Көкейкесті мәселелер қаралды

Аудандық әкімдіктің кіші мәжіліс залында аудан әкімі Талғат Қайнарбековтың төрағалығымен әкімдіктің кезекті  отырысы өткізілді.

Мекеме-бөлім басшылары және қала, ауылдық округ әкімдері онлайн түрде қатысқан келелі кеңес отырысында көкейкесті мәселелер көтерілді.Осы жиында  ауданның 2020 жылдың І – жартыжылдығындағы әлеуметтік – экономикалық дамуының қорытындылары және ІІІ тоқсандағы міндеттері тағы бір мәрте айқындалды. Сондай-ақ күзгі-қысқы  жылыту маусымына дайындық барысы, «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары, аудан бойынша эпидемиологиялық жағдай, жаңа оқу жылына дайындық барысы және ауыл шаруашылығы бағытындағы жұмыстар талқыланды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Жомарт Мыңбаев басты салалардың бүгінгі таңдағы жай-күйін жан-жақты ашып көрсетті.  Жомарт Құситқанұлы аудан экономикасының өзегіне айналған сүбелі салалардағы жетістіктермен қатар керітартпа кемшіліктерді де бүкпесіз ортаға салды.

Аграрлық салаға арқа сүйеген аудан үшін күзгі жиын-терін науқанына әзірлік – айырықша маңызды. Жауапты шаққа жауапкершілікпен қарау жайы аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Жандос Өмірсадық баяндамасынан желі тартты. Зор сенім жүктейтін қант қызылшасының егістік ауқымын ұлғайту, ауыл шаруашылық техникаларының, сервистік дайындық орталықтарының кезекті науқанға дайындық барысы мінбер иесінің айтар сөзіне арқау болды.

Ал күн тәртібіндегі «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары, аудан бойынша эпидемиологиялық жағдай, жаңа оқу жылына дайындық барысы жайында жауапты мекеме – бөлім басшылары хабарлама жасады.

Жиын қорытындысында  Талғат Қанатұлы күн тәртібіндегі мәселелер бойынша бірқатар жауапты жетекшілердің жұмыстарына сын айтты,  нақты тапсырмалар жүктеді.

Мәліметпен бөлісу: