Бала шақтан – болашаққа

Тағы бір жыл мектеп бітіруші түлектерді үл-кен өмірге аттандырып салды. Қол бұлғап 11 жыл бойы тәлім мен тәрбие берген аяулы ұстаздар, алтын ұя-мектеп артта қалды. Аяқталған оқу жылы ауданымызға білім саласындағы қомақты еншісін бөліп берді. Халықаралық, Республикалық, облыстық білім, өнер, мәдениет бәйгесінде кемел келешегіміздің тірегі-шәкірттеріміз ауыз толтырып айтарлық, таңданыспен, тамсаныспен байқарлық толағай табыстарды иеленді. Жеңісті, жемісті жетістіктер қайнарында оқушы-мұғалім-ата-ана үштігінің орасан зор еңбегі жатқандығы сөзсіз.

Маусымның 15-і күні М.Ты-нышбаев атындағы орталық алаңда өткен салтанатта сап түзеген білімнің дүлдүлдері мен бұлбұлдарына қараған әрбір жан осындай ой түйгені анық. Білім нұрымен жүзін жарқыратып, адымды, лайықты алшаң басқан «Алтын белгі» және «Үздік аттестат» иегерлері бұл күні мектеп, мұғалім, ата-ана мерейін тасытып, атын асқақтатты. Жүргізушілер «Сәт сапар, жас түлек» атты жиынды ашық деп жариялағаннан соң асқақ Әнұранымыз әуеледі. Бұдан соң аудан әкімі Ерғазы Қошанбеков түлектерді құттықтап шынайы ықыласын білдірді. Осынау күннің әлемді елең еткізген ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесімен тұстас өтіп жатқандығын жақсылыққа балаған Ерғазы Қошанбекұлы болашаққа қанат қаққалы тұрған білімнің тастүлектеріне зор сенім артылып отырғандығын орынды атап өтті. Аудан басшысы келесі кезекте жиыны 37 түлекке «Алтын белгі» және «Үздік аттестат» атақтарын табыстап, иегерлерінің мәртебесін көтерді. Бітірушілер сапынан сөзді Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің түлегі Абылай Құсайынов пен Н.Островский атындағы мектеп-лицейінің түлегі Арай Сәкен алып құрбыларына деген құттықтауларын жеткізсе, ата-аналар атынан Ақын Сара атындағы орта мектептің түлегі Жомарт Мұсаевтың анасы Қарлығаш Биболова мінбеге көтеріліп, ыстық лебізін білдірді.  Ия, алаулап батқан жаздың жайдары, тамаша күні түлектер балалықтың соңғы әнін шырқап, қайта қайырылмас бал дәуреннің соңғы биін биледі. Алтын түстес «Алтын белгі» символын көкке ұшырған түлектер осылайша бала шақтан болашаққа аяқ басты. Күміс қоңырау сыңғырымен 11 жыл бойы бой мен ойды тербеткен түлектер түрлі-түсті шарлармен бірге көк аспанға тәтті мұң мен қимастық сезімді ұзатып салғандай болды.

 

П.Жеңісхан.

Мәліметпен бөлісу: