Бағзы ілімнің білгірі Әулие есімі – халық зердесінде

Интернетте Гүлсім Күн-елекованың  орысша жазылған «Әулие Көтен тәуіп ата» мақаласында: «Подлинное имя – Қойлыбай», – деп жақшаға алыпты. Қайдан алғанына дәлел келтірмеген. Соңғы жылдардағы бірқатар жарияланымдарда осы бір електен өтпеген есім бабамызға телініп келеді.  Сарқан ауданының идеология саласын  бірнеше жылдар басқарған Күләш Түменбаева: «Көтен тәуіптің есімі – Көтен. Жас нәрестенің артқы ағзасы бітеу туған жерін еппен тіліп, көк бөрте ешкінің қабырға сүйектерін отқа қыздырып, тілінген жерден ішке сұғып емдеп, ашқандығынан «тәуіп» сөзі есіміне қосылған. Мұны елдің білгір үлкендері және өз анам жарықтық жиі айтушы еді», – деп есіне алды. Барлық айтуларда, тіпті ата туралы аңызға айналған әңгімелерде де «Көтен тәуіп» деп аталады. Есімі Қойлыбай делінген емес. Болат Тақарұлының  «Тәуіп» атаулы кітабында әулие атаның шын есімі «Көтен» екені айқын жазылған.  1994 жылы Толғанбай Мырзағұлұлының 150 жылдығына арналған «Ақсудан шыққан арыстар» атты  Ақсу ауданының орталығы Жансүгіровте конференция өткізілді. Көтен тәуіп атаны со баста зерделі зерттеп жүрген ұстаз Қағазбек Намазбекұлы «Көтен тәуіп» деп аталғаны «шын есімі» деп конференцияда баяндама жасаған еді. Омбы архивінде Көтен тәуіп туралы орыстардың жазғаны «Садыр Гутен (Көтен)» деп сақталыпты. Жазбаны Омбы архивінен 1972 жылы Алматы зоотехникалық және мал дәрігерлік институтының ректоры, профессор Мүсілім Әмірханұлы Ермеков пен Жәнібек Кәрменов көргендерін растаған. «Естімеген елде көп» демекші, халық бұрын айтпаған, білмеген «Қойлыбай» деген жалған атауды ұрпақтарға сіңіру «өте ағаттық» ұғым болады.

Ақын Жомарт Игіман:

«Кесілді тіл айта алмай,

Тапталды салт, бар ізгі.

Талаттық жын-шайтанға,

Әулиені, абызды.

Тәуіп ата басына,

Ағылған жұрт тиылмай.

Тәу етіп әр тасына,

Өтпеді ел сыйынбай.

Сыйынғанды қолтықтап,

Сүрінгенді демеген», – деп жырласа, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Өмірсерік Қалиев: «Көтен тәуіп туралы жазылған болжамдарда алшақтықтар бар. Көтен тәуіп тәңір берген дарынды халық мүддесі мен қайғы-қасіретті жою үшін қолданған. Адам баласына тек шапағатын шашқан», – деп жазады.

Әулиенің үрім-бұтағы

Қоңырбайұлы Көтен тәуіп  аңыз деректерінде жоңғар-қазақ соғысында Абылай хан, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Тасболат заманында өмір сүрген, туған жері Қаратау, Сыр, Арыс, Жайық делінеді. Шежіреде: Садыр – Шәржетім – Келгенбай – Қарт – Бодана – Борсақ – Есберлі – Шыбық – Балтай – Қоңырбай – Түгел, Құшман (Күшіман), Көтен (тәуіп) және үш қыз таралады. Көтеннен Ханкөбен – одан  ұрпақ қалмапты, Манаш, Сейіт, Қосшы, Самар – Кенесары хан соғысында мерт болыпты.

Манаштан – Игісін, Бейсенбай, Береш. Игісіннен Тұқымет – Көтен тәуіп қобызын сақтаған шаңырақ иесі, Жұмағұл, одан Сұлтанқұл, Қази. Тұқыметтен (1876 жылы туған) – Қабдолла, Ахмет.

Сейіттен – Байжұман, Нұрүй, Қалибек, Иманбек, Әшімхан.

Қосшыдан – Шоқы, Кегенбай, Жамырза. Шоқыдан – Байболат, Есболат. Байболаттан Мұхамәди, Смағұл, одан Алданбек (Тәуіптің балтасын сақтаған шаңырақ).

Кегенбайдан – Бөшіке, Құлабас, Бұғыбай. Бөшікеден – Құдайберген, Алдаберген. Құлабастан – Ербосын. Бұғыбайдан – Бәтима (қыз).

Жамырзадан – Керімбек, одан Әбіжан, одан Жамбыл, Жеңіс (Тәуіптің төсін сақтаған).

Самардан – Жиенбай, Тауша, одан Кемпірбай, Садуақас, одан Ермұқас, Сарбатыр, одан Зияда, Талғат. Жиенбайдан – Атақозы, одан Мұсабек, одан Серікбол, Берікбол, Ерікбол, Кенжебек, Қырықбай.

Түгелден – Ақша, Сарбас, одан Дүбір, Мамырбай, одан Сайын.

Қоңырбай кіндігінен үш қыз да өрбіген. Соның бірі – Балқия. Балқаш көлінен салмен өтіп келе жатқанында, дауыл тұрып, көл суына батып өліпті. Балқия қыз атынан Көтен тәуіп «Жоқтау» шығарыпты.

Құлағымда алтын сырға,

Күн нұрымен балқиды-ау.

Күміс жүзім, қара шашым,

Су бетінде қалқиды-ау.

Ор қояндай орғытып ек,

Еспе, дөңес, жазықта.

Су түбіне кетіп барам,

Балықтарға азыққа.

Жарыс десе жалықпадық,

Қағып өтіп озудан.

Су түбіне кетіп барам,

Аса алмай бір жазудан.

Ажал деген болмаған ед,

Үш ұйықтасам ойымда.

Бір тал жиде кетіп барад,

Гүлдей алмай бойымда.

Шешіп қойдым саптама етік,

Сафияннан кебісті.

Біздей жанда болмас арман,

Көрмеген соң кем істі.

Жұрт алдында өтедім бе,

Парызымды балалық.

Өтей алмай кетіп барам,

Парызымды аналық.

Бұл «Жоқтаудың» қысқарып жеткендігі. Қыз Жібек тәрізді Балқияның жүзігі, шашбауы, бөркі, камзолы, көйлегі – зарлы әуенмен айтылғаны, әсіресе, Ұлы Отан соғысы жылдарында болыпты. Қыз-келіншектер соғысқа кеткен ерлерді аңсап, зарлап орындапты.

Әулиенің зайыбы

Бәкір Аянбеков, Әбдіхан Тойбаев, Сақбай Ысқабаев, Құралбай: «Көтеннің түсіне ақ шалмалы кісі кіріп: «Балам батысқа қарай жүрсең, бір шоқ шеңгелге кез боласың. Шеңгелде бір кептер отырады. Үркітпей, ұстап ал. Сосоң халыққа адал қызмет ет!» – деп аян береді. Түсінде көргені, өңінде айнымай кепті. Ұстап алған кептері жетіген аспабына айналыпты. Көтенге содан бастап қасиет қоныпты. Қасиет қонған жердегі өзен, Көтен есіміне байланысты Көтентай, ал жер Жетіген деп аталған. Бұл қазіргі Алматының тұсындағы Талғарға қарасты жер», – деп баяндайды. Ақ патша заманында ол жер «Көтентай бекеті (пикет)» деп аталғаны шын.

Бұрынғы құймақұлақ қарттардан қалған дәйектемелерде: «Көтен тәуіптің жас кезінен бес кептер төбесінде айналып, ұшып жүрген», – делінеді. Кие қасиет ілімнің бірінші кептері – шөп, екіншісі – ұста, үшіншісі – ақын, төртіншісі – сазгер, бесіншісі тәуіптігі екен. Осы бағзы ілімнің барлығын Көтен дәріпті игергені мәлім. Оған негіздер жетерлік. Атақты шопан Шаймерден Шаяхметов пен «Балқаш өңірі» газетінің бас редакторы Болатхан Ахметов: «Шапырашты елінде атақты бір байдың қызы сүзілме дертіне шалдығып, өлім халінде болады. Қыздың әкесі: «Кімде-кім емдеп, қызымды жазса? Соған ақ батамен қосамын! – деп көпке жария етеді. Сан-алуан тәуіп, бақсы-балгерлер келіп емдейді. Бірақ, қыз жазылмайды. Бай ауылына Көтен тәуіп келеді. Қобыз ойнап, зікір сап, қызға ем-дом жасайды. Одан өз жөніне кетеді. Қыздың анасы ақылды, парасатты жан екен. Қазақ үйге кіріп, қызын көрсе, жаны жайланып, көзі ілініп, ұйықтапты. Анасының екі көзі от басына түседі. Ирелеңдеп бір жылан, ал қасында жалғыз көзді бадана жүзік жатады. Жыланның басына ақ құйып, сыртқа жөнімен жөнелтеді. Жүзікті таза, ақ дәкіге орап, қалтасына салады. Қыз сүзілме дертінен оңалады. Анасы екеуі Көтен тәуіпті іздеп шығады. Екеуі Көтеннің кенже қарындасына кенет кезігеді. Қыздың саусағындағы жүзіктен: «Ағайым аман ба? Көрмегелі талай болды», – деп Көтеннің қарындасы аң-таң қалады. Қыз бен анасы Көтен тәуіпті тауып, ақыры қосылады», – деп баян қылады. Алданбек Смағұлов: «Көтен тәуіптің әйелі – Тәпей. Ұлы жүздегі Шапырашты елінен. Емдеп, жазып алған. Жазылған қыз анасымен өзі Көтенді іздеп тапқан», – деп қарттар дәйектемесін растайды.

Киелі қобыз

Көтен тәуіптің қара қобызы туралы көп айтылады. Қобыз Игісін шаңырағында сақталыпты. Әсіресе, Игісін келіні Жүндібайқызы Тұяқ (1897-1984 ж.ж) ана қастерлеп күтіп ұстапты. Тұяқ ана Мұхамеджан Тынышбаевты 1914 және 1926 жылы екі мәрте көріпті. Мұхамеджан Тынышбаев Көтен тәуіптің қара қобызын 1904 жылы Лепсі бойында болған үлкен діни дүрбелеңде сындырғандардың бейбастығын, 1905 жылы Петербордағы ақ патша министрлігіне жазып, тәубелеріне келтіртіпті. 1904 жылғы Лепсі бойындағы діни дүрбелеңде Шәржетім елінің 20 молдасы патша жендеттерінің қолынан мерт болыпты. 1918 жылы Көтен тәуіптің қара қобызы екінші мәрте сындырылады. Тұяқ ананың айтуымен қара қобыздың сұлбасын Дәлкеш жасап, ұрпақтарға жеткізеді. 1923-24 жылдары Мұхамеджан Тынышбаев Бабақұмар Таубаев деген туысына Садыр елі шежіресін, Көтен тәуіп, Құл сері туралы жазып жіберуін өтінеді. Бабақұмардың екі мәрте салған хаты Ташкенттегі М.Тынышбаевқа жетпепті. Сол салдардан М.Тынышбаевтың 1925 жылы Ташкенттен шыққан шежіресінде Алдиярдың кейбір тарабы, Шәржетімдер Амангелді мен Қарт таралмай қалады. Әмбе, Садыр таралымы қосымша кестеде қысқа беріледі. Орақ Дәулеткелдіқызы: «Қазіргі Көтен тәуіптің қобызын Дәлкеш әкемнің түсіне Көтен тәуіп аян беріп жасатқан. Тұяқ ана сұлбасы осылай деп кеңес беріпті. Дәлкеш атам жасаған қобызын өзі ойнады. Дәлкеш әкем 25 жасынан Көтен тәуіп зираты басында 60 жыл шырақшы болды. Зиратын 1914 жылы қамыстан тұрғызды. Дәлкештің әйелі Бәтиха өмір бойы Көтен тәуіпке шырақ жағып, ата аянымен талай адамдарды емдеді», – деп деректейді.

Құрманғалидің әкесі Асау Лепсі өзені бойынан диірмен орнатып, отырықшы атанады. Диірменнің жанынан үй тұрғызып, қабырғасын көтеріп жатады. Көтен тәуіптің қобызымен Игісін келеді. Қобызды салынып жатқан үйдің көлеңке қабырғасына сүйеп қояды. Қобыз өзінен-өзі сыңғырлап, алаң қылады. Қобыз тұрған жерді қазса, мүрде шығады. Үй құрылысы басқа орынға ауыстырылады. Мүрде шыққан жерді қоршап, адам аяғы мен мал баспайтындай қылады. Ақ патша жендеттері қобызды сындырмай тұрып, қобыздың небір әшекей сылдырмақтары болғандығы айқын.

Дәлкеш ата жасатқан қара қобыз сұлбасы қазір Ахмет ұрпақтарының сақтауында тұр. Көтен тәуіптің күмісті қарып жалатқан айшықты гүлі бар, төрт қарыс сүйем сапты, сабының екі жағынан екі елі маржан көз орнатылған айбалтасын «суық қару» деп, 1918 жылы ұрпақтарынан қызылдар тартып әкетіпті.

Көтен тәуіптің жұмыс балтасын алтыншы ұрпағы Смағұлов Алданбек қария сақтаған. Рахметәлі Асылбек: “Көтен тәуіп балтасы Алданбек Смағұлов қарияның қолында. Қарындасы Күмісжанға 1950 жылы Маман құмында үшінші төбеге жетпей қарағанда, батыс тұста жыңғыл өсіп тұр. Сонда балта жатыр деген Көтен тәуіптен аян түседі. Күмісжан балтаны іздеп табады. Күмісжанның күйеуі қояр да қоймай, балтаны отын шауып әкелуге сұрап алады. Жолда жуас аты мөңкіп, аттан құлайды. «Қастерлі екен» деп, отыны жоқ, балтаны көтеріп, күйеуі үйіне жаяу келеді. Басқан ауылында Уахит деген адамның балалары шетінеп тоқтамайды. Келер бала туғанында Күмісжан балтамен кіндігін кесіп, есімін Балтабек деп қояды”. Балтабек үлкен азамат. Қазір бала-шағалы, Ескелді ауданында тұрады. Көтен тәуіп кие қасиетімен екі жас жұбайлардың жанын шайтан алғанын көріп, шайтанға екі жастың жүрегін орнына салдыртып, қайта жан салыпты.

Көтен тәуіп – сазгер

Әулие бабамыз  «Апан-Боздақ» атаулы ұзақ сарынды күй шығарған. Айдаһар жұрттан жылына бір қызды жұтыпты. Кезек Апан батырдың қарындасы Боздаққа келеді. Қарындасын ажалға қимаған Апан батыр ышқына жұтқан айдаһарға алмас қылышын көлденең тосады. Айдаһар екіге бөлінеді. Сырылдаған қылыш. Батылдық. Қаһарлық. Азаттық. Мерейі тасыған ел қуанышы – күй сарынына түскен. Көтен тәуіп көп қалауымен «Ақбөпе» деген өлең де айтыпты. Қара қобызымен Кетбұқаның «Ақсақ құланның» шебер орындапты. Көтен тәуіптің өнердегі өнегесін елі Садыр Бәйтік дамолда, елі Матай – Толқын бақсы, елі Садыр – Қарғабай ақын, Жиындының Айты, елі Матай – Мәкібай, Нүсіп Қашқарбай, Оспанның Қасиясы дегендер пір тұтып, көпке насихаттапты. Бұлардың барлығы да Көтен тәуіп қобызын ат бәйгесіне қосып, бәйгенің алды боп келгенін де баяндапты. Олар Көтен тәуіптің «Киік матау», «Қансонар», «Мерген», «Лашынның самғауы» атаулы күйлері болғанын деректепті. Сол күйлерді өздері де орындап, көпке естіртіпті. Көтен тәуіптің «Туған жер – қош аман бол!» өлеңінің бізге жеткен шумақтары:

«Ел едік дастарханы жайылмаған,

Біреудің тәңіріне сыйынбаған.

Қорлықтың қиындығы сол емес пе,

Туған жер топырағы бұйырмаған.

Барамыз жосып көшіп, ақтабан боп,

Садағын сарбаздар оқтаған жоқ.

Ақ найза, алмас қылыш мұқалып ед,

Тәңірің жалынғанмен сақтаған жоқ.

Ат-арба ұнатады қара майды,

Білмеген қара майды ала алмайды.

Түскенде ауыр халге, қайран елім,

От жалын өзегімді аралайды.

Арбамның айдай-айдай дөңгелегі,

Елімнің бөлек кетті бір бөлегі.

Ағайын, күдер үзбе бір Алладан,

 Әруақтар қолдаса, бір жөнделеді».

Елі Жалайыр, Балғалы – Шағыр, Шеруке бақсылар Көтен тәуіптің жиендері екен. Жылқының басын секектетіп, «кекек» деген дертін қалай емдеу керек екенін, қойдың ащы ішегі мен ұлтабары және шөптермен емдеуді Көтен тәуіп жиендеріне өзі үйретіпті. Соны Шеруке 1906-1909 жылдары Әулие Ата мен Семей арасын зерттеген Голиэмбер экспедициясындағы көлік аттары «кекек» ауыруына шалдыққанда қолданыпты.

Көтен тәуіптің бағзы ілімін жалғастырушының бірі Жәментік. Көтен тәуіптің бағзы ілімі: тамыр ұстауды, ауыру түрлерін «ыстық», «суық», «желді» деп бөлгенді, қамшымен ұшықтауды, жараны оқып жазуды, толғағы ащы әйелге айбалтаның суын ішкізуді, қан ұрттатуды, зәрді пайдалануды, шөп дәрілерді қолдануды, шырақ жағуды, пиязды қолдануды, аттың терін пайдалануды, қызған темірмен қаруды Жәментік қолданып, іске асырыпты. Көтен тәуіп бағзы ілімнің білгірі, балгер де болған. Ас батпай, іші кеуіп, қол-аяғы жүрмей, денесі ісінетін «тебінгі» деген ауыруды жылқының сілекейі тамған сумен емдеген. Сынықтың әр түрін орнына сала білген. Дене жарасының алуан түрлерін емдеген. Түрлі шөп пен тамырларынан ем-домдық дәрумен жасаған. Аққан судың қасиетін, табиғат тынысын, ұшқан құс, жүгірген аң, жан-жануардың тілін білген. Небір иістің түрін ажыратқан. Жылан шақырып, кері қайтарған. Қан араластырмауды, жеті атаға дейін қыз алыспауды, тұқым қуалаушылықтың түрлері мен ел азғындалмауын насихаттаған. Көріпкелдігімен алдағыны болжаған. Темір мен шойынды ерітіп, одан түйін түйген шебер, зергер, ұста болған. Шойын қазандарды жамаған.

Кие

Қағазбек Намазбекұлы: Көтен тәуіпке дуа жастай, қой соңында жүргенінде қонған. Қобызын ат бәйгесінен ілім кие-қасиетімен келтірген. Ұзақ жасап, өмірден өткен», – деп аталардан естігенін жеткізеді. Көтен мал соңында жүргенінде бір қасиетті адам кез болып «ұсталық өнер қонсын» деген батасын беріпті. Көтен тәуіпті «Жалғыз көзді» әулие дегендер, оны Садыр елі таңбасымен ту қыла атағандығы. Жалғыз көз – Садыр елі таңбасы болған. Көтен тәуіп аянымен Дәулеткелді барымтасын тиып, зиратын тұрғызып, зираты басына шырақшысы болады. Қайния Қожахметқызы: «Көтен тәуіп басына біреу бет алып шықса, шырақшысы Дәлкеш ата (Дәулеткелді Бесбайұлы) аянмен біліп, таңертеңгісін ата зираты басына кететін», – деп өз білгенін деректейді. 

Бөрлітөбе ауданының әкімі болған Асылмұрат Тұрғанбеков: «Көтен тәуіп Бұғыбай, Дула, Манақбай батырлардың жарақатын емдеген», – деп деректейді.

Көкен Бөлендінов: «Жездем Әбжан Қарабөгет ауылында тұрды. Кеңестік партияға өтпек болады. Түсіне Көтен тәуіп кіріп «өтпе» дейді. Түсіне мән бермей, партияға өтеді. Екі құлағы ауырмай-сырқамай бір түнде түсіп қалады. Содан «шұнақ Әбжан» атанды», – деп өз көргенін баяндайды.

Көтен тәуіп ағасы Күшіманды қобыз киесімен қалмақтардың  сиыр терісімен қаптап, өзі қиналып өлсін деп, күнге тастаған зәбірінен құтқарған. Күшіман қазақ батырларына тән барымтаға бармақ болады. Аттану қарсаңында Күшіман әйеліне: «Көтен қайныңа барып, сұрап келші. Жолым бола ма, жоқ, болмай ма?» – дейді. Жеңгесіне қайны: «Бармасын! Жолы болмас!» – дейді, алған ісін жаратпаған сынай білдіріп. Көтеннің айтқанын елең қылмай, Күшіман көптен қалмай, барымтаға қалмақтарға аттанады. Жолы болмай, тұтқынға түседі. Күшіманға ауыр жаза, күн ысыған сайын қураған өгіз терісі қысатын, сіргеге тігіп, күн көзіне тастайды. Күшіман ыстық күн көзінде сіргеде азаптанады. Іні сөзін есіне ала: «Қолға түсерімді айтқанда, құтқару қолыңнан келмей ме? – деп қиналады. Қобызын ойнап отырып, інісінің тұтқынға түскендігін Көтен тәуіп сезеді. Көтен тәуіп: «Бардыңдар ма? Келдіңдер ме?» – деп кие рухтарынан сұрайды. Күшіман талықсып ұйықтап кетеді. Оянса, сіргенің тіккен тігістері сөгіліпті. Күшіман сіргеден босап шығып, кермеде тұрған атты байлауынан босатып алып, үстіне ырғып міне қашып, еліне аман жетеді. Бұл оқиға көпшіліктің ауызбен айтып, жайылғанымен ел-елге таралып, бізге жетті.

Тәңірдің сүйген құлы

Көтен тәуіп туралы деректерді жақсы білгендер: елі Медет – Адамғали, Алаштың торы атты сарбазы болған, елі Кенжебай – Орман, елі Құлшан – Дүйсенбек, елі Кенжебай – күйші Әкім, елі Құлшан- шежіреші Шойынбай, елі Тәуімбет – Садуақас, емші Жәментік.

Тілеукеұлы Бәйтік дамолла «Көтен тәуіптің  ізбасары» делінеді. Көтен тәуіп: «Бәйтік басына барып түнеп, одан соң менің басыма келіп, тілеу тілеңдер», – деген өсиет қалдырыпты. Бұрынырақ ел ішінде: «Бәйтікті орта жүздің – Арыстан бабы, ал Көтен тәуіпті – Ахмед Яссауиі», – деп санапты.

Талдықорғандық Анатолий Дедов: «Әкем бізді Көтен тәуіп зираты қасынан үндемей өту керек екенін бойымызға сіңірді. Ол туралы естігендерін көп айтатын. «Тәңірдің шын сүйген құлы» деп отыратын. Адамда табиғи дарын, асыл қасиеттер барын мойындатқан дейтін», – дейді. «Алдияр, әулием» өлеңінде ақын Ораз Жұмашев:

«Ақ ниет қабыл боп,  жарылқап ағынан,

Пайғамбар аяны бойына дарыған.

Пірәдар Тәуіп деп  ақсарбас шалатын,

Атанған әйгілі Әулие арыдан.

Қашанда рухымен санада келеді,

Қиналсаң – дуалы, киесі қолдаған», – деп толғайды. Көтен тәуіп құдыретіне екі ғасыр шамасындай уақытта басына тілеушілер, науқастар, бала көрмегендер түнеп, мінәжат етуде. Зираты басында шырақшылар үзілмеген. Көтен тәуіп зиратының шырақшылары: Дәулеткелді, Нүсіп, Қошқарбай, Бәтима, Бижамал, Аязбек, Дәулет, Талғат дегендер атаның бағзы ілімдік кие қасиетін жоғалттырмай, көтере түсті.

Асылмұрат Тұрғанбеков Бөрлітөбе ауданының әкімі болғанында Көтен тәуіп атаның зираты басын көтеру туралы халық қолдауымен, банктен есепшот ашылып, бастамасы басталды. Бастамашыл топта Кеңес Сердәлінов, Қайық Летов, Орал Сердалина, Болатхан Ахметов, Айболат Ахатұлы, Серік Найманханов, т.б. болды. Бағзы ілімді жалғастырған, Көтен тәуіп зираты басындағы сол кездегі шырақшысы Бижамал Меңдібаева жар құлағы жастыққа тимей, ата басына мазар салынуына қол жеткізді. 1994 жылы қайырымды адамдар және көпшілік көмегімен Лепсіден 26 шақырымдай, бұрынғы Сарқарын алқабында Көтен тәуіп зираты басына үлкен кірпіштен өрілген кесене тұрғызылды. 2012 жылы Көтен тәуіп кесенесі қайтадан жаңартылып, қасына қонақ үй салынды.

Жемісбек Толымбеков, өлкетанушы.

Мәліметпен бөлісу: