«Электрондық үкіметті» қалыптастыру және дамыту

Өзіңіз мінсіз деп білетін қоғамды елестетуге тырысыңыз. Мықты денсаулық, жақсы жұмыс, қамсыз тірлік, өмір сүруге қолайлы жағдайлар – бұл тізім ұзыннан-ұзақ жалғасуға және жеке басымдықтарға байланысты қажетті аспектілермен толықтырылуы да мүмкін. Әйтсе де, мұндай қоғамның ажырамас бөлшегі тыңдаушы мемлекет болып табылады.

Азаматтар мен мемлекеттің өзара әрекеттестігін ыңғайлы, қарапайым, қолжетімді және түсінікті ету үшін  электрондық үкімет порталын қолдану қажет.

Бұл дегеніміз мемлекеттік қызметтерді алу барынша автоматтандырылған, оңтайландырылған, қоғамның әрбір мүшесіне әлеуметтік коммуникация шығындарын төмендету мақсатына қызмет ететін электронды жүйе.

Еліміздің әрбір азаматы «Электронды үкімет» веб-порталына «пайдаланушы кабинетін» ашу арқылы тіркеле отырып, электрондық цифрлық қолтаңба арқылы электрондық қызметті алу мүмкіндігіне ие болады.

Электрондық үкімет порталы мемлекеттік органдарының жұмысын анағұрлым тиімді, азаматтарға қызметтерді қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Бұрындары әрбір мемлекеттік орган өз бетінше «оқшау өмір сүріп», басқаларымен  байланысқа түсе қоймайтын, ал азаматтардың алуан түрлі анықтама, растама секілді өзге де қағаздарды жинау үшін толып жатқан инстанциялардан  өтуіне тура келетін. Осының барлығы бір ғана қызмет түрін пайдалану үшін толып жатқан мекемелер табалдырығын тоздыруға  мәжбүрлейтін. Бүгінде электрондық үкімет жобаларының арқасында қағаз түрінде көрсетілетін қызметтер күрт төмендеді.

Электрондық үкімет – ақпараттық технологиялар көмегімен ішінара келісушілікті қамтамасыз ететін, мемлекет пен азаматтар арасындағы, сондай-ақ, мемлекеттік органдардың өзара әрекеттестігінің бірыңғай механизмі. Мемлекеттік органдарға кезекті қысқартып, анықтама, куәлік, рұқсат құжаттарын және тағы басқаларын алуды жеңілдетуге әрі жылдамдатуға  мүмкіндік берген де дәл осы механизм.

Қазіргі таңда электрондық цифрлық қолтаңбаны смартфонда сақтай отырып, электрондық үкіметтің мобильдік қосымшасы арқылы онлайн қызметтерді алуға болады. Бұл – кезек күтпей, уақыт үнемдеудің ең тиімді жолы. Бұл Халыққа қызмет көрсету орталықтарына және мемлекеттік қызметтерді көрсететін органдарға баратын адамдардың санын мейлінше азайтады.  Соңғы уақытта облыс тұрғындарының электрондық түрде қызмет алуы күннен күнге ұлғаюда.

Асхат Қасымберкебаев,

«Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің мемлекеттік қызметтер басқармасының бас маманы.

Мәліметпен бөлісу: