Індетті жою-міндет 

Бүгінде әлем халқын алаңдатып отырған індет – адамзаттың басына түскен ауыр сынақ. Ұлттық негіз, берік сенім бойымызда бар кезде бұл қиындықтың да еңсерілетініне сенім мол. Еліміздегі сақтық шаралары, алдын алу жұмыстары бұл індетті жеңуге мүмкіндік береді. Сарқан өңірінде аудан әкімі Марат Разбековтың басшылығымен төтенше жағдайға орай қалың елді кеселден сақтап қалудың барлық мүмкіндіктері қарастырылуда. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын қада-ғалау, жұртшылықпен жұмыс атқаратын қоғамдық орындарда қауіпсіздікті сақтау аудандық штабтың тұрақты назарында. Сонымен қатар аудан орталығында коронавирустың таралуына жол бермеу, қатердің алдын-алу мақсатында өңірдегі елді-мекендерді залалсыздандыру жұмыстары қолға алынды. 

– Алматы облысында коронавирус індетінің тіркелуіне байланысты  ауданымызда күшейтілген режим енгізілді,-деді өз мәлімдемесінде аудан әкімі Марат Разбеков.- Яғни, жәрмеңкелер өткізілмейді, азық-түліктік емес сауда орталықтары, бизнес-орталықтар, интернет және компьютерлік клубтар, базарлар, тамақтану орындары, діни маңыздағы нысандар мен жекеменшік балабақшалар жұмысы уақытша тоқтайды.

Кәмелеттік жасқа толмағандар да ата-анасынсыз өз бетімен сыртта жүре алмайды. Саябақ, сквер, орталық алаң сияқты халық көп жиналатын орындарға баруға болмайды. Ол жерлер полиция тарапынан қатаң бақылауға алынатын болады. Азық-түлік дүкендері мен дәріханалардың жұмыс уақыты,  ал екінші деңгейлі банктердің, пошта байланысы, жеке нотариустардың қызметтері шектелді.

Марат Мелісұлы азық-түлік қауіпсіздігін қадағалау, тәртіпті жолға қою және дезинфекциялау жұмыстарының  елімізде жарияланған төтенше жағдай режимі аяқталғанға дейін жалғасатындығын атап көрсетті.

Жұрт өздерінің денсаулығы, балаларының келешегі үшін сақтық шараларына жұмылуда. Дегенмен азық-түлік бағасын арттыратын сауда нүктелерінің,  тасымал құны есебінен еселеп пайда тапқысы келіп жүрген жолаушыларды қалааралық маршруттарға тасымалдайтын таксистердің кездесіп қалатындығы ертеңінен үміт күткен көпшілікті қынжылтпай қоймайды.

Бұл – көптің басына түскен зауал. Талай тағдырлы сәттерге куә болған қарт тарих мұндай тығырықтан қанағат, рахым, тәртіп пен сабыр ғана алып шығатындығын алға тартады. Тарих сабағын ұмытпайық, ағайын!

Жомарт ИГІМАН,

аудандық мәслихаттың

депутаты. 

Мәліметпен бөлісу: