Даланың үні, қазақтың жыры – домбыра

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлттық домбыра күнін бекіту туралы» 2018 жылғы 12 маусымдағы № 699 Жарлығына сәйкес шілденің 1-і ұлттық домбыра күні болып белгіленді. Осыған орай аудан орталығындағы «Жастар» саябағында  «Даланың үні, қазақтың жыры-Домбыра» атты әнші,күйші,жыршылар байқауы өткізілді.

Орталық саябақтың төрт жақтан кіре берісінде алдын ала дайындалған әнші,күйшілер жайғасып,ел жиналғанша домбы-раның күмбір үнімен өнерлерін ортаға салды. Сағат 10.00-де саябақ сахнасының төріне  бір мезетте 50 күйші көтеріліп, Құрманғазының «Балбырауын» күйін күмбірлетті.

Қазақ тарихының өнер әлемінде тылсымнан тербеп күй төккен Құрманғазы, Дәулеткерей, Абыл, Тәттімбеттер,  жырдан қуанышты жағдайда жібек есіп, ел басына күн туғанда дауылдатқан  Махамбет, Шалкиіз,Ақтамберді сынды  жыр мен күйдің дәулескерлерінің  дәстүрлі жолын ұстанған ұрпақтардан бүгінгі таңда да Қазақ өнері кенде емес.  Елімізде алғаш тойланғалы отырған Ұлттық домбыра күніне арналған  құттықтау сөзінде Сарқан ауданының әкімі Ерғазы Қошанбеков өткенді еске алып, бүгінгі қазақ өнерінің жетістіктеріне тоқталды. Байқау басталмас бұрын күй өнерін атадан балаға аманат етіп, ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып келе жатқан күйшілер әулетінің өкілі Мырзахмет Сәрсенов ұлымен бірге халық күйі «Келіншекті» жұртшылыққа ұсынды.  Байқаудан тыс белгілі күйшілер сахна ажарын үстемеледі. Домбыраны төл аспабындай қадірлеп, үйреніп жүрген өзге ұлт өкілдері Анастасия Банахович пен Даниял Задорожный «Кеңес» және «Би күйін» орындады. Сарқан гуманитарлық колледжінің күйшілері   күй сайысқа  келгендерді қуаттандыратын күй-попурриларын ортаға салды.

Күй – қазақтың ежелден келе жатқан өнері. Қыл қобызын беу – беулетіп, домбыраның қос ішегіне мұң-шерін арқау еткен  халық әрқашан осы өнерді пір тұтқан. Саз әуенімен жүрек сырын, ел тағдырын бейнелеген. Күйшілер арасында Қойлықтан келген Тұрлыбек Үкімет «Ақсақ құлан» күйін шеберлікпен орындап  І орынды иеленсе, «Үш арыс» туындысын әуелеткен әнші Бекзат Тұрғанов, Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» күйін жүректерге жеткізген  күйші Мәди Салықбаевтар жүлделі орындардан көрінді. Көркемсөз оқудан, атап айтқанда домбыра туралы танымал өлеңдерді көрермендерге жеткізуден Данияр Ергембайдың, Аружан Беріктің және Арайлым Манабайдың жұлдызы жарқын  болды. Айбол Тасболатов әкесі Серікбайдың «Зағип жандар» өлеңін орындап, көпшіліктің көңілін тебірентті. Демалыс күні саябаққа жиналғандар мәнді өткізген уақыттары үшін мәдени іс-шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын ақтарды.

 

Ж.МАҚАТҰЛЫ.

 

Мәліметпен бөлісу: