хикая әңгімелер циклы, «Қош, қонақжай дүние», «Құда құрмет», «Балаларыма» деген өлең-поэмалары бар. «Жалын», «Рауан», «Полиграфия» баспаларынан жоғарыда аталған еңбектерімен қатар үш томдық «Қазақнама», «Шытырман шежірелер немесе тастағы жазулар», «Соғыс сораптары», «Күй – дастан», «Гүлбахару» сынды кітаптары жарық көрген.

Тәкең тынымсыз тірлік кешті. Соңғы жылдары қараңғылыққа тұмшаланып жүрсе де көкейіндегі жазбаларды машинкаға өзі басып, шығармашылық ерліктің үлгісін көрсетті. Өзі зерттеп, әдеби айналымға қосқан ақын Сара рухына табынып жүріп, Талдықорған қаласында, Қос-ағаш ауылында, Жансүгіров кентінде ақын Сараға ескерткіштің орнатылуына ұйытқы болғанын азаматтар ұмыта қойған жоқ.

Ол кісінің сүйікті жары Гүлбахару Кәукенбаева 1921 жылы зиялылар отбасында дүниеге келген. Кейінгі жылдары отағасының көз жанары болып, он баланы дүниеге әкелген ардақты ана жоғарыда аталған өлмес туындылардың дүниеге келуіне Тәкеңе көмекші бола білгендігін көз көргендер жыр қылып айтады. Бүгінгі таңда өнегелі отбасынан таралған ұлағатты ұл бар, білімді де білікті қыздар бар. Немерелі, шөберелі болып, ұрпақ қызығын көрген, тоқсаннан асқан жасында  зердесінен жаңылмаған сұңғыла қаламгердің, абыз қарттың қалам қайраты біздің буынға, бізден кейінгі қалам ұстаған талапкерлерге жұғысты болса игі.

Жомарт ИГІМАН,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

Мәліметпен бөлісу: