Іле ауданының үш жаңа мектебінде алғашқы қоңырау соғылды

Іле ауданында үш мектептің құрылысы толықтай аяқталып, Білім күні оқушыларға есігін айқара ашты. Жаңадан бой көтерген оқу ордаларында алғашқы қоңырау соғылып, бірінші сыныпқа барған бүлдіршіндер сәулетті де сәнді ғимараттың табалдырығын қуана-қуана аттады. Айтулы шараға Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов қатысты. Бұл туралы “Жетісу” газетінің тілшісі хабарлады.

Ең алдымен, Қараой ауылындағы мектептің ашылу салтанаты болды. Аталған елдімекенде осыған дейін бір ғана мектеп жұмыс істеген. Онда 2000 оқушы амалсыз үш ауысымдық жүйеде оқып келген. Енді міне жаңадан ашылған білім шаңырағы бұл мәселені түбегейлі шешіп, ата-аналар мен оқушылардың қуанышын еселеді.

Мектеп құрылысы 2019 жылы басталыпты. Оған бюджеттен 2,8 миллиард теңге бөлінген.«Construction Company» ЖШС қолға алған жұмыстарды жоспарға сәйкес сапалы жүргізген.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов ұстаздар қауымы мен оқушыларды білім күнімен құттықтады.

– Бүгін облыста 438 мың оқушы алтын ұя – мектебімен қайта қауышып отыр. 47 мың бүлдіршін бірінші сыныпқа қабылданды. Бұл біз үшін зор қуаныш. Өйткені ұрпақтың өсіп-өнуі – ел болашығының кепілі. Биылғы оқу жылы сіздер үшін ерекше. Себебі, балалар жаңа мектеп ғимаратына көшіп, шат-шадыман күйге бөленуде. Мұнда оқушылардың сапалы білім алуына бар жағдай жасалған. Білімді, білікті жастарымыз көп болса – еліміздің ертеңі де жарқын болады, – деп ізгі лебізін білдірген Батыржан Құлаймергенұлы мектеп табалдырығын алғаш рет аттаған балаларға өз қолымен әліппе оқулығын табыс етті.

Бұдан кейін «Construction Company АК» ЖШС президенті Қайрат Сандықбаев мектеп директоры Айгүл Уәлибаеваға білім шаңырағының символдық кілтін табыстады. Қараой ауылдық округі ардагерлер кеңісінің төрайымы Болат Мұхамеджанқызы ақ батасын арнады.

Жиналғандар білім шаңырағының лентасын қиып, ішке енді. 900 орындық жаңа мектеп кең де жарық. Сынып бөлмелері талапқа сай. Акт залы, спорт залы, мұғалімдер бөлмесі керекті құралдармен жабдықталған. Асхана, шеберхана, кітапхана да көрген жанды сүйіндіреді. Бір сөзбен айтқанда, мұнда оқушылар енді алаңсыз білім алады.

– 750 оқушымыз жаңа мектептің есігін ашып отыр. 88 бүлдіршін бірінші сыныпқа барды. Енді оқушылардың білім алуына осындағы 80 мұғалім қалтқысыз қызмет етеді. Ең бастысы, үш ауысымдық оқудан біржолата құтылдық, – дейді мектеп директоры Айгүл Уәлибаева.

Дәл осындай қуанышты жаңалыққа Қосөзен ауылы мен Боралдай кентіне барғанда куә болдық. Қосөзен елді мекенінде жаңадан салынған 600 орынды мектепте алғашқы қоңырау соғылды. Бұл білім шаңырағын Қараойдағы мектепті салған «Construction Company АК» ЖШС міндетіне алып, құрылыс жұмыстарын толықтай бітірген. Боралдай кентінде бой көтерген 300 орынды мектеп те алыстан көз тартады. Ғимарат құрылысын «Алматы CONSTRACTION БМ» ЖШС қолға алып, сапалы аяқтаған.

Міне, сөйтіп Іле ауданында бір күнде үш мектептің тұсауы кесілді.

Қуанса, бала қуансын! Жас балғындардың бал-бұл жайнаған жүздерін көріп сүйсінесің. Олар бірін-бірі құшағына алып, мәре-сәре болып жатыр. Өйтпегенде ше? Коронавирус індетінің кесірінен бір жыл бойы мектеп көрмей, үйде оқыған оңай емес. Ұстаздарды да, оқушыларды да, ата-аналарды да әбден сансыратты. Балалардың сыңғырлаған күлкілері жаңа мектеп ішін одан сайын жарықтандыра түскендей әсерге бөледі. Жиналғандар енді ешқашан балалар мектебінен қол үзбей, бұрынғыдай мамыражай күн туса екен деп тарқасты.

Болат МӘЖИТ

Фото – автор

Іле ауданы

Алматы облысы

Мәліметпен бөлісу: