Дін – қоғамдық келісімнің рухани негізі

Аса мейірімді, ерекше рахымды Алланың атымен бастаймын!

Ата-бабаларымыз сан жылдардан бері аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізгелі руханиятымыздың тамыр-тамырына қан жүгіріп, елімізде ислам дінінің қарқынды дамып келе жатқаны баршамызға белгілі. Бұған тәуелсіз мемлекетіміздің аймақтарында жүріп жатқан оң өзгерістер дәлел. Айталық, діни баспалардың ашылуы, бірқатар діни газет-журнал, интернет сайттары, БАҚ-да рухани тақырыптарға мақалалардың көбеюі, телеарналар мен радиода діни бағдарламаларға мүмкіндік беріліп, мектептерде дінтану пәнінің енгізілуі, ауданымыздағы ауыл-ауылдарда мешіттеріміздің бой көтеріп, ішіндегі жамағат қатарының көбейіп, оның ішіндегі, әсіресе, жастардың үлесі мол екендігі қуанарлық жай. Тағы бір айта кетерлік жайт ол діни  әдебиеттеріміздің де молайып келе жатқандығы.

Жоғарыда атап өткендей, дін саласында мақтанып айтатын оң өзгерістер көп кездескенімен көлеңкелі жақтары да жоқ емес. Мәселен, қазір елімізде түрлі жамағаттар бой көтере бастады. Кейбірі бірден ата-бабаларымыздың сан ғасырлардан бері ұстанып келе жатқан салт-дәстүріне шүйлігіп, «батадан кейін бет сипауға болмайды, ол бидғат», «келіннің сәлем салуы ширк», «домбыра тарту күнә» деген секілді «жерден жеті қоян тапқандай» жаңалық ашып, байыпсыз пікірлер таратуды әдетке айналдырды. Осы пікірлерге еріп, дәстүрлі құндылықтарды жатсынып, қырын қарайтындар пайда бола бастағаны жасырын емес. Ал бұның ел ынтымағына қатер төндіріп, мұсылмандардың татулығына сына қағары белгілі.

Бүгінгі таңдағы қоғамда болып жатқан дінге қатысты мәселелердің саяси сипат алуы алаңдатушылық тудырып отырғандығын жасыруға болмайды. Жалпы дін феномені мемлекет тарихында ерекше орын алғандықтан бүгін республикалық жүйедегі зайырлылық ұстанымның рөлі айрықша. Тарихта саяси маңызға ие діни үрдістер болған. Сол сияқты саяси үрдістердің де діни мәнде өзін көрсететін тұстары жоқ емес. Демек, дін мен саясат өзара тығыз байланысты. Осы саланы әрі қарай жетілдіру үшін дін құбылысының қоғамдағы орны мен рөліне ғылыми баға берілуімен ұштастыру қажет деп санаймын. Дінді дұрыс түсінуден туындаған бірнеше проблемалардың ең басында келетіні осы саясат мәселесі.

Дін жер жүзін мекендеген халықтарға тура жол көрсету үшін келген. Ол адамдардың бірлігіне, рухани қажеттіліктерін табуына, құқықтарының қорғалуына, барлық игі істерінің оңғарылуына, ақиқат пен әділдіктің орнығуына жәрдемдеседі деп сенемін.

Сондықтан дін саласындағы мамандар, ауыл, аудан имамдары мен теологтар жұртшылық арасында, әсіресе, жастар арасында үгіт-насихат арқылы халықтың рухани сауатын арттыру мақсатындағы жұмыстарды белсене жүргізулері қажет деп есептеймін. Бұл – үлкен біліктілікті талап ететін, әрбір дін маманының қабілеттілігіне байланысты жауапты міндет.

Ылайым, дінімізге тыныштық, халқымызға амандық тілеймін. Ел іргесі бүтін, ауызбіршілігіміз мықты болсын!

Қ. ЖАНАСБЕКОВ,

«Ардагерлер ұйымы» филиалының төрағасы, Сарқан ауданының «Құрметті азаматы». 

Мәліметпен бөлісу: