Үйірменің үйретері көп

Осынау техниканың жетілген заманауи кезеңінде  білім аламын деп келешекке құлшына қол созған жастарға Елбасымыз  кеңінен жол ашып берді. Қазір заман білімді жастардікі дегендей  цифрлы  Қазақстанмен  бірге еліміздің үкілі үмітін ақтар, кемелденген келешегіміздің тұтқасын ұстар жастарымыздың білімді болуына  «Нұр Отан» жетекшілік етіп, қолдау көрсетіп отыр.

Осындай бір игі іс-шараның арқасында Сарқан қаласындағы Н.Островский атындағы мектеп-лицейінде ІТ-сынып ашылып «Балалар үшін тегін ІТ-сынып» жобасы аясында жұмыс жүргізілуде. Мектеп-лицейінде  ашылған ІТ-сыныбына мектеп оқушыларының 40%  қатысуда. Мұнда әртүрлі электронды құралдар,  робототехника жинақтары, жоғарғы  жылдамдықты интернет, яғни үйренемін деген жасқа барлық жағдай жасалған. Енді оқушылар қарапайым алгоритм құрумен қатар, бағдарламалар тізімін, ойындар мен Web сайттарды жасап шығара алады. Оқушылар төрт бағыт бойынша оқытылады: инженерия, робототехника, бағдарламалау, модельдеу. Сонымен қатар түрлі құрылғыларды құрастыру  арқылы да  жұмыс жасайтын болады. ІТ-сыныбындағы жұмыс  бағдарламасы оқушылардың жас  ерекшеліктерін  ескере отырып  жүргізіледі. Атап айтатын болсақ, 8-10 жас аралығындағы оқушылар Scretch бағдарламасымен алгоритмдер, lego  конструкторымен қарапайым роботтар құрайды. 10-12 жастағы оқушылар Python,  12-16 жастағы оқушылар С++, Java, Ruby   бағдарламасымен жұмыс жасайды.

Жуырда «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Аслан Кубентаев, аудандық мәслихаттың депутаты Жомарт Игіман мектеп-лицейде болып, робототехника үйірмесіне  қатысып жүрген оқушыларға өз кеңес-пікірлерін білдіріп, жұмыстарымен танысты. Әсіресе Тұрсын Ерсайын мен Айдосұлы Әділеттің Arduini uno бағдарламасында  «Бағдаршам» тәжірибелік жұмысын, Жеңіс Елнұр мен Мұса ИбраҺимнің  «Танк-навигатор» роботын,  Айдосұлы Ерлік пен Жұмағазы Алидің  «Суммо» роботын  жасағандарын көріп  дән риза болды.

Бұл орайда  шәкірттерге өз білгендерін үйретіп, ізденіс пен тапқырлыққа баулып дәріс беріп жүрген ұстаздар қауымына Сая Дюсеханова, Индира Тайменкенова және лаборатория меңгерушісі Дастан Бисмаковқа айтар алғысымыз шексіз. 

Өз тілшіміз.

Мәліметпен бөлісу: