Еске алу турнирі

Алды артыңа қаратпас ажал сағаты соқса бәріміз де дәрменсізбіз. Адал дос, қимас бауыр, кластас, ақжарқын, ақ көңіл, ақ пейілімен баршамызды баураған КСРО спорт шебері Бақытай Қапсаламовты еске алу шәкірттері үшін дәстүрге айналды.  Биылғы еске алу турнирі Талдықорған қаласында «Жастар» спорт сарайында   өтті. Бұл – 2010 жылдан бері үзілмей өткізіліп келе жатқан Қапсаламов Бақытай Рамазанұлын еске алуға арналған 9-шы ашық чемпионат.  Аталған спорттық  шараға ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Іленұр Барманбеков, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жақында Грузияда өткен спорт ардагерлері арасындағы 62 кг салмақта әлем чемпионы атанған  Қасенқан Қасенғазиев, Бақытайдың аға-әпке, інілері, кластастары, достары, ауылдастары қатысты.

2004-2006 жылдары туылған жасөспірімдер арасындағы Алматы облыстық ашық чемпионатына қарабөгеттік шаруа қожалығының басшысы Б.Әбілқасымов бас демеушілік жасаса, Н.Мырзанов, С.Станов, Б.Жұмасілов, С.Айтқалиев, Т.Бекшетаев қолдау білдірді.    

Қапсаламов Бақытайды еске алу жарысын ұйымдастыруда шәкірті, Қазақстан Республи-касының спорт шебері Мәулен Мағамбетов, «Жастар» спорт сарайында жаттықтырушы, ауылы-мыздың азаматы, Қазақстан Республикасының спорт шебері Тимур Нысанқұлов көп еңбек сіңірді. Мәулен Амантайұлы қазіргі кезде Қарабөгет ауылынан грек-рим күресінен 17 спорт шеберлігіне үміткер оқушылар дайындады. Облыстық спорт мектебінде 2 шәкірті оқиды. Шәкірті Ерболатов Әділ Қазақстан Республикасының құрамасында, Нұрсұлтан қаласында. Қарабөгет ауылындағы әл-Фараби атындағы орта мектептің оқушылары Амантай  Марғұлан  (4 сынып оқушысы, 22 кг)  ІІ орын, Жанұзақ Марлен  (8 сынып оқушысы, 41 кг) ІІ орын,  Нұртай Руслан (9 сынып оқушысы, 44 кг) ІІІ орын алды.

 Осы чемпионатта жүлделі  орын алған оқушыларды спорт ардагері, КСРО спорт шебері Баймаман Тлеубаев, аудандық спорт мектебінің директоры, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ғазиз Серікбаев, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушылары Әлімхан Тумбаев, Іленұр Барманбеков марапаттады.

Байжан Сейітқұл.

Қарабөгет ауылы

Мәліметпен бөлісу: