Департамент белсенді жұмыс жүргізуде

Наурыз айы биылғы жылы біздің елімізге елеулі өзгерістер алып келгені хақ. Қазақстан халқы  бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, тарихтың өзі кепіл болған бірліктің аясында барлық саланы жұмыла көтеруге атсалысты. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің білім саласында бірқатар трансформациялық әдістерді қолданып, жедел шешім қабылдау әрекеттерімен қатар табандылық таныта алды.  

Алматы облысындағы 68 кәсіптік және техникалық білім беру мекемелері ұсынылған 8 платформаларға, оның ішінде «Edupage», «Platonus», «Google classroom», «Paragraph bilim», «Quizlet», «Edus», «Smart Qetisu», «Moodle»  таңдаулы тұрғыда білім үрдісін көшірді.    

Интернет желісі баяу ауылдарда тұратын студенттерге Қазпошта арқылы білім беру материалдарын жеткізу қолға алынды, сонымен қатар педагог пен білім алушының кері байланысын жүзеге асыратын құралдардың бірі ретінде мобилдік қосымшалар белсенді іске қосылды. Пандемия жағдайында қашықтықтан білім берудің мән-жайын түгел назардан тыс қалдырмауға барынша көңіл бөлінді, бірінші кезекте  қажеттілік білдірген  білім алушыларға  колледждің  компьютерлік техникасы оқу мерзіміне берілді. Жатақханаларда қалған білім алушылар қашықтықтан оқыту бойынша тиісті техникалық құралдармен қамтылып, тамақтану жағдайлары да қарастырылды.

Алматы облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті тарапынан платформаларға енгізілген білім беру үрдісін мониторингілеу жүргізілді. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі тарапынан сеніммен тапсырылған шараның басты мақсаты – қашықтықтан оқытуға көшуде кәсіптік және техникалық білім беру мекемелерінің әкімшілігі мен педагогтеріне қажетті жағдайда нормативтік  және әдістемелік тұрғыда кеңес беру.  Білім беру тақырыбын нақты, қысқа, дәл түсіндіріп, ақпарат жиынтығы анық, берілуі шұғыл дәріс – қашықтықтан білім беруде педагогтің бастапқы меңгеретін дағдысы болып тұр. Алдағы уақытта тағы бір белес күтіп тұр, кәсіптік және техникалық білім беру мекемелеріндегі оқу жылын тәмамдайтын қорытынды аттестаттау жұмыстары да қашықтық форматта әзірленуде. Осы орайда, ұстаздардың ерен еңбектеріне қажымас қайрат пен  абыройлы нәтиже тілей отырып, биылғы түлеп шығатын маман иелеріне сәттілік пен ақ жол ниетін білдіреміз.

Рита Сайдгариева,

Алматы облысы  Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің бас маманы.

Мәліметпен бөлісу: