Демеуге демеу көрсетті

“Еңбекқордың ерні майлы” деген сөз бар. Қазір шын мәнінде қол қусырып отырудың еш жөні жоқ. Ата-баба жолымен төрт түлік өсірсе де өзіңді, отбасыңды жұмыспен қамтуға болады. Яғни бүгінде мал өсірсеңіз, өнімі оның көл-көсір деуге болады. “Қой семізі – қойшыдан” дегендей, өз малыңның бабын өзің ғана таба аласың. Сондықтан, мал өсіруге, төрт түлікті бордақылауға ден қойсаңыз, оның өсімі де өнімді болары анық. Өйткені “мал баққандікі” деп қазақ бекер айтпайды.

Әлбетте, ешкім де еңбек етпейін демейді. Ауылда бизнес ашқысы келетіндер баршылық. Алайда,  жаңа кәсіпті бастап, оны ұршықтай иіру үшін қомақты қаражат керек. Көп жағдайда, кәсіпкерлер бұл мақсатта несие алу үшін екінші деңгейлі банктерге жүгінеді. Бірақ, банктер несиені кепілдігің болса ғана береді. Көбінесе, ауыл тұрғындарының несие алуға кепілдіктері жетіспей әлек болады. Сондықтан, ауылда бизнесін ашқысы келіп, бірақ кепілдікке сомасы жетпейтін кәсіпкерлер алдына қойған мақсатын орындай алмай қиналады. Осы орайда істің көзін білетіндерге шағын демеудің өзі істі ілгерілетуіне ілкімді қолдау болмақ.  Осындай қолдауды «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ көрсетіп отыр. Бүгінде, аталмыш мекеме “Еңбек” Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына сәйкес, кәсібін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге микрокредит сомасының 85 пайызына дейін кепілдеме беріп, кәсіпкерлерге қол ұшын созып отыр.

Мәселен, Жамбыл ауданының тұрғыны Демеу Күлбалаев мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған осы бағдарламаның көмегіне жүгінген болатын.

Демеу Қазиханұлы 2019 жылдың соңында «Іскер» бағдарламасы бойынша, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» АҚ-нан  6 млн теңге мөлшерінде несие рәсімдеді, алайда жобаны іске асыру үшін оған 4 млн 785 мың теңге мөлшерінде кепілдеме жетіспеді. Сондықтан, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ жобаны зерделеп, 4 755 мың теңге көлемінде кепілдік берді. Бұл қаржыға кәсіпкер 208 аналық ұсақ мал басын, сондай-ақ 30 тонна құрғақ құрама жем мен 8 тонна құнарлы жем сатып алды. Алдағы уақытта, Демеу Қазиханұлы мал басын көбейтіп, шаруашылығын кеңейте түсуді жоспарлап отыр.

Кепілдікке қаржым жетпеп еді, көмекке «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ келді. Бұл еліміздің ауыл шаруашылығын дамытуға үлкен қолдау көрсетіп отырғанына дәлел. Өйткені экономиканың драйвері ретінде ауыл шаруашылығы саласы бекер айтылмайды. Егер еліміздің осы бағыттағы қолдауын тиімді пайдалана білсек, әсіресе ауылды елді мекендердің тұрғындарына өз әлеуеттерін көтеруге өте үлкен ықпалы болар еді. Сондықтан қазіргідей қиын-қыстау кезеңде мемлекеттің мұндай мүмкіндіктерін қалт жібермей, жаңа жұмыс орындарының құрылуына тілектеспіз, – дейді  кәсіпкер Демеу Күлбалаев.

Расында, әлемдік дағдарыстардың дауылынан қорғауда ішкі нарықтың ілкімділігін арттыра түсетін осы тәрізді қолдау бағдарламаларының кеңейе бергені қажет-ақ.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай

қолдау қоры» АҚ Алматы филиалы.

Мәліметпен бөлісу: