Білгің келсе сен мені


Сарқан аудандық кітапханасында «Туған жерге тағзым» бағдарламасының «Өлкетану» клубы аясында жергілікті ақын Ұлжан Нұрғалымқызының «Білгің келсе сен мені» атты кітабының жарыққа шығуына орай осы тақырыпта әдеби кеш өтті. Іс-шара барысында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жомарт Игіман мен өлең өрінде қалам тартып жүрген ақын Нүсіпхан Ақжолов жаңа кітаптың тұсауын кесіп, жылы лебіздерін білдірді. Ұлжан апай оқыған Абай ауылындағы Тасарық орта мектебінің оқушылары Талшын Ысқақ, Диляра Орманғали, Аяжан Көпебаева автордың өлеңдерін мәнерлеп оқыса, Іңкәр Берікбол өз шығармашылығынан «Алтын бесік Абайым»  өлеңін ортаға салды. Кеш қонақтары  Ықылас Құттыбеков, Гүлжан Қисабекова, Марат Алтынбеков және Ұлжан апайдың әпкелері Күләтай мен Сағатай ақынға өз құттықтауларын жеткізді.

Ұлжан Нұрғалымқызының жырлаған жырлары ақынның өзіндік толғаныстары, өзіндік түйіні көзге шалынып отырады. Ол табиғаттың басқалар көрмеген жаңа бір көріністерін, жұмбақ сырларын, әсем сұлулығын ашуға бар ынтасын қояды. Ақын лирикасының басты кейіпкерлері – қазақтың құба даласы, отаны, атамекені. «Білгің келсе сен мені» кітабы  – «Өлеңім-өмірім», «Ауылым Алмалытау баурайында», «Бір туғандар», «От басым-Отаным», «Ақын жанды жақсыларым», «Арнаулар», «Ізгі тілектер», «Суреттер сөйлейді», «Менің өмірімдегі ардақтылар», «Мақалалар» атты бөлімдерден тұрады.

Кітапты оқи отырып ақынның жан дүниесін, еліне, жеріне, адамзатқа деген сүйіспеншілігін сезінесің. Өлке тарихы мен сол өлкедегі тұлғалар туралы танып білесің. Кітап өз оқырманын табар деген ойдамыз.

 Л.ҚҰЛЫМБЕТОВА,

 аудандық кітапхана библиографы.

Мәліметпен бөлісу: