Басты байлығымыз – денсаулық

Сарқан аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Алтай Шұлғаубаевпен сұхбат

-Алтай Камиұлы, біздің басты құндылығымыз – адам, басты байлығымыз-денсаулық. Мақсатымыз, сол адамдардың денсаулығын сақтау. Осы бағыттағы аудандық аурухана қызметкерлерінің негізгі міндеті қалай жүзеге асырылуда?

-Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласының дамытуының 2016 – 2020 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының  негізгі мақсаты Қазақстан Республикасы халқының күтіліп отырған өмір сүру ұзақтығын 73 жасқа дейін ұлғайту, ана өлім – жітімін 2009 жылғы деңгейден 3 есе төмендету, нәресте өлім – жітімін 2009 жылғы деңгейден 2 есе төмендету, Қазақстан Республикасының халқының жалпы өлім – жітімін 2010 жылғы деңгейден 30 % – ға төмендету,  туберкулезден болатын өлім – жітімінің 100 мың адамға шаққанда 3,8 – ге дейін төмендету және 15 – 49 жас аралығындағы жас тобында АИТВ инфекциясының таралуын 0,2 – 0,6% шегінде ұстап тұру. Осы мақсатты іске асыруда  Сарқан аудандық ауруханасы 38 мыңнан астам халыққа 150 төсектік  аудандық  аурухана, 30 төсектік  Лепсі  ауылдық  ауруханасы,  10 ауылдық  дәрігерлік амбулатория, 3 фельдшерлік-акушерлік пункт, 12 медициналық пункт  және Сарқан  қаласында 20 төсектік, дәрігерлік амбулаторияларда 80 төсектік күндізгі емдеу бөлімдері медициналық көмек көрсетеді.  Қазіргі таңда ауруханада сапалы әрі қолжетімді медициналық көмекті білікті мамандар, яғни 76 дәрігер, 405 орта буын қызметкерлері медициналық көмек көрсетеді.

Аурухана халыққа тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде жедел медициналық көмек, емханалық – амбулаториялық көмек, жоғары технологиялық көмек, стационарлық және стационарды алмастыратын медициналық көмек көрсетеді және тегін дәрі – дәрмекпен қамтамасыз етеді. Емханада невропатолог, офтальмолог, эндокринолог, терапевт, педиатр, хирург, травматолог, рентгенолог, маммолог, кардиолог, психиатр – нарколог, лор, уролог және т.б. дәрігерлері медициналық көмек көрсетеді және бір ауысымда 750 адам қабылдауға мүмкіндігі бар. Ауруханда сапалы көмек пен ауруды нақты анықтау мақсатында жаңа технологиялар қолданылуда. Яғни, электрокардиографтар, флюрограф, маммограф, ультрадыбыстық зерттеу аппараты, велоэргометр, эндоскоп, компьтерлік томография аппараттары қолданылады. Қатерлі ісіктер, қант диабеті, қан – тамыр жүйесі ауруларын, глаукоманы және балалардағы ауруларды анықтау мақсатында жыл сайын арнайы топтар арасында скрининг жүргізіледі. Сонымен қатар, салауатты өмір салтын насихаттау жұмыстары рет ретімен жүргізілуде. Қазіргі таңда аудандық ауруханада «Жастар денсаулығы орталығы» жастарға консультативтік, психологиялық көмекті қарқынды түрде жүргізуде. Жыл сайын аурухананың терапиялық, нейроинсульттік, педиатриялық, хирургиялық, травматологиялық, жұқпалы аурулар және перзентхана бөлімдерінде 7000 – ға жуық тәулік бойы, 5000 – ға жуық науқас күндізгі емдеу бөлімінде емделіп шығады. Әр жылы 800 – ге жуық күрделі операциялар жасалады. Соңғы жылдары хирург, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Сарқан ауданың құрметті азаматы – Нұрлан Мұхтарұлы Арынның қатысуымен 30 – ға жуық операция жасалды. Сонымен қатар хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор Бектурсынов Сакен Мырзаханұлы 10-нан  аса операциялар жасады. Операцияның барлығы сәтті аяқталып, аталған азаматтар халық ризалығына бөленді.

-Өмір өзгерістерге толы. Аудандық аурухана заман ағымына ілесе алып жүр ме?

-Биылғы жылы ауруханада  көптеген жаңалықтар белең алып жатыр Денсаулық сақтау Министрлігінің аудандарда жеткіліксіз деп отырған дәрігерлермен қамтамасыз ету мақсатында мамандарды қайта даярлау жобасы бойынша, аудандық аурухананың қолдауымен жалпы тәжірибелі дәрігерлер Рустам Мукреев, Олжас Байжанов реанимация мамандығы бойынша оқытылды. 1 жасқа дейінгі балалар өлімін алдын алу мақсатында «Балалық шақтағы ауруларды ықпалдастыра жүргізу» бағдарламасы бойынша іс – шаралары негізінде жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Аталған бағдарламаны оқытуға республикалық деңгейдегі мамандар өз үлесін қосты. Сонымен қатар, биыл 128  миллион теңгеге түрлі құрал – жабдықтар сатып алынды. Оның ішінде күрделі операция жүргізу үшін лапароскопиялық жүйе, эндоскопиялық жүйелер сатып алынды. Жедел жәрдем көліктерінің тозығы жетуіне байланысты Пограничник дәрігерлік амбулаториясына 1 УАЗ, аудандық ауруханаға 1 Газель реанимобилі берілді.

Аудан халқының көптен күткен арманы – сонау тоқырау заманында құрылысы тоқтап қалған аурухана аумағындағы 3 қабатты ғимаратының  құрылысы басталды.

-Сөз соңын халқымызды алаңдатқан сауалмен қортындыласақ. Менингит дертіне ұшыраған факті ауданда тіркелді ме?

-Бізде ондай факті тіркелген жоқ. Ел көлемінде менингит туралы жалған ақпарат тарағаны шындық. Бұл тұрғыда алдын алу  шараларын жасау үстіндеміз. Алаңдауға негіз жоқ.  Сарқан аудандық орталық ауруханасының денсаулық сақтау саласы аудан азаматтарының денсаулығы мен амандығын сақтауды қамтамасыз етуге бағытталған. Ана мен бала денсаулығын қорғау, әлеуметтік маңызды аурулар мен өлім – жітім деңгейін төмендету, азаматтардың саналы түрде өз денсаулығы үшін жауапкершілігін ұғынуы мен салауатты өмір салтын қалыптастыру – аудандық денсаулық сақтау саласының басты міндеті  болып табылады.

 

 

Сұхбаттасқан Жомарт ИГІМАН.

Мәліметпен бөлісу: