Бала тәрбиесі – баршаның ісі

Халқымыз ұрпақ тәрбиесін ұлттың болашағы, тағдыры деп білген. Ал адамзаттың өмірдегі ең қымбаттысы, көз қуанышы бала екенін естен шығармаған. Әрбір жеткіншектің тәлім-тәрбие алар алтын ұясы – туып-өскен шаңырағы десек те бала тәрбиесіне мектептің тигізетін рөлі зор. Өйткені мектеп тәрбие де береді, біліммен де сусындатады, дүниеге көзқарасын, әділдікке, еңбекке деген сүйіспеншілігін оятады.

Ақпанның 6-сында аудандық «Ардагерлер ұйымы» филиалының кеңесі отырысында жұмысымыздың әдіс-тәсілдерін дамытып, ардагерлерді қоғамдық іс-шараларға қатыстыру мақсатында «Ата-баба дәстүрі-ұрпаққа аманат» бағдарламасы аясында барлық орта мектептердегі 8-9-10 сынып оқушыларымен кездесу ұйымдастыру туралы ұйғарымға келдік. 8-ақпан күні аудандық білім бөлімінің қолдауымен қаладағы 5 орта мектептерде, гуманитарлық колледжде кездесулер өтіп, оған 500-ге жуық жоғарғы сыныптын оқушылары қатысты. Абай атындағы мектеп-гимназияда өткен кездесуге К.Таймасова, К.Казанатова, К.Бисекеева қатысып, Р.Бояринова, П.Меркель Островский атындағы мектеп-лицейде, С.Ералина, Ш.Аскаргалиева, К. Иманмолдин Ақын Сара атындағы орта мектепте, К.Колубекова, Р.Абдильдаева, Ф.Каниева Алтынсарин атындағы орта мектепте, Г.Нижникова, К.Марданова №1 мектеп-гимназияда, Н.Андриенко, Б.Тлеубаев, К.Калиева гуманитарлық колледжде жастармен жүздесіп, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті.

Еңбек ардагері, Халық банкінің бастауыш «Ардагерлер ұйымының» төрайымы Разия Абдильдаева өз сөзінде ата-баба дәстүрін сақтауды, қоғамдық сананы, ұлттық құңдылықтарды жаңғырту, дәстүрлерімізді ұрпақтан ұрпаққа жеткізу керегін айтты.
Кеңес мүшесі Меркель Петр Ивановичтің тағдыры да күрделі. Ол Ұлы Отан Соғысы басталғанда бір жастағы бала екен. Әке –шешесі Украинада тұратын. «Жанұямызда 4 бала едік. 3 әпкем мен жалғыз ер бала. Ол кезде неміс ұлтты отбасыларын Кеңес үкіметі еріксіз қоныс аудартып Қазақстан жеріне жіберді. Әкемнің отбасы Семей облысына Баршатас ауылына қоныстады.Қазақ халқы қандай қиыншылықта өмір сүрсе де жан жақтан келген басқа ұлт өкілдерін қабылдап бір түйір нанын бөліскен. Сол ұлтаралық татулықтың арқасы шығар менің 3 апайым қазаққа тұрмысқа шығып, осы күнге дейін аман-есен жүріп жатыр, жезделерімнің жастары 80-90 жастан асқан. Өткен ғасырдың 70-жылдары Сарқанға келіп, 40 жылдан артық еңбек жасап, 20 жылдан астам қоғамдық жұмыста жастардың тәрбие ісіне,ұлтаралық татулықты нығайтуға өз үлесімді қосудамын. Қазақ халқына ризамын, алғысым шексіз»,-дейді Петр Иванович.

Кеңес мүшелері Күляй Қазанатова, Күләш Бисекеева Абай атындағы мектеп-гимназия оқушыларымен кездесіп, ақыл-кеңестерімен бөлісті.
Мен де бұл кездесуде қала бойынша орта мектептерде өткен кездесулердің мақсатын атап көрсеттім. Біз аға ұрпақ өкілдері өзімізге тиісті әр салада еңбек атқардық. Біріміз мал бақтық, жер салдық, біріміз денсаулық пен білім беру саласында еңбек еттік, ал біріміз үй салдық, сауда қызметін атқардық. Өзім Сарқан қалалық әкімшілігінде 31 жыл еңбек еттім. Сонау Қазақстанымыз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары, өтпелі кезеңде көптеген мекемелер жабылып, жұмыссыздық ұлғайған кезде қала әкімшілігінде күніне 15-20 адамға дейін қабылдайтынбыз. Мұқтаж жандардың өтініштерін тыңдап, мәселелерін шешіп, жұртшылық арасында жағдайды түсіндіре отырып, татулықты сақтау үшін жұмыс атқардық. Аға буын өкілдерінің үлгі-өнегесі жастардың бойында жалғасын тапса, болашағымыз еңбекпен етене болса, келешегіміз де кемелді болмақ.

 

Ш. АСҚАРҒАЛИЕВА,
аудандық  «Әжелер алқасының» төрайымы.

 

Мәліметпен бөлісу: