Басты мақсат – қоғамдық сананы жаңғырту

Жуырда Лепсі ауылында қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі аудандық аймақтық комиссиясының отырысы болып, аудан әкімі Ерғазы Қошанбеков жиналғандарды атқарылған жұмыстармен, алда тұрған міндеттермен таныстырды. Жиынға комиссияның және оның жұмыс топтарының мүшелері, ауыл әкімдері, аудандық мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдары, мекеме, ұжым басшылары, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылды.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақалада Мемлекет басшысы бәсекелік қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы сияқты қағидаттарды басшылыққа ала отырып, таяу жылдарда атқаратын нақты міндеттерді анықтап, ұлтымыздың даму бағытын айқындап берді. Бұл XXI ғасырдағы кемел болашаққа бастар жол. Осы жолда тек жаңа институттар ғана емес, құқықтық нормалар да құрылды. Қоғамға деген көзқарас, яғни, сана жүйелі түрде жаңаруы керек. Бұл тарихымызда бұрын-соңды болмаған жалпыға бірдей мақсат. Және оған жету үшін әрбір адам, әр мемлекеттік мекеме қоғам болып, жұдырықша жұмыла білуі қажет.

Елбасының бағдарламалық мақаласы құнды идеологиялық құжат. Бұл жарияланым қоғамдық сананы жаңғырту жоспарының іргетасы саналады. Осыған орай 6 жұмыс тобы нақты жоспарларын құрып, жан-жақты жұмыстарын жүргізуде.

Жиында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Дамир Каипов Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан туындайтын басты бағыттарды ортаға салды.

-Болашақтағы бағдарымыз айқын, ол – рухани жаңғыру. «Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз мәңгі» болсын десек, баршамыз жұмыла кірісіп, Елбасының бағдарламалық мақаласында көрсетілген бағыттар бойынша ауданымызға тікелей қатысты «Туған жер» бағдарламасын тиянақты іске асыруымыз қажет, – деп бастады сөзін Дамир Әбдіжәмілұлы. -Елбасы бастап берген «Қоғамдық сананы жаңғырту» жоспарын мақалада көрсетілген бағыттардың жүрегі десем артық айтқаным болмайды. Әрбір ұлтжанды азамат осыны саналы түрде ұлты үшін, бірінші кезекте өзі үшін орындайтын болса, бізді жарқын болашақтың күтері айқын.

Жиында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын іске асыру аясында атқарып жатқан жұмыстары туралы сөз алған Лепсі ауылдық округінің әкімі Гүлнар Серікбаева «Туған жер» бағдарламасы бойынша мектеп түлектері тарапынан демеушілік көмек жүзеге асып жатқандығын нақты мысалдармен көпшілік назарына ұсынды. Ауыл азаматтары Жандос Шорманбаев сауықтыру кешенін, Нұрлан Дөсербеков тойхана құрылысын бастаған. Марат Ерназаров өзі құрған футбол командасының жол қаражаты мен спорттық формасын жабдықтап келеді.

Қарашыған ауылдық округінің әкімі Бектілеу Тоқтасыновтың сөзінде мақалаға арқау болған басты бағыттарды іске асыру аясында атқарылып жатқан жұмыстар қамтылды. Округке қарасты мекеме қызметкерлері «Мәдениет, руханият, ұлттық даму» тақырыбындағы семинарға қатысып, мәдениет үйінің қызметкерлері «Руханият – даму өзегі» атты тақырыпта дөңгелек үстел ұйымдастырған. Жоғарғы сынып оқушылары арасында өткізілген «Полиглот» ойыны да жастар санасын нұрландыруға игі әсерін тигізді. «Туған жер» жобасын іске асырудың алғашқы қадамдары жасалып, тұрғындардың демеушілігімен футбол алаңын ашу жұмысы жоспарланды.

Көктерек ауылдық округінің әкімі Серік Смағұлов ауылда Ұлы Отан соғысына қатысқан азаматтардың есімдері жазылған құлпытастың жаңғыртылып, келер ұрпаққа жеткізілуі жолында атқарылған шараларды айтып, ауыл азаматы Тұрсынғали Майлыбаевтың өз қаражатымен мешіт салуды жоспарлап отырғандығын жеткізді.

Жиналыс төрағасы Ерғазы Қошанбекұлы барлық бағыттардың тиянақты пысықталып, тиісті жобалар мен іс-шаралар жоспарланғанын, жаңа жобаларға бастамашылық жасалған кезде олардың қоғамдық санаға ықпал ету деңгейі мен ауқымы ескерілетіндігін атап өтті.

 

Жомарт ИГІМАН.

Сарқан ауданы.

Мәліметпен бөлісу: