Білімді жетер мұратқа

Елбасымыздың биылғы жылы Қазақ еліне жол тартқан «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауындағы «Адами капитал-жаңғыру негізі» тарауында білім саласындағы негізгі міндеттерді айта келе «Цифрлы білім беру ресурстарын дамыту, кең жолақты интернетке қосу және мектептерімізді видеоқұрылғылармен жабдықтау жұмыстарын жалғастыру қажет» деген болатын.

Мемлекет басшысы «Мемлекеттің  болашағы мектебінде шыңдалады» десек, елімізге тірек болар  бүгінгі ұрпақ  өзге елдегі замандастарымен тең дәрежеде бәсекеге түсе алатындай білім алуы қажет,» – деп көрсетті. Осы тұрғыда ауданның барлық білім мекемелері білім саласында алға қойған міндеттерін байыпты атқаруда. Қолжетімді және сапалы білім беруді дамыту мақсатында білім беру ұйымдарының оқу-әдістемелік, материалдық-техникалық базасын нығайтуға баса назар аударылып келеді.

ХХІ ғасыр-техниканың озық дамыған ғасыры. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында бүкіл мектеп компьютермен қамтамасыз етілді. Компьютер оқушы үшін қоршаған әлемді танудың табиғи құралы болып табылады. Олай болса барлық сабақтарды компьютердің қуаттануымен жүргізуді үйрену-бүгінгі күннің кезек күттірмейтін өзекті мәселелерінің бірі.

Аудандағы жалпы білім беретін мектептерді әмбебап техникалық құралдармен қамтамасыз ету мақсатында 2016 жылы жергілікті бюджеттен бөлінген 10 млн.980 мың теңгеге 15 компьютер және шағын жинақты 10 мектепке 19 дана мультимедиялық құрылғылар сатып алынса, 2017 жылы 118 компьютерлік құрылғылар және 56 дана мультимедиялық құрылғы  сатып алуға жергілікті бюджеттен 22 320 мың теңге бөлінді.  Аудандағы барлық компьютерлер саны  1457-ге  жетті. Өткен оқу жылында аудан бойынша  1 компьютерге  8,7  баладан келсе, биылғы  жылы 1 компьютерге 6,2 баладан келіп отыр. Жабдықталған компьютерлік сыныптардың саны – 32.  Сарқан аудандық білім бөліміне  қарасты 30 мектептің барлығы да компьютерленген.

Мектептер 100%  интернетке қосылған. 9 мектеп кең жолақты интернетпен қамтылып онлайн режиміне  қосылған. Аудан бойынша 13 мектеп лингофонды-мультимедиялық кабинеттермен жабдықталған, бұл кабинеттер ағылшын тілі пәні кабинеттерінде орнатылып жұмыс істеуде. Жаңа үлгідегі кабинеттер аудан бойынша 32: физика кабинеттері – 13, химия кабинеттері – 9, биология кабинеттері – 10. 2017 жылы жалпы сомасы 10500,0 мың теңгеге 118 дана компьютерлер сатып алынып, 26 мектептің ішінде 4 мектептің ЛМК кабинеттеріндегі компьютерлер ауыстырылды, 22 мектепке 3 данадан берілді. 2018 жылы 10500,0 теңгеге 21 дана мультимедиялық кабинет және 11400,0 теңгеге 70 дана компьютер алу жоспарланып отыр.

Бiлiмдi, жан-жақты қабілетті ұрпақ  – ұлтымыздың баға жетпес асыл қазынасы іспетті.  Елбасы «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады»,- деген екен. Ендеше,  мақтан тұтар, мерей өсірер шәкірттеріміз көп болғай!

 

П.Иманғазиева,

аудандық білім бөлімінің басшысы.

Мәліметпен бөлісу: