Денсаулық сақтаудағы мемлекеттік жүйе

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) – денсаулық сақтауды әлеуметтік қорғаудағы мемлекеттік жүйе болып табылады. Аталған жүйе еліміздің барлық сақтандырылған азаматтарына жынысына, жасына, әлеуметтік жағдайына, тұрғылықты жерiне және табысына қарамастан медициналық және дәрілік көмекке тең қолжетімділік жасауға кепілдік береді.

Өткен аптада аудандық әкімдіктің үлкен мәжіліс залында жоғарыда көрсетілген жүйені талқылаған  көлемді жиын өткізілді. Жиылысты ашқан аудан әкімінің орынбасары Ғ. Маманбаев осы жүйені кеңінен талқылап, қарастыруға облыс орталығынан «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының  Алматы облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Қ. Құрманалиева, республикалық денсаулық сақтау орталығы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорнының Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Б. Байжанов, Алматы облысы қоғамдық денсаулық сақтау департаменті қоғамдық денсаулық сақтау бөлімінің басшысы Н. Олжабаев, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының  Алматы облысы бойынша филиалы медициналық қызметтер сапасын мониторингілеу бөлімінің басшысы С. Пак келіп отырғанын жеткізіп, қонақтарға сөз берді.

Алғашқы сөзді алған «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес АҚ  Алматы облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Қарлығаш Асанқызы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың мақсаттары мен артықшылықтарын жиналған қауымға жеткізсе, ал республикалық денсаулық сақтау орталығы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорнының Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Біржан Досымханұлы мен Алматы облысы қоғамдық денсаулық сақтау департаменті қоғамдық денсаулық сақтау бөлімінің басшысы Нұрлан Кенжебекұлы жоғарыда көрсетілген жүйенің негізгі қағидаттарын түсіндірді. Жиын соңында өзекті сауалдарға меймандар тарапынан толыққанды жауаптар берілді.

Өз тілшіміз.

 

Мәліметпен бөлісу: