Дін мен дәстүр – егіз ұғым

Дін- сан ғасырлардан жеткен, тарих пен уақыт сүзгісінен өткен адамзаттық құндылықтардың ең ұлысы. Ол адамдарды мейірім мен парасатқа жетелейді.  Ата-бабаларымыз ұстанған Ислам да осындай асыл, ізгі сенімдердің бірі. Бұл жайлы қасиетті жазбаларда жаратушының жер бетіне түсірген ең соңғы, ең қасиетті діні екендігі айтылады. Осындай ізгілікті дін екенін білген бабалар қазақ даласына келген Исламды құшақ жая қарсы алып, өз өмір салтымен, ата дәстүрімен біте қайнасып діннің өзегегін тіптен берік етті. Ислам діні ұлтымыздың бітім-болмысы мен мәдениетінде дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарында өзіндік із қалдырған.

Халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде сақталған діни дәстүрлер: сүндеттеу, неке қию, Құрбан айт пен Ораза айт, жарапазан, садақа беру, пітір беру, бата беру сияқты діни жоралғылардың өміршеңдігін көрсетеді. Сондай-ақ мазарлар мен кесенелер, мешіттер мен медреселер халқымыздың тарихында ұлт руханиятының асыл қазынасы ретінде қызмет атқарды. А.Сейдімбек мәдениетіміздегі ислам дінінің орны туралы: «Ислам діні тек қана наным-сенім аясымен шектелмей, сол діндегі елдердің өмір салтына, моральдық-этикалық нормаларына, мәдени-рухани үрдістеріне, дәстүріне айналып отыр»-деп қазақ сеніміндегі ислам дінінің орнын және оның руханиятқа тигізген орасан зор пайдасын жоғары бағалайды. Дәстүр әр ұлттың өзегі мен өмір сүру дағдысының ең биігі. Сол ұлттың жеткен жетістігі, және ұрпақтарға қалдырар мұрасы. Қазақ дәстүрі, салт жоралғысы бәрі-бәрі ұлттың өлшенбес байлығы. Елбасымыз да Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды», — деп ұлттық құндылықтардың айрықша орнын атап өткен болатын.

Әрбір шақалақ туылғаннан, тал бесіктен – жер бесікке жеткенше жасайтын ғұмыры ата діннің өзегімен астасып, дәстүр мен салттың барлық мүмкіндіктерін пайдалана алады, кешегі өткен жыл басымыз Наурызды тойлау, қалың беру, үкі тағу, құда – жегжат болу, балаға ат қою, қыз ұзату, ұлды сүндеттеу, байғазы беру, бесікке салу,  жар таңдау, жар – жар, аужар айту, той жасау, өлген адамға ас беру, қонақ күту т.б. толып жатқан жақсы әдет – ғұрыптарымыз жетерлік. Қазақ дәстүрі берісі Орта Азия, арысы әлемде аз кездесетін адамзаттық асыл құндылықтарды бойына сіңірген ұлт пен ұлыстың жауһары. Діл-меруерті бізде ғана бар деп айту бәлкім асылық. Дегенмен, Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай-«Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу – сатқындық»-деген әйгілі нақылы жоғардағы сөзімізге дәлел.

Атадан аманат болып жеткен дәстүр-салт бүгінде жаңаша түлеп, қоғамымызға басқаша леп әкелуде. «Өзгенің қаңсығын таңсық көруді» қазақ жұрты ежелден жек көреді. Жаһанданумен бірге арамызға еніп кеткен кейбір шетел дәстүршілдігін кей бауырларымыз асыл дінмен шатастырып, әуелгі бағытынан жаңылысып қалуда. «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқанша»-дегендей ол ағайындар жақын күндері өз ортамызға оралып, ұлт пен ұлыстың бір уығы болып қадалып, ел руханиятына тамшыдай үлесін қосады деген үміт басым. Тарихқа қарасақ қазақ дәстүрі мен Ислам дінінің бір-біріне қайшы келгенін ешқашан көрмейміз. Қайта бір-бірін түлетіп, жаңғыртып отырғанын аңғарамыз. Тіл мен ділге шектеу қойылған кешегі тар заманды өткердік, тәуелсіздік таңы атып дін мен дәстүр егіз ұғымға айналды. Енді оларды бір мақсатпен ертеңгі жарқын Қазақстанның гүлденіп-көркеюі жолына арнасақ ұлттың ұтары даусыз…

 

Жомарт Игіман,

аудандық мәслихаттың депутаты.

 

Мәліметпен бөлісу: