Батыл көжектер

Аудандық мәдениет үйі жанындағы кино және театр актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Саят Мерекеұлының жетекшілігіндегі халық театры үйірмесі жаңа жылдың қарсаңында драматург Сая Қасымбектің “Батыл көжектер” атты ертегісін сахналаған болатын. 

Сахнада аңғал әрі аңғарымпаз ақ  көжек, сұр көжек, тиін, көксеректер Жаңа жылды күтумен болады. Алайда қу Түлкі сиқырлы таяқты қолды етіп, елді әуре-сарсаңға салды. Ал сиқырлы таяқсыз Аяз ата мен Ақша қар ескі жылды шығарып сала алмайды. Енді қайтпек керек? Орталық оқиға осы бір тұста өрбиді. Екі батыл көжек артынан Тиін мен Көксеректі ертіп алып, жолға шығады. Арадағы жас көрерменмен байланыс спектакльдің әсерлілігін арттырып, жаңаша бір тыныс беріп отырды.

Сахнадағы жан-жануарлардың ән айтып, би билегені өте табиғи шықты. Апасы базарға кеткенде бір-бірін ренжітіп, балаша жылап жатқан кейіпкерлер езуге күлкі үйіреді. Театрдың әуесқой әртістерінің кәсіпқойлық деңгейде көтеріліп келе жатқаны сүйсіндіреді. Қойылым батылдық, батырлық, адалдық, сенім, махаббат, жылылық, сүйіспеншілік сияқты киелі ұғымдарды насихаттауымен періште пейілді көрермендерін қуанта білді. 

Өз тілшіміз.

Мәліметпен бөлісу: