Біз жастарға сенеміз!

Өткен аптада, атап айтқанда желтоқсанның 5-інде Халықаралық волонтерлар күні атап өтілді. Осы күнге орай Қасым-Жомарт Тоқаев Тwitter-дегі парақшасында волонтерлік – нағыз патриотизмнің көрінісі екенін жазды.

«Бүгін бүкіл әлемде Халықаралық волонтерлар күні атап өтілуде. Олар, шын мәнінде, қарапайым адамдардың мүдделері үшін қайырымдылықтың, шынайылықтың, имандылықтың символына айналды. Волонтерлік – нағыз патриотизмнің көрінісі. Осы жылды Волонтерлер жылы деп жарияладым», – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті өз жазбасында отандық волонтерлерді мақтан тұтатынын жазды.

«Еріктілерімізді мақтан тұтамын және олардың орасан зор әрі пайдалы жұмыстарына, әсіресе, пандемия кезіндегі еңбектері үшін ризашылығымды білдіремін. Волонтерлік уақытша науқан емес, ол он мыңдаған азаматтарымыздың жан тебіренісі. Біз әрқашанда біргеміз!», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Осыған орай аудан жастары елді мекен тұрғындарына шектеу шараларын сақтаудың маңыздылығын түсіндіру жұмыстарына белсенді атсалысып келе жатқандығын атап өтуіміз керек. Жуырда «Жастар – Отанға» партиялық бағдарламасы аясында аудандық «Jas Otan» жастар қанаты «Саламатты Қазақстан үшін» акциясын өткізді. Іс-шара барысында қалада және ауылдық округтерде белсенді жастар көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға, тұрғындарға бетперде (маска) таратып, көпшілік қауымның алғысын алып, сауапқа бөленді. Жастар тарапынан атқарылатын іс-шаралар еңбек ардагерлеріне, зейнеткерлерге және жалғыз басты адамдарға көмектесуге бағытталған.

Сонымен қатар белсенді жастар аудандық жастар ресурстық орталығының қолдауымен Сарқан гуманитарлық колледжінде «Қазақстан – байтақ елім» тақырыбында флешмоб ұйымдастырды. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан жастар әуелеген әнге икемделіп, бір адамдай бірігіп биледі.  Еліміздің келешегі, ертеңгі болашағы болар жастардың бұндай маңызды күнге орай, қызықты іс-шаралардың өтуіне өз септіктерін тигізіп, белсенділік танытулары, әрине, қуантарлық жайт болды.

«Nur Otan» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында Сарқан аудандық әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары өңірдегі мүмкіндігі шектеулі жандармен онлайн кездесіп, олардың ұсыныс – пікірлерін тыңдады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Мүмкіндігі шектеулі адамдарға, оның ішінде мүгедек балалар тәрбиелеп отырған отбасыларға ерекше назар аударуды, олар үшін тең мүмкіндіктер жасауды тапсырған болатын. Бұл бағытта сала бойынша жұмыстар тұрақты атқарылуда. Кездесуде жүзеге асырылған іс-шаралар егжей-тегжейлі талқыланды.

Желілік кестеге сәйкес этномәдени діни ұйымдардың жетекшілері «Келісім, татулық, бірлік – біздің негізгі байлығымыз» тақырыбында кездесу өткізді. Бірлік пен келісім ел дамуының негізі. Егер осы қасиеттер әр азаматтың бойында болмаса, әрқайсысы өз білгенінше сан-саққа, жан-жаққа тартар болса, онда тұрақтылық та, бейбітшілік те, достық та, келісім де болмайды. Осыны ұғынған кездесуге қатысушылар көкейлеріне көрікті ой түйгені анық.

Жер-жерлердегі бастауыш партия ұйымдары партия мүшесінің әдеп кодексін сақтауы бойынша жиын өткізіп, мемлекет қызметкерлеріне тән іскерлік, тиянақтылық және мәдениеттілік қағидаларын бұлжытпай орындау бағытында мазмұнды әңгімелер ортаға салынды.

Сонымен қатар ақпараттық топ «Қанатжан» ЖШС-нің ұжымымен  кездесу өткізіп, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру бойынша ақпараттық жұмыстар жүргізді. Ұжым мүшелері Жолдаудан туындайтын міндеттер жөнінде өзіндік ой-пікірлерімен бөлісті.

Алдағы келе жатқан сайлау қарсаңында ауданның белсенді жастарымен онлайн форматта кездесу өткізілді. Кездесу барысында Парламенттік сайлаудың маңызы мен ерекшелігі түсіндірілді. Пікірсайыс аясында алдағы сайлаудың азаматтардың саяси мәдениетін көтеріп, елімізде саяси үрдістердің толыққанды эволюциялық даму шарттарын құруға жол ашатындығы жастардың көкейіне ұялады.

Ж. ЖОМАРТҰЛЫ,

партия мүшесі.

Мәліметпен бөлісу: