Ізгілікті қоғамға барар жолда

Президент ұсынған жаңғыртулар қазақстандықтарды сан ғасырлық тарих пен мәдениеттегі, ұлттық сана мен білім саласындағы рухани сілкіністерге жетелейді. Елбасының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласынан туындайтын ойлар бір-бірімен үндес келеді.

Елбасы мақаласындағы “ұлттық сана, ұлттық бірегейлік”, “ұлттық код”, “бәсекелік қабілеттілік”, “ұлттық прагматизм”, “білім”, “эволюциялық жолмен даму”, “жаңа ұлттық әліпби”, “жаңа гуманитарлық оқулық”, “туған жеріңді таны”, “Қазақстанның рухани құндылықтары” деген көңілге жақын сөздер баршамызды серпілтті. Біз көптен күткен үлкен жаңалық болды. Мұны әр қазақтың, қазақстандықтардың даму болашағы деп қабылдадық.

Аудандық мәслихаттың депутаттар корпусы сайлаушылармен жүздескенде рухани жаңғыру бағытындағы аудан аумағында қолға алынған ізгі істерді өз сөздеріне арқау етеді. Негізгі бағытымыз ұлт және рух ұғымындағы басты ерекшеліктерді көпшілік көкейіне сіңіру арқылы елдік мұратты түсіндіру болып табылады. Президент атап көрсеткендей, білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет. Білім көзі – кітапта. Қазіргілер сананы жаңғыртудың орнына интернетке байланып барады. Мұның алдын алу үшін сыртқы дүниеге бағынбауымыз қажет. Ғаламдастыру дәуірінде салт-дәстүрімізді, ұлттық болмысымызды сақтай отырып, өркениет жетістіктерін жатсынбай қабылдай білуге үйренгеніміз жөн. Ұлттық-рухани тамырды сақтап қалатын – ұлттық салт-дәстүрлеріміз, жөн-жоралғыларымыз, тіліміз және музыкамыз. “Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар” екендігін еске сақтап, озығына ұмтылсақ, етектен тартқандарын ұғымымыздан, танымымыздан аластатсақ абзал. Ең бастысы замандастарымыздың өркениетке құлаш ұрған мемлекетіміздің талабына сай іскерлікке, білімділікке ұмтылуын жан-жақты қолдауымыз маңызды.

Жомарт ИГІМАН,
аудандық мәслихаттың депутаты,
“Нұр Отан” партиясы аудандық филиалы фракциясының мүшесі.

Мәліметпен бөлісу: