Этносаралық келісім – дамудың негізі

Осындай атау аясында жуырда аудандық мәдениет үйінде Сарқан аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің форумы болып өтті. Ауқымды басқосуға Алматы облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Оралбек Жақиянов, аудан басшылары, сан түрлі ұлт өкілдері, ардагерлер, дін қызметкерлері, жастар және әлеуметтің түрлі топтары жиналды. Мәдениет үйінің кіреберісіне түрлі этностардың рухани құндылықтары көрмеге қойылып, көрермендерін айрықша әсерге бөледі. Көз жауын алатын көрме Елбасы Н.Назарбаев айтқан «Біздің Отанымыз – ортақ, тілегіміз – бір, мақсатымыз – жалғыз. Ол – жері жұмақ, елі бақытты Отанымыз, Қазақстанымыз» деген тағылымды тағы бір мәрте қуаттағандай.

Шараның ресми бөлігінде негізгі баяндаманы аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Қадыл Жанасбеков жасады. Баяндамашы өз сөзінде аталмыш кеңестің жұмыс жоспарына сай өңірде атқарылып жатқан шаруаларды көпшілік назарына ұсынды. Қосымша баяндама жасаған аудандық аналар кеңесінің төрайымы Күлшарбан Қалиева медиатор ретінде бірқатар ілкімді істердің жолға қойылғандығын тілге тиек етті.

Сондай-ақ ардагер-журналист Руфина Габайдуллина, Қарашыған ауылдық округі бойынша Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Владимир Шермаль, «Зарянка» этномәдени орталығының жетекшісі Татьяна Лебедева сахнаға көтеріліп, күн тәртібіндегі мәселеге орай ойларын ортаға салды.

Қоғамдық келісім кеңесінің құзіретін кеңейткен мүмкіндіктер облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Оралбек Нұрсейітұлының сөзінен желі тартып, медиация орталықтарының мәйекті жұмыстары, жастармен үндестік, сабақтастық қашанда назарда болатындығы айтылды. Форум отырысының нәтижесінде аудан тұрғындарына үндеу жасалып, оның жобасын көпшілік бірауыздан қабылдады. Расында да тұрақтылық – табан тірейтін тұғырымыз. Ал бірлік – баға жетпес басты байлығымыз. Ұлт пен ұлысты ұйыстырып, ұғыстыра білген, түрлі халықтың тағдырын тоғыстырып, тұтастығын сақтаған Қазақстан біздің ортақ отанымыз. Көп көкейіне, сан түрлі ұлт санасына осындай ой ұялады.

 Шараны аудан әкімі Марат Разбеков қорытындылап, ауданымыздың тұрақты дамуында ұлтаралық келісімнің рөлі зор екендігін айрықша атап өтті. Осынау ортақ іске өзіндік үлес қосып жүрген жандар аудан басшысының құрметіне ие болды. Келесі кезекте әсем әуен, сырлы саз көрермен көңілін шарықтатты.

П.Жеңісхан.

Мәліметпен бөлісу: