Ел болашағы – жастардың қолында

Баянды бақыт таймасын,  халқым басыңнан,

Мол үміт күтем, жас ұрпақ сендей асылдан!                                                     

Елбасымыз Халыққа Жолдауында: Біздің ұрпақ алдында бабалар қол жеткізген игілікті сақтау, қайта қалпына келтірілген мемлекетімізді нығайту және дүниежүзілік қауымдастық талаптарына сай жаңа сапалық деңгейге көтеру міндеті тұр,- деп, жастарға зор сенім мен үміт артып отыр. Сол сенімді ақтап, болашағымызды жарқын ету, елімізді өркендету үшін білімді жастар керек. Кез келген ел өзінің болашағын өскелең ұрпағымен байланыстырады. Әр ұрпақтың пешенесіне жазылған заман ағымы, кезең тынысы болады. ХХІ ғасыр бүгінгі ұрпаққа, яғни жастарға бұйырған – баға жетпес бақыт.

Елімізді өркендетіп, мемлекетімізді көркейту үшін сапалы білім мен саналы тәрбие алу – жастардың басты міндеті екендігін ескергеніміз жөн.

«Елімізді көркейту, оны өзімізден кейінгі ұрпаққа жеткізу – біздің борышымыз деп білем. Ойлаған арманым, алға қойған мақсаттарым көп. Мен жарқын болашаққа сенемін. Болашағымның жарқын болатынын Елбасының сындарлы саясатынан, елімнің тұрақтылығы мен білім саласындағы жетістіктерінен болжап отырмын. Қолымнан келгенше ұлағатты ұстаздардан білім алып, өз біліктілігімді жетілдіруге барымды саламын. Ел боламын десең, бесігіңді түзе,- дегендей, еңсесін енді ғана көтеріп келе жатқан біздің еліміз үшін дарынды, білімді, жігерлі ұрпақтардың орны бөлек. Ал барлық жігер, қайрат, еліміздің болашағы тек жастардың қолында».

Кез келген мемлекеттің болашағы – білімді жастар. Көзі ашық, көкірегі ояу кез-келген білімді ұрпақ өз Отанын дамыту жолында аянбай тер төгеді. Қазіргі бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заманда «жалқаулықты жанға серік етіп жатудың» өзі әбестік. Жалын мен жігерді, ізденіс пен талпынысты талап ететін жастық шақта ел болашағы үшін еңбек ету жастардың басты міндеті.

Бүгінгі жас болашақ Қазақстанның жарқын бейнесі. Жастарды білім жолына салып, түзу жолдан тайдырмай, санаға сәуле шашар оқу білімнің тізгінін ұстату мемлекет пен қоғамның міндеті саналады. Қандай мықты мемлекет болмасын жастардың білімі мен оқу-ағарту ісіне көп көңіл бөледі. Келешектің іргетасын қалау үшін, ең алдымен сол елдің жастарының саналы ұрпақ болып жетілуіне күш салу керек. Осыған байланысты профессорлар мен оқытушылар құрамы да дәл осы бағытта көптеген жұмыстар атқаруда.  Әрбір жастың алаңсыз, білім нәрімен сусындауына барынша жағдай жасалған. Нұрлы болашақтың даңғыл жолында білім мен ғылымды жанына серік еткен  Қазақстанның жастары текті ұлттың ұрпақтары екеніне келер күн мен атқан таң бірден-бір куәгері болмақ.

Қазіргі таңда Қазақстан – өркениетті, дамыған елдер қатарына енген мемлекет.  Тәуелсіздік жастарға жарқын болашаққа жол ашып берді. Осы мемлекетті одан да биіктен көрсету – білімді жастардың қолында.

Құндыз Есбол,

Ақын Сара атындағы орта мектептің 2019 жылғы түлегі.

Мәліметпен бөлісу: