Ертеңін ойлаған екпе салдырады дейді аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Алтай Қамиұлы Шылғаубаев

-Тарихқа жүгінсек Сарқан ауданының денсаулық сақтау саласының іргетасы 1920 жылы қаланып, бастапқыда 10 төсектік аурухана деңгейінде көпшілікке  қызмет атқарған көрінеді. Аурухананың алғашқы  бас дәрігері ретінде Петровский Александр Николаевичтің есімі сарқандықтардың жадында қалды. Аудандық ауруханадағы ескерткіш тақта алғашқы дәрігердің құрметіне қойылған.

-Біздің жауапкершілігіміз дәл бүгінгідей карантиндік шектеу кезінде үстемелене түсуде. Жарғақ құлағы күндіз-түні жастыққа тимей тығырықтан шығар жол іздеп, қауіпті дерттің алдын алуға бар білім-білігін, күш-жігерін салып жатқан дәрігерлерге ризашылығым шексіз.

Аудандық аурухананың аумағында 1988 жылдары құрылысы бастау алып, 1991 жылы тоқтап қалған перзентхана ғимараты 105 орындық аурухана мен тәулігіне 100 келімді әйелдер ғимараты болып қайта салынып қолданысқа берілді.

Ауданның денсаулық сақтау саласында хирургия жоғары деңгейде дамуда. Жас мамандар күрделі эндовидеоскопиялық операциялар жасап, халыққа сапалы көмек көрсетуде.  Сонымен қатар, Сарқан ауданының тумасы, медицина ғылымының докторы, профессор  Арын Нұрлан Мұхтарұлы жыл сайын туған өңіріне келіп, республикалық медициналық мекемелерде жасалатын күрделі операциялар арқылы науқастарға жарық сәуле сыйлап, жерлестерінің алғысына бөленуде.  Сонымен қатар аудан хирургтеріне шеберлік  сыныптарын өткізіп, жас мамандарға тәлім – тәрбие көрсетуде.

Бүгінгі таңдағы  пандемияға байланысты аудан ауруханасында коронавирус жұқтырған 332 науқас емделіп, оның  305-і отбасына оралды.  Вирус меңдеген науқастарды емдеп, сауықтыруға үлес қосып жүрген Байжанов Олжас Абдрахманұлы, Булегенов Мурат Айтмуханұлы, Кесекбаева Салтанат Алимханқызы, Каналбеков Жанабек Назарбекұлы, Тажиева Алуа Малікқызы сынды  білімді, тәжірибелері мол, білікті дәрігерлеріміздің және өз міндеттерін мінсіз атқаратын  медбикелеріміздің арқасында айыққан адамдардың барлығы да ақ желеңді абзал жандарға алғыс айтады. “Медицина кәсібі – адамгершіліктің асылы” демекші осындай күрделі  кезеңде өз бастарын қауіпке тігіп, күн демей түн демей науқастардың жанынан табылып, жан жылуын берген ауданымыздың дәрігерлері мен медбикелері өз міндеттеріне адал. 

-«Қызыл аймақтағы» өңірлердің қатары азайса да еліміздегі эпидемиялық ахуалдың толық тұрақтала қоймағанын  күнделікті ақпараттардан естіп келеміз. Індетті жеңу мақсатында ауданымызда коронавирусқа қарсы вакциналау бастапқыда қарқынды жүргізілгенімен, кейінгі уақытта екпіні баяулап қалған сыңайлы. Неге?

– Біздің тарапымыздан атқарылған жұмыстарға қарағанда вакциналау қарқыны күшеюі тиіс еді.  Тұрғындармен тікелей жұмыс атқаратын мекеме, ұйымдардың, сауда орындарының қызметкерлерінің дені екі компонентті вакцинаны толық алды. Тұрғындарды толық қамту үшін тек емханаларда ғана емес, сауда орталықтарында, автобекетте уақытша егу пунктерін ұйымдастырдық. Жұртшылық вакцинаның тиімділігін көріп келеді. Сондықтан бұған дейінгі құлақтарына сіңісті болып қалған жалған ақпаратты қағыс қалдырып, екпе салдырғандар екпіні қарқын алатындығына нық сенімдімін.

Расында да екпе салудың маңыздылығын бағамдаған жұрт ертеңгі күннің қамын ескеруде. Вакцина салдыруға жұртшылық ынталанған сәттерден бері өңірде індет жұқтырушылар саны азая түсуде. Коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу мақсатында Денсаулық сақтау министрлігінің КВИ-мен ауыратын науқастармен байланыста болған адамдар үшін оқшаулаудың міндетті режимін көздейтін санитарлық қағидаларды бекіткені де көпшілік үшін маңызды.

Рас жағдайдың тұрақталуына байланысты бірқатар шектеу шаралары алынып тасталды. Соған қарамастан бетперделік тәртіптен құтылуға асықпай вакцина ектіруге түсіністікпен қарағанымыз абзал.

Жомарт ИГІМАН,

аудандық мәслихаттың депутаты.

Мәліметпен бөлісу: