Көлік салығы бойынша салық берешегін өндіріп алу

Сарқан ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы хабарлайды, автокөлік санының көбеюімен көлік салығын төлеушілер саны да өсуде. Алайда көлік құралдарына салықты уақытылы төлемейтін жеке тұлғалар бар.

Салық Кодексінің нормасына сәйкес 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық органдары сот орындаушыларына материалдарды бере отырып, берешекті өндіріп алу туралы салық бұйрықтарын шығаруға құқылы. Одан әрі сот орындаушылары салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу, соның ішінде ҚР аумағынан тыс жерлерге шығуға тыйым салу, мүлікке, көлікке, борышкердің банктік шоттарына тыйым салу, берешекті өтегенге дейін жүргізуші куәлігінің қолданылуын тоқтата тұру бойынша барлық шараларды қабылдайды.

Сарқан ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлері және жеке сот орындаушысы Дидар Тукановпен, “Нұр Отан” партиясы өкілімен, 2019 жылы 11 наурызда көлік салығы бойынша салық берешегін  өндіріп алу бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізу арқылы айыппұл тұрағына автокөліктерді қою  жұмыстарын жүргізді. Рейдті жүргізу барысында 2015-2018 жылдары қарызы 36219 мың теңгені құраған LADA-21144 маркалы автокөлік айыппұл тұрағына қойылды.

Аталмыш көлік иесінің Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығуға, сондай-ақ жеке тұлғаның банктік шоттарына тыйым салынды.

Осындай рейдтік шараларды өткізу салық берешегін жинауды қамтамасыз ету құралдарының бірі болып табылады. Сарқан ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы  мәжбүрлеу шараларын қолдануды болдырмау үшін көлік салығы бойынша берешегі бар барлық автокөлік иелерін салық төлеуге шақырады. Салық бойынша берешектің бар-жоғын ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтында тексеруге болады: www.kgd.gov.kz “электрондық сервис/салық берешегінің болмауы (болуы) туралы мәліметтер” бөлімінде. Жеке тұлғалардың жергілікті салықтарына қатысты сұрақтар бойынша Сарқан ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасына хабарласуларыңызды сұраймыз.

Өз тілшіміз.

Мәліметпен бөлісу: