Бірлік басы – дін мен діл

…Ешбір дін бүйтіп дұшпан бол демейді,

Қанекей бұл сөзіме кім таласар?!

Қазақтың атақты ойшылы, ғұлама Шәкәрім кезінде осындай даналық ой терген екен. Рас, қайбір дін болмасын өзіне сенген жұртын келесі бір сенімге айдап салмаса керек еді. Әлемдегі өркениет көшіне ілескен барлық діннің бас-тауы береке мен бірлікке арқа сүйейді. Қазақ даласына келіп орныққан ықылым заманнан тартып Ислам діні де біздің дәстүрімізге, әдет-ғұрпымызға еш кедергісін тигізген жоқ, есесіне, дін мен діл бірін-бірі толықтырып, салмағын арттыра түсті. Ұлттық болмыстың ажырамас бір бөлігіне айналды. Қазақ даласына келген осы он екі ғасыр ішінде дәстүріміздің,әдет-ғұрпымыздың ешбірі исламға қайшы келіпті дегенді еш жерден кездестірмейсіз.

Діл-бұл біздің ұлттың дүниетанымы, өмір сүру дағдысы, әдет-ғұрып, салт-санасы. Ықылым заманнан тартып ділі сақталған елдің өзі де сақталатыны, тіпті өркендеп –өсетінін көз көрді. Кеңес заманы біздің осы асыл қасиетімізді жойып жіберуге тырысса да ұлттың жадында сақталған нәрсе болғандықтан бұл өшпеді. Тәуелсіздік алып, көк байрағымыз көкке көтерілгенде ғасырға жуық тапталған асыл қасиеттеріміз, ардақтаған, кие тұтқан дүниелеріміз қайта оралды. Мұның басында дін мен діл тұрды. Қоғамның басты тірек күштері болған дін мен діл қашанда ел мен жердің, ұлт пен ұлыстың татулығына, береке-бірлігінің нығаюына жұмыс жасап келеді. Бұл туралы бәрін ашып айтып, дәлел көрсетудің өзі артық деп ойлаймын.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының жемісі ретінде еліміз түрлі этностар мен конфессиялардың бейбіт қатар өмір сүруінің өзіндік моделін қалыптастырды. Бүгінгі күні мұсылмандар мен правословтар, католиктер және протестанттар, буддисттер және иудейлер барлығы бір – біріне құрметпен қарайды. Себебі қоғам әуел баста ізгілікке бейімделген, адамзаттық ортақ құндылықтарға негізделген. Міне бұл Қазақстандағы рухани кеңістіктің жарқын жеңісі. Конфессиялар сенімі әр түрлі болғанымен, тілегі бір, ертеңгі болашаққа деген үміті ортақ қоғам үшін татулыққа ұмтылуда. Жат ағымдар мен секталардың лаңынан күресу әлемдік қауымдастық алдында күн тәртібінен түспейтін мәселе. Ел игілігі үшін азаматтардың парасатты, рухани жаңғырған қоғам құруға деген талпынысы қуантады. Соған орай болашағы зор, бірлігі бекем Қазақстанды жасайды деген сенімдемін.

Қадыл ЖАНАСБЕКОВ,

аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы.

Мәліметпен бөлісу: