Бағалы дақылдың берері мол

Бақалы кезінде қызылша дақылымен атағы аспандаған ауыл. Жасыратыны жоқ одақ ыдырағаннан кейін шаруашылықтар тарап, техника біткен ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен шақта бұл дақылға сұраныс та азайған болатын. Кейінгі жылдары қант зауыттары қайтадан іске қосылғаннан соң асыраушы саланы алшаң бастыру мақсатында бағалы дақылды қолға алғандар саны еселеніп, бұл тірліктің бойына қайтадан қан жүгірді. Дихандар қажетті техникамен қамтылып, сапалы тұқым да алынды. Бүгінгі таңда Бақалыдағы шаруа қожалықтары негізінен тәтті түбір өсіруге ден қойған. Жыл сайын көз қуантып, көңіл өсіретін өнімдерімен ел игілігін еселеуге үлес қосып жүрген Тоқтарбек Төлепбеков, Сержан Есімжановтардың ізін басып келе жатқандардың сапында Ербол Дүйсебаевтың есімі аталады.

Ербол адал еңбектің қадірін білетін отбасында тәрбиеленген азамат. Әкесі Қасымхан шаруашылықта ұзақ жылдар ағаш шебері болып еңбек етіп, зейнет демалысына шыққан. Анасы Күлдірайхан ел алғысына бөленген абзал жан. Бақалы перзентханасының білікті акушеркасы зейнеткерлікке шыққанша 1008 нәрестенің кіндігін кесіпті деп айналасы ардақ тұтады. Ата-анасы ұлдары Алтай, Ғазиз, Ерлан, Ерболды жастайынан еңбекке баулыды да қазір сол тәлім-тәрбиенің жемісін көріп отыр.

Жоғары білім алып, өзін сан салада сынап көрген Ербол Қасымханұлы 2013 жылдан бері “Дүйсебаев Е.”  шаруа қожалығын ашып, маңдай тердің өтеуін, қара жердің қайтарымын көріп келеді. Жалға алған алқаптың әрбір телімін тиімді пайдаланып, соя, арпа, бидай дақылдарынан табысты өнім алуда. Сонымен қатар егістіктің 40 гектарын қызылшаға бөліп, жылдан жылға тәтті түбірді күтіп-баптауда тәжірибе жинақтап келеді.

-Қожалықта 10 адамды жұмыспен қамтып отырмын,-дейді Ербол Дүйсебаев. -Дала жұмысының қам-қарекеті таусылмайды. Менің қолға алған ісімнің ілгері жылжуына ұжым мүшелері бір адамдай үлес қосуда.  Өз кәсібін шыр айналдыратын білікті механизаторлар Нұргелді Өмірзақ, Асқар Қыдырбаев тапсырған жұмысқа деген жанашырлығымен ерекшеленеді. Белгіленген межеден көрінуіміз осындай білікті мамандарға байланысты.

Ерболдың зайыбы Жанна Бақалы орта мектебінің мұғалімі. Екеуінің ортасында гүлдей жайнап өсіп келе жатқан 4 баланың бойына ата-ананың ізгі қасиеттері сіңісті болары сөзсіз. Ісі тиянақты, ойы озық, айналасына сыйлы Ербол Дүйсебаевтың Бақалы мектебі қамқоршылық кеңесінің төрағасы ретінде де мектеп пен ата-аналардың ынтымағына ұйытқы болып жүргендігін айтпай кетуге болмайды. Әріптестеріне бұл бағытта да үлгі көрсетіп, жылына 3-4 оқушыны мектеп формасымен қамтамасыз етіп, емдеу-демалыс орындарына жолдама алып беруді өз жауапкершілігіне алғаны да азаматтығының айғағы.

Ауыл қашан да азаматтарымен ажарлы. Бақалының тірлік-тынысына қан жүгіртіп жүрген еңбек адамына тек сәттілік тілейміз!

Мәліметпен бөлісу: