Білім – болашақтың кепілі

Өткен сейсенбіде  аудандық мәдениет үйінде  аудандық білім бөлімінің  басшысы Панар Иманғазиева  мектеп директорлары, педагогтар, балабақша меңгерушілері мен тәрбиешілері, ата – аналар және қамқоршылық кеңесінің төрағалары мен төрайымдары, үкіметтік емес ұйымдар  өкілдері қатысқан жиында білім саласының 2019 жылғы қорытындылары туралы  есеп берді.

Есепті баяндамада аудандағы мектептердің, оқушылардың саны мен сапасы туралы мәлімет беріліп,  мұғалімдер еңбекақысының біліктілік санаттарына байланысты еселеніп келе жатқандығы атап көрсетілді. Жаңартылған бағдарлама аясында білім жетілдіру курсынан өткен мұғалімдер саны, педагогикалық кадрлардың қаладан ауылдық жерлерге келуін ынталандыру мақсатында білім беру саласында мамандар тапшылығын жоюға бағытталған  «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының орындалуы,  балабақшалардың бүгінгі деңгейі,  аудандағы білім беру мекемелерінің электронды қызмет көрсетуді тиімді пайдалануы, мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтудағы оңды өзгерістер, алдағы кезеңде жөндеуге жататын мектептер,  мектептердің компьютерлендіру деңгейі,  білім сапасы, оқу жылының және ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі және 2019-2020 оқу жылында 1 сыныпқа электронды түрде қабылдаудың шарты жан-жақты жеткізілді.  Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 27 шілдедегі № 355 бұйрығымен бекітілген Білім беру ұйымдарында қамқоршылық кеңестің жұмысын ұйымдастыру және оны сайлау тәртібіне сәйкес білім беру  ұйымдарындағы Қамқоршылық кеңестердің тыныс-тірлігі,  балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысын ұйымдастыру, аудандық кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқығын қорғау комиссиясының жұмыстары назардан тыс қалмады. 

Баяндама аяқталған соң білім бөлімінің басшысына бірқатар сұрақтар қойылды. Атап айтқанда «Көп балалы, аз қамтылған отбасы балаларын ЖОО-на түсуге қандай қолдаулар бар?», «ҰБТ-дің жаңашылдығы? Мемлекеттік грантқа түсу баллдары?», «Көп балалы, аз қамтылған отбасы балаларын мектепке дейінгі мекемелерге орналастыру?», «Білім беру мекемелерінде күрделі жөндеу жүргізілу кезінде мектеп жанындағы спорттық алаңдарды қоса жөндеу?», «Неге министрліктің марапаттарына, төсбелгілеріне аудан бойынша бір-екі ғана педагог қызметкерлер ұсынылады? «Құрметті азамат» атағына ұсыну реті?», «Білім мекемесіне қарасты шағын орталықтың жабылуы орынды ма?» деген сауалдарға Панар Әнуарбекқызы өз құзіреті шегінде жауап беріп, жиынды қорытындылады.

Өз тілшіміз.

Мәліметпен бөлісу: